Президент Алматыдағы зілзалаға тиісті органдар дайын болмағанын айтты
АЛМАТЫ. 25 қаңтар. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Алматыда сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері бойынша кеңес өткізді. Бұл туралы Zakon.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, 25 қаңтарда оңтүстік менаполисте Мемлекет басшысының төрағалығымен сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері жөнінде кеңес өткен.
Жиынға Президент Әкімшілігінің, Қауіпсіздік кеңесінің басшылары, Үкімет мүшелері, қалалар мен облыстар әкімдері, сондай-ақ облыстық төтенше жағдайлар департаменттерінің басшылары қатысты.
Отырыста Қасым-Жомарт Тоқаев ел аумағының үштен бір бөлігінде жер сілкінісі қаупі бар екеніне тоқталды. Сейсмологиялық станциялар соңғы 5 жылда 45 мыңнан астам дүмпу жағдайын тіркеген. Оның көбі төмен балдық жер сілкіністері болған.
«Бірақ, ашығын айту керек, Алматыда болған төтенше жағдай кезінде тиісті органдар шұғыл әрекет етуге толық дайын болған жоқ. Ал қала тұрғындары не істерін білмей, абдырап қалды. Дегенмен бұл жиынның басты мақсаты – сын айту емес, нақты шешімдер қабылдау. Мысалы, жұрттың көпшілігінде «төтенше жағдайға қажетті чемодан» да жоқ болып шықты. Тиісті оқу-үйрету шаралары мектептен, тіпті балабақшадан басталуы керек. Бұрын Алматыда осындай тәжірибе болған. Соны қайта жаңғырту қажет. Себебі, қазір азаматтарды төтенше жағдайға дайындау жүйесі талапқа сай емес. Құзырлы органдар халыққа жан-жақты түсіндіру жұмысын жүргізуге тиіс. Оқу орындарында, мемлекеттік мекемелерде тұрақты жаттығу өткізіп тұру қажет. Бұл – өте маңызды. Осы жұмысты дереу қолға алу керек», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Мемлекет басшысы осының сыңайында кейбір басшылардың «көтере алмайтын шоқпарды беліне байлап жүргенін» де сыпайы аңғартып өтті. Мұндай жағдайда олардың бұрын атқарып келген лауазымына қайта баруына болатынын да ескертті.
Президент азаматтарды төтенше жағдайларға дайындаудың қазіргі жүйесі талапқа сай емес екенін сынға алды. Зілзала уәкілетті органдар жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, оқу орындарында және мемлекеттік органдарда жүйелі түрде оқыту жұмыстарын жүргізуі тиіс екенін байқатып берді.