Білім саласында былық көп. Оны Қызылордада өткен мәжіліс айғақтап берді
ҚЫЗЫЛОРДА. 29 қаңтар. Қызылорда облыстық білім басқармасында бүгін өткізілген кеңейтілген мәжіліс білім саласын батпан былықтың кең көсіліп жайлап алғанына тағы көз жеткіздірді. Бұл туралы әлеуметтік желі дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Жиынның жайын белгілі блогер-журналист Үйтолған Жареке бірсыпыра талдап жазды. Расында облыс бюджетінің 44,8 пайызына ие болып отырған білім саласында былық көп көрінеді. Басқармаға жақында келген басшы Асқарбек Есжанов үш ай бойы саланың есеп-қисап дүниесін мұқият, жан-жақты, тереңдетіп зерттеп, тексеріп шығу арқылы былық-шылықтың ауқымы мен нүктелерін анықтап шыққан. Әлбетте, мұның бәрі кеше мен бүгіннің топалаңы емес, бұлардың жылдар бойы жиналып, қордаланып, біріне бірі ұштасып, шомыр болып қатып қалған томырықты тоң екені түсінікті нәрсе. Демек, оларды жойып, жөнге келтірудің өзіне айтарлықтай уақыт керек.
Білім басқармасы басшысының тағы бір түйінді тұжырымы кешкі мектептерді жабуға қатысты болды. Көп жылдардан бері саланың соқыршегіндей шұбатылып келе жатқан бұл жүйенің ендігі жерде ешқандай пайдасы да, тиімділігі де болмайтынын Асқарбек Темірбекұлы дөп басып айтты. Осы ретте журналист Үйтолған Жарекенің «Есжановтың кешкі мектептер жабылады деген шешімі орынды. Себебі, олардың тиімділігі жоқ десе де болады. Бар болғаны кәдімгі мектептердегі екіқабат болған, тәртіп бұзған оқушыларды сырғытып жіберетін орын функциясын ғана атқарып келді» деген топшылауымен келіспеу қиын.
Блогер өз жазбасында мектеп директорларынан бастап қылмысты, құқық бұзушыны жасыратынын алға тартады. Мектептің көрсеткішін қолдан үздік жасау мақсатында. Бұл енді көзбояушылықтың нағыз өзі. «Сол аумақтағы полиция пункттерімен ымыраласып, есепке қойдырмайды. Оның аяғы үлкен қылмыстарға апарып соқтыратынына да бас ауыртпайды», – дейді автор бұдан әрі. Мұнысы да рас. Сондай «жасырып-бүркемелеудің» салдарынан облыста өткен жылы оқушылар арасында 8 суицидке жол берілген. Тағы 5 суицидке оқталу фактісі тіркелген. Ең бір сорақы жағдай, № 261 мектепке практикадан өтуге келген студент пен оқушының әуейі болуларының соңы суицидпен аяқталған. Прокурордың орынбасары Нұрболат Дүйсенбаевтың айтуынша, осы мектептегі қауіпсіздік мәселесі де олқы екен. «Зиян жасаймын деген қара ниеттілер болған жағдайда кез-келген құралдармен еркін кіріп-шығуға болатынын көрсетті» деді ол хабарламасында.
Жиында педагогтың әдеп нормасы мен мектептердегі кадр алу мәселелері де сөз болды.