Жаңалықтар жаңғырығыЖаһан

Соғыста қаза тапқан астраханьдықтардың көбі – қазақтар мен татарлар

КИЕВ. 12 наурыз. Британия барлау қызметінің мәліметінше, Украинада қаза тапқан Астрахань облысы тұрғындарының 75 пайызын қазақтар мен татарлар құрайды. Бұл туралы «Европейская правдаға» сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.

«Ресей соғыста орасан зор ауыр шығындарға ұшырап жатыр», – деп баяндады Лондонның тыңшылары.

Украина Қарулы күштері бас штабының мәліметіне сүйенген «Украинская правданың» хабарлауынша, сенбі күні отан қорғаушылар тағы да мыңнан аса оккупантты, дәлірегі, 1 090 дұшпанды жер жастандырған. Сонымен, РФ армиясының былтырғы 24 ақпаннан бері опат болған жауынгерлерінің жалпы саны 159 090 адамға жетті.

Британия барлауы РФ-ның Украинаға қарсы соғысындағы адам шығыны тұрғысынан қарағанда, Мәскеу мен Санкт-Петербургтің әлі салыстырмалы түрде залалсыз, сау-саламат, аман-есен қалыпта қалып тұрғанын атап көрсетті, болашақта да олар соғыстан мейлінше оқшауланған аймақтар мәртебесін сақтай беретіні басты мәселеге айналатын түрі бар.

Ұлыбритания қорғаныс министрлігінің барлау деректеріне сай жасаған шолуында Ресей соғыста төтенше ауыр шығындарға ұшырауды жалғастырып келеді, бірақ мұның зардаптары елдің әр аймағында әр алуан түрлі болып көрініс беріп тұрғаны көзге ұрып тұр.

«Ресейдің ең бай қалалары – Мәскеу мен Санкт-Петербург өз тұрғындарының санына сәйкес, салыстырмалы түрде ешқандай залал шекпеген өңірлер болып қалып тұр. Бұл, әсіресе, елдің элитасына қатысты», – делінген шолуда.

2023 жылғы 21 ақпанда Ресей шенеуніктері президент Путиннің Федералды жиналыста ұлттың ахуалы туралы сөйлеген сөзінен кейін онымен бірге аудиторияның алдыңғы екі қатары болып суретке түсті. Міне, осы рәсімге іліккендердің бірде-бірінің баласы қазір армия қатарында қызмет кетіп жүрген жоқ.

«Елдің шығыстағы көптеген өңірлерінде тұрғындар санының өлім мөлшері 30 пайызға дейін жетеді және ол Мәскеудегіден әлденеше есеге көп. Сырттағы кей жерлерде де соғыс зардабын саны басым орыстар емес, этникалық азшылық жұрттар тартып жатыр: мәселен, Астраханьда соғысқа барып, оққа ұшқан боздақтардың 75 пайызы жергілікті қазақ және татар тұрғындардың үлесіне тиеді», – деп атап көрсетті Британия қорғаныс министрлігі.

«Ресей қорғаныс министрлігінің Ресей қоғамының ауқатты және ықпалды элементтерін оқшаулап қойып, жеке құрамның ұдайы болып тұратын жетіспеушілігі проблемасын шешуге әрекет жасауы, шамасы, соғыстағы басты мәселе болып қала беретін шығар», – делінген шолуда.

Америка барлау қызметі Ресейдің 2023 жылы Украинаның айтарлықтай территориясын басып алуға қару-жарақтары мен оқ-дәрілері жетіспейді, сондықтан ол соғысты соза отырып, бұған дейін жаулап алынған жерлерді ұстап қалу стратегиясына көшуге мәжбүр болады деп есептейді.

 

Ескерту!  

rast.kz сайтының кез келген материалын редакцияның арнайы рұқсатынсыз көшіріп алып жариялауға тыйым салынады. Плагиат жасаушы «Авторлық құқық туралы» Заңға сәйкес қудаланады.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button