Жаңалықтар жаңғырығыТаным

Әлім баба тарихи тұлға ма?

Тарихтан – тәбәрік

Ұлттық сананы қалыптастырудың негізі-тарихи санадан бастау алады десек, ата-бабаларымыздың ақиқатты арқау еткен жанды өмірбаянын, олардың өткерген оқиғалары мен атқарған ерлік істерін біліп өскен ұрпақ ғана тарих тағылымын бойына сіңіре алады. Соңғы кезде әлеуметтік желі беттерінде ұлт тағдырына жанашыр, көкірек көзі ояу зиялы азаматтардың қазақты құраған ру-тайпалардың ішінде төл тарихымызда алар орны мен рөлі ықпалды саналатын Әлімдер қауымына есімі берілген ұлы тұлғаның жете зерттелмей, өз дәрежесінде ұлықталмай келе жатқаны жайлы әр алуан пікірлер айтылуда олардың ішінде Әлім жайлы дәйекті жазба деректер болмауына байланысты ойдан шығарылған деген пікірлер де бар.

Төменде осы тақырыпқа байланысты арал өңірінің арғы бергі тарихын зерттеп зерделеп қалам тербеп жүрген тарихшы-өлкетанушы, ардагер ұстаз Үргенішбай Қуатовтың осы мәселеге қызығушылық танытатын оқырманға ой саларлық мақаласын жариялап отырмыз.

«Қазақ халқының әрбір жеке руының шығу тарихын алдын-ала зерттемей, білмей халқымыздың тарихи тағдырының жарқын көрінісін көзге елестету мүмкін емес» деп белгілі қазақ тарихшысы, Алаш ардақтысы М. Тынышбаев атап көрсеткендей, қазақ халқы тарихының рулық-тайпалық құрылымдарымен тығыз байланысты екенін ешкім де жоққа шығара алмайды. Өйткені, ұлттық тарихымыздағы тайпалық-рулық қауымдастықтың түп-төркіні біздің заманымызға дейінгі мыңжылдықтардан бастау алып, ата-бабалырымыздың саяси-әлеуметтік өмірімен тығыз да біте қайнаса өрбіп өрістеп келе жатқан құбылыс. Сондықтан қазақ бар жерде ру айтылатыны – өмір шындығы, біз қаласақ та, қаламасақ та, бұл біздің ұлтымыздың табиғи болмысы мен тарихына тән сипат болып табылады. Осы тұрғыдан алғанда ұлтымыздың тарихындағы әрбір рудың орнын және рөлін айқындау тарихымызды түгендеу ғана емес, халқымыздың ұлттық тарихи ерекшеліктерін де ескеру болып табылады. Өйткені, бұл күндері әркімнің өз руын ғана дәріптейтін көзқарастағы заманы өткен, керісінше әрбір азамат өзінің рулас ата-бабасының ұлтымыздың өркендеуіне қосқан үлесін айқындап, дұрыс пайымдайтын уақыт басталды.

Біздің пікірімізше, сан жылдарға созылған тарихи даму барысында рулардың тайпаға бірігіп, тайпа одақтарының ұйысып ұлт болып құралатыны сияқты, ерекшеліктерін ескере отырып ел аузында аты қалған тарихи тұлғаларды да туған ұлтының тарихынан жеке дара бөліп қарамауымыз керек. Ондағы мақсат – біз кімбіз, біз қайдан келдік, ата-тегіміз кім, олар қандай жерді мекендеген, қандай мемлекет құрамында болған? Бабаларымыз ел тарихына қандай үлес қосқан? Ұлтымызға қорған болған қандай көсем билеріміз бен батырларымыз, ел-жұртына мәшһүр қандай ғалым, ақын-жырау бабаларымыз болған деген сауалдарға жауап табу.

Тарихшы ғалымдарымыздың пайымдауынша, Кіші жүзге балама ретінде айтылатын Алшын атауы уақыт салған өзгерістерге сәйкес бертін келе тарихи әдебиеттерде Қаракесек тайпа бірлестігі деген атаумен алмастырыла бастаған. Оған 1710 жылғы Жоңғар шапқыншылғына қарсы қарулы күресті бірлесе ұйымдастыру жайлы Арал маңы Қарақұмында өткізілген Құрылтай жиынының « Қаракесек сиезі» деген атаумен белгілі болғандығы дәлел. Ал тайпалық одақтың Әлім (Алты ата Әлім) аталуы тарихшы ғалымдарымыздың пікірінше Әбілқайыр хан кезінен бастап айтыла бастағаны, ал оған негіз болған себептер тайпалық одақтың этникалық, географиялық және әкімшілік тұрғысында да жаңа мағыналарға ие болған жағдайларымен түсіндіріліп жүр.

Осыған байланысты біздің алдымызда қазақ қауымында өзіндік орны бар іргелі тайпа атауының қайдан шыққандығы жайлы үлкен сұрақтың туындайтыны сөзсіз. Бұл күндері тәуелсіз еліміздің өсіп өркендеуіне өлшеушіз үлес қосып отырған милиондаған ұрпақтары бар ел жұртының түп атасы болып есептелетін Әлім бабамыз кім болған? Егер өмірде болған тарихи тұлға болса қай кездері, қай жерде ғұмыр кешкен, артында қандай айтулы сөздері мен игілікті істері қалған, керек десе ұлы бабамыздың асыл сүйегінің қай жерде қалғаны жайлы сансыз сұрақтардың кім кімді де ойландыратыны сөзсіз. Өйткені, халқымыз Әлімнен өрген небір данышпан билер мен қол бастаған батырлардың, ақын жыраулар мен айтулы адамдардың өмір деректерін зерттеп, жақсы біліп ұлықтап жатамыз. Десе де, осы тайпаның түпатасы саналатын Әлім жөнінде білетініміз мардымсыз. Салыстыра айтсақ, қазақ тарихындағы белді белді ру тайпалардың түп аталары болып саналатын Ақжол, Бәйдібек, Төлегетай, т.б. сынды бабалар жайлы жария болған мағұлматтар жетіп артылады. Олардың ұлық есімдері әркез құрметтеліп, бетбейнелері мен ғұмыр деректері қағаз бетіне түсіп тарихи және көркем әдебиеттерде сомдалып кеңінен дәріптеліп жүрген жайлары бар.

Қалай дегенде де, тарихшыларымыздың тайпалық Одаққа аты берілген ұлы тұлғаның тарихымызда өз орыны бар, өмірде болған адам екендігі жайлы айтылатын дәйектерге күмән болмауға тиіс деп есептейміз. Дегенмен, ата тарихты қаузаған зерттеушілеріміздің «Әлім тарихының белгісіз, көзден таса қалған жықпыл-жықпыл құпия жұмбақ тұстары әліде көп-ақ. Деректердің жетіспеуі мен аздығы, тарихи тұлғалардың дархан баянның біздерге толғымен жете қоймауы, халқымыздың көрнекті қиялға толы ауызша тарихи естеліктерінің тарихи санада сақтала бермеуі және де басқа обьективті себептердің Әлім тарихын толық еңсеруге мүмкіндік бермейтіндігі», («Алаш» тарихи-зерттеу орталығы «Қазақ ру-тайпаларының тарихы» Қаракесек бірлестігі ХІІІ том, 1-кітап. А. 2010 ж) жайлы уәждеріне де қосылмасқа болмас. Кім айтқан жай болса да, тарихтағы кез келген тұлға да, оқиға да шынайы және салыстырмалы дәйектермен негізделу керек. Ал ешқашан дерекке сүйенбей, дәйексіз жазылған тарих негізі жоқ жұмбақ тарих күйінде қала бермек. Ауызекі шежіреміздегі қазақтың тегін нәсілі Араб Әнес сахабадан тарататын, немесе ислам діні қазақ арасына дендеп еніп жатқан кезеңдердегі өмір сүрген бабаларымыздың есімдеріне Қожа, шайық қосымшаларының жалғануы сияқты жайлардың шынайы себептері бұл күндері белгілі болған жайт, Осы орайда айта кетерлігі, М. Тынышбаевтың Әлім атауының шығу тегін қазақ руларының ықпалды дін өкілдерінің есіміне байланыстырып («название Алим – без сомнения позднейшее, данное, вероятно, группе в честь духовного покравителя какого нибудь ходжи») айтылған жеткілікті  пікірлері ата-бабалар шежіресін жаттап өскен ұрпақтар көңілінен шықпасы анық.

Мәселенің өзектілігіне байланысты алдымен айтарымыз, Әлімнің кіндігінен таралғандар деп есептелетін Алты Әлім қауымдары шын мәнінде бұл тұлғадан сандаған жылдар бұрын қалыптасқан ежелгі сақ ғұн дәуірлерінен бастау алатын, бірқатар қағанаттар мен хандықтар құрамында көшіп қонып келген Ұлы дала көшпенділерінің ұрпақтары екендігін нақтылай кетекеніміз жөн. Жазу-сызуы болмаған қазақтың көне тарихы бізге көбінесе аңыз-шежірелер арқылы жеткен. Сондықтан түсінікті болу үшін тарихи дамудың қилы кезеңдерінде Әлімді құраған ежелгі ру-тайпалардың Сыр-Арал өңіріне қалай келіп қоныс тепкені жайлы ғылыми тұжырымдарға тоқтала кеткеніміз артық болмас. Айталық, бұл оқиғалар «Қазақтың көне тарихында»: «Олар шығыстан батысқа жылжып, Сырдария бойындағы Оғыздардың мемлекетін құлатып, бұрынғы «Мұзафат Әл-ғұз» оғыздар қонысы деп аталатын аймақтарды шапқан» деп баяндалады. Тарихи дәйектерге сүйенсек, қыпшақ туы астына біріккен көшпелілер 1043 жылы Оғыз астанасы – Жанкентті құлатады. Біз білетін аңыз желілерінде бұл оқиғаны Селжүк сұлтаны Санжардың Бегім сұлуды жазықсыз қаралап Қарабура әулиенің қарғысына ұшырап, Жанкентті жыландар қаптап, халқын қырғынға ұшыратқаны жайларымен түсіндіріледі. Қазақ шежіресінде бұл – шамасы Қорқыт заманына, «Алаштан туған Сейілхан мен Жайылхан, Жайылханнан – Қазақ, Сейілханнан –сегіз арыс түрікмен кеткен алыс» деп таралатын желіге тұстас келетін уақыттар. Сыр бойын тастап шыққан оғыздардың едәуір бөлігі ойыса көшіп, Кіші Азия түбегіне өтіп, 1071 жылы қазыргі өркениетті түрік мемлекетінің негізін қалағаны тарихтан белгілі, қалған бөлігі осы аймаққа орныққан қыпшақ тайпаларымен араласып, сіңісіп болашақ Кіші жүзді құраған ру-тайпалардың қалыптасуына негіз болды. «Сыр – Алаштың анасы» деп аталатын барша түркі әулетінің қарашаңырағына байланысты бұл тарихи кезең Мағжан ақынның

«Көп түркі енші алып тарасқанда

Қазаққа қара шаңырақ қалған жоқ па?» – деген жыр шумақтарын жазуына негіз болған жай.

Белгілі фальклортанушы ғұлама ғалым Ә. Қоңыратбаев «Жыр, шежіре, этногенез» деген мақаласында: «Х ғасырларда Сыр бойына қоныс тепкен осы күнгі Әлім рулары сол қалпында айтылады», деп атап көрсетеді. Кейінгі тарихи дамудың аласапыран белестерінде Сыр бойына орныққан осы тайпалардың бұл өңірде көп тұрақтамай, олардың бірсыпыра бөлігінің Оңтүстік Орыс жазығындағы Дон (Дөн) өзені маңайынан көрініс бергендігі жайлы деректерді кездестіреміз. Нақтылай айтсақ, Орыс жылнама деректерінде Сары ханның (орыс құжаттарында Шарукан деп аталады) Сыр бойынан көтеріле көшкен еліне бас болып Дон (Дөң) бойында қоныстанып Қыпшақ хандығын құрып, оны 40 жыл бойы билегендігі жайлы мағлұматтар беріледі. Ақыл парасатымен көзге түскен ержүрек хан 1068 жылы «Орыс қалаларының анасы» Киевті басып алады Осы әулеттен шыққан Артық ханның (орыс жылнама деректері бойынша, Отрок) да 1117-1118 жылдары Киевтің ұлы князы Владимир Мономахка қарсы ұрыстар жүргізіп, оны тәубасына келтірген деседі. Мұсылман деректерін де «қыпшақтар», Батыс Еуропа елдерінде «командар», ал орыс жазбаларында «половецтер» деп аталған қыпшақ тайпаларының ХІ ғасырдың орта кезінде Оңтүстік орыс далаларында мекен еткендігі тарихи әдебиеттер мен оқулықтарда қамтылады. Бұл деректерді араб тарихшысы Ибн Фадланың жазбалары да растайды. Оның қалдырған жазбаларында осы қыпшақтар қауымындағы бешенектердің (печенегтердің) Сыр бойынан көтеріле көшіп оңтүстік орыс жерлерінде барып тұрақтағанын, олардың өзара қырқысқа түскен он екі тайпалық кнәздіктерден тұратын Киев Русінің бірте-бірте нығайып, күш-қуаттарының артып, бірігіп ел болу процесінде тигізген ықпалының көп болғандығы айтылады («Аңыз адам», №3, 2004ж.). Ержүрек қыпшық жауынгерлерінен орыс кінәздары өздерінің таңдаулы әскери жасақтарын құрып, ел шекарасын қорғатып отыруды үрдіске айналдырған. Олар сыртқы жауларынан қорғану үшін міндетті түрде қыпшақ қауымдарынан көмек сұрап, құдандалы жекжат болуды дәстүрге айналдырып отырған. Айталық, әйгілі орыс жыры «Слово полку Игореве» де осы қыпшақтар құрамындағы шектілердің бешене, күлік, татыран т.б. руларының Киевпен қарайлас Чернигов аймағында мекен еткендігін айғақтайды. Шектілердің кейінен 1380 жылы атақты Күлік шайқасына Мамай бекілербегі сапында ұрысқа қатысқандығын, «Куликов» деген жер атауының осы өңірлерді мекендеп жүрген күліктер даласы екендігін дәлелдеп, қалам тартып жүрген зерттеушілер бар.

Тарихи жадының ұрпақтар зердесіне әрдайым қайталанып тұратынын ескерсек, осы күнгі Әлімдер ішінде кездесетін бұл рулық аталықтардың атаулары сол ежелгі ата-бабалар дәстүрінің сақталып қалған себептері мен түсіндіріледі, қазақ тарихында ондай мысалдарды көптеп кездестіруге болады. Тарих дөңгелегі ешқашанда бір орнында тұрмайды, славян тайпаларымен үздіксіз шайқасқан Дон мен Днепр аралығындағы қыпшақтар бірте бірте күш қуатынан айырыла бастайды ,жауынгерлік үрдісті серік еткен қыпшақтарға алғашқы соққы 1223 жылы 21 мамырда Қалқа өзені бойында беріледі. Кавказ тауы арқылы оралып славян елдеріне тұтқиылдан тиіскен монғол түмендері орыс-қыпшақ қосындарын тас-талқан етіп жеңіліске ұшыратады. Монғолдардың тегеурініне шыдамаған қыпшақтар әлемнің әр қиырына бас сауғалауға мәжбүр болады.

Олардың құрамындағы кейінгі Әлімді құраған рулардың бұдан былайғы тағдыры Еуразия кеңістігіне орын тепкен қуатты Алтын Орда мемлекетімен тығыз байланысты болады. Қазақ тарихшыларының пайымдауынша монғолдар тұсында «алты сан Алаш» атанып қазақ халқының қалыптасуына негіз қалаған қауым, ХІІІ-ХІV ғасырларда «Алаш мыңы» деген атаумен белгілі болса, бертін келе ХV-ХVІ ғасырлар деректерінде Кіші жүз рулары «Алшын» атауымен көрініс береді. Бұл пікірлерімізге белгілі қазақ тарихшысы Б. Кәрібаеавтың:«Қазақ тарихындағы Бәйдібек, Ақжол, Алшын – Қазақтың үш жүзінің көсемдері, түп аталары болып танылады. Олар сол үш бөліктің сөз ұстаған билері, қол бастаған батырлары, абыз әулиелері болған. Яғни ұлыстарды солар басқарған. Сондықтан Кіші жүзді айтқанда Алшындар деп, Орта жүзді Ақжолдан таратып, Ұлы жұзді «Бәйдібектің балалары» деп атайды» («Аңыз адам», №3, 2016 ж ) деген тұжырымы дәлел бола алады. Ал Ақ Орда дәуіріндегі Әлімдер туралы белгілі тарихшы Т. Омарбековтің: «1372 жылға дейін оларға Арал теңізі аймағындағы және Маңғыстау өңіріндегі рулар мен тайпалар да бас иді. Бұл аймақта ежелгі Қарахандар мемлекетінің негізін құраған чигилдер (шектілер) мен байырғы Қаратүргіштер одағынан бөлінген Қаралардың (Қаракесектердің, Қарасақалдардың, Төртқаралардың ) және кезінде Қытайға қарсы күресте үлкен белсенділік танытып қанды қырғынға ұшыраған жауынгер тайпа Чумугундердің (Шөмекейлердің) бас иуі Ұрысханды күшейте түсті (Т. Омарбеков «Қазақ түркілерінің мемлекеттілігі» А. 2015 ж) деген дәйекті пікірлері толық мағлұмат береді. Ұлы дүрмекпен Енисей (Кеть) бойынан үдере қозғалған кетелер қауымы жайлы да дәйекті тұжырымдар бар.

Бұдан әрі қарай Алтын Орданың құрамында болған Алшындардың (Әлімдердің) Ноғай ұлысының негізін қалаған Едігені қолдап батысқа қарай «жылжи түскендігі» жайлы деректерде кездестіреміз. Алтын Орданың ыдырауына байланысты пайда болған Ноғай Ордасының Едіге мен оның ұрпақтары билеген тұста күшті саяси бірлестікке айналып қазақ даласының үлкен бөлігін иемделгені белгілі. Ордадағы саяси биліктің маңғыт тайпасынан шыққан Едіге ұрпақтарының қолында болғаны мен оның құрамындағы Алшындардың (Әлімдердің) ең ірі ықпалды тайпа болғандығын, олардан шыққан тарихи тұлғалардың мемлекет өмірі белсенді де шешуші рөлдер атқарып отырғандығын тарихи деректер айғақтайды. Айталық, шежірелік нұсқаларда Әлімнің арғы ата-бабалары саналатын Алау, Қыдуар тентек есімдерін осы қатардан кездестіре аламыз. Көптеген дәйекті мәліметтер бұл шежірелік тұлғалардың өмірде болған тарихи шындық жанасымы бар екендігін көрсетеді. Мәселен, Алау батырға байланысты орыс жылнамаларына жазылып қалған жазбалар олардың бір замандарда Дон даласын мекендеп жүргендігіне дәлел бола алады. Бұл жөнінде орыс патшасы ІІІ Иванның Алау жасақтарының еліне жиі жиі шабулдап маза бермегендігіне шағымданып ханға жазған хаты сақталған. Қазақ ұлттық энциклопедиясында да: «Алау батыр шамамен ХV ғасырда өмір сүрген, аты аңызға айналған батыр қолбасы» деген мәлімет берілсе, жазушы Ә. Сарай өзінің тарихи шығармаларында Әлімнің арғы аталары саналатын Алау батырды 1450-1510 жылдары өмір сүрген деп пайымдайды. Қыдуар тентек бабамыз да тарихта бар тұлға, орыс тарихи деректерінде Худояр, Құдыт бек атымен таңбаланған ол 1508-1538жылдары ноғайлы билеушісі Сейт-Ахметтің (қазақтар оны Сейдақ, Сирақ деп атаған) тұсында 30жылға жуық Мәскеуде елшілік қызметте жүргендігі жайлы деректерді алға тартады.

Бұл жерде айтпағымыз, тарихи тұлғалар мен оқиғалардың белгілі деректерін салыстыру әдісі арқылы сол тұстағы саяси ақуал мен қатарлас өмір сүрген айтулы тұлғаларға байланысты дәйекті болжамдар жасауға негіз болады. Сондықтан шежірелік мәліметтерді шынайы тарихи деректермен дәйектегенде ғана әр түрлі алып қашпа, негізсіз әңгімелерден аулақ боламыз, ата-бабаларымыздың қасиетті есімдерін асқақтата түсіп, ұрпақтар парызын өтей беретін боламыз.

Бұдан әрі тайпалық Әлім атауына ие болған қауымның саяси әлеуметтік даму жағдайын XVI ғасырлардың бас кезіндегі Әлім рулары құрамында болған Ноғай ордасының күш-қуатының әлсіреген кезінен көреміз. Ноғайлының ең дәуірлеген тұсында билік құрған билеуші Мамай өлгеннен кейін Мұсахан балалары арасында билік үшін араздық оты бітіспес шайқасқа айналып ақыры қуатты мемлекет құлап тынады. Екі ғасыр еңсесін көтере алмаған орыс патшасының да көктен іздегені жерден табылып Орда иелігіндегі жерлерге жойқын шапқыншылықтар жасап тартып ала бастайды. Бір кездегі Дешті Қыпшақ далаларынан Ноғайлыға келіп сіңген қазақ тайпалары бытырап Бұқар және Қазақ хандықтарының жеріне қарай үрке көшуге мәжбүр болады.Бұл ел ауызында,«қазақ пен ноғай айырылды,қазақ сыртқа қайырылды» деген сөз қалып «Ел айырылған» деп күңірене күй төккен кез.

Бұл кезеңдер туралы орыс тарихшысы Л. Гумилев: «ХVІ ғасырдың бірінші ширегінен бастап ноғай ұлысының басына қара бұлт үйірлді» деп сипаттаса, Карамзин, Трепавлов сияқты тарихшылардың еңбектерінде: «Ноғайлы елі» ыдырай бастаған кезде Жем бойында «Жембойлық», Жайық, Ор өңірінде Жетісан (Едисан) және «Көктеңіз бен Арал маңындағы жерлерді иеленіп Бұхара, Хиуамен тағыз қатынаста болған «Алты ұл» ұлыстары өмір сүргендігі жайлы деректер баяндалады. Мұндағы жембойлықты құраған Байұлы рулары болса, «Алты ұл» ұлысының негізгі халқы Әлімдер болған. Осы аралықтағы, яғни Едіге ықпал ете бастаған кезден кейінгі Мұса ұрпағы Ших-Мамай билеген «Алты ұл» жайлы мәліметтер тарихымызда жете зерттелмей келеді. Ол мәліметтерді біз аталған орыс тарихшыларының еңбектері арқылы ғана біліп жүрміз. Айталық, Ноғайлы тарихын зерттеуші орыс ғалымы В.В. Трепавлов Ноғайлының күйреуіне байланысты одан бөлініп шыққан «Алты ұл ұлысы» Ордадан дербес саясат ұстанып Мәскеу патшасымен де қарым қатынаста болды. Тек 1554 жылы Сарайшықтың құлауына байланысты шығысқа қарай ығысып 1620 жылға дейін Жем аймағында өмір сүріп келгенін жазады. (В.В. Трепавлов «Алты ұлы. Остатки Ногайской Орды в Казахских степях») біздің қолымыздағы деректер 1607 жылдан бастап Кіші жүз жеріне қарай тасқындата шабуыл жасаған Жоңғар жаулаушыларына қарсы Әлім рулары бетпе-бет келіп, ұрыс салып, Жем, Ырғыз жерлерін жанқиярлықпен қорғаған. Тек хошоут ханы Хо-Өрлөктің 50 мыңдық қолынан жеңіліс тапқан Әлімдер іргелес аймақтарға шегініс жасаған көрінеді.

Ноғайлыдан бөлінген қазақ руларының бір бөлігінің Арал теңізі маңайына тұрақтанып, ел болғаны жайлы С. Сейфуллин де қалам тартқан екен. (С. Сейфуллин «Қазақ тарихынан қысқаша мағлұмат», 6-том, 1964 ж.) Тарихшы М.Г.Сапарғалиев та ағылшын саяхатшысы Дженкинсонның жасаған картасы негізінде олардың Сыр, Арал маңы мен Қарақұм, Борсық құмдарын жағалай көшіп жүргенін жазады. Соған қарағанда, тарихи деректерде аты айшықталған «Алты ұлдар» ұлысы, яғни тарихи сөздіктерде анықтама бергендей этникалық топтардан құралған тайпа бірлестігі тек формалды түрде ғана дәурені өткен, қауқарсыз Ноғайлыға қарап, қазыргі тілмен айтқанда автономиялық құрылым ретінде өмір сүрген дербес ұлыс – Әлімдер хандығы болған деуге негіз береді. Бұл пікірімізді белгілі тарихшы Т. Омарбековтің: «Сол кезеңдерде арғы шығу тегі бір, әкімшілік тұрғыда бастары біріккен жаңа рулық құрылымдар мен аталықтар пайда бола бастады» деген пікірі де бекіте түседі. «Қаракесек бірлестігі» тарихи еңбегін құрастырушы тарихшы ғалымдардың: «Негізінен әр ұлысты Едіге ұрпақтары билегенмен, бұл ұлыстардың өзегін әр түрлі ұранды ту еткен ру-тайпалық кландар құраған. Ноғай мырзаларының билігі көбінесе сол ру-тайпа көсемдерінің ұстанымына байланысты болған еді» деген тұжырымдары да бұған дәлел. Яғни, осы дәйектерге сүйене отырып, шамамен ХVІ ғасырдың ортасынан басталатын кезеңдерді қамтитын Әлімдер ұлысының дербес хандық дәрежесінде болған әкімшілік құрылым деуімізге негіз бар сияқты.

Тарихшылар Ноғай ордасының құлдырай бастауы 1555 жыл деп көрсетсе, ең соңғы билеуші Орманбет (Ұлық Мұхаммед) бидің өмірінің соңғы кезеңдерінде босқыншылыққа ұшыраған елінің қалдықтарын соңына ертіп Сырдың Арал теңізіне құяр сағасына келіп пана тауып, 1597 жылы өмірден өткендігі жайлы деректер айтылады.(Бөген ауылы маңында «Орманбет өлген» деген төбе атауы бар) Яғни, аңыз-жыр тұрпатындағы бұл деректерде біз Әлімдер ұлысының өмір сүрген уақытын шамалай аламыз. Сонымен, тарихи әдебиеттерде «Алты ұл ауылы» деп аталған әкімшілік гоеграфиялық сипатта өмір сүрген этно бірлестіктің шын мәнінде Ұлы Дала ұғымына сәйкес, «Алты ата Әлімдер» дербес хандық құрылымы екендігі жайлы пікірімізді қорыта келе «Тон жағасыз, ел ағасыз болмайды» деген халық тәмсіліне сәйкес Әлім бабамыздың осы елдің билеушісі ретінде ұрпақтар жадында қалып, ел-жұртының түп атасы ретінде дәріптеліп, тайпалар бірлестігінің атын иеленген тұлға деуімізге негіз бар. Әлім бабамыздың өмір сүрген уақыты жайлы топшылауымызға қазақтың ұрпақтан ұрпаққа айтылып келе жатқан ата-тек шежірелік мәліметтері арқылы да көз жеткізуге болады деп есептейміз. Әр қазақтың баласы өзінің кімнен туып тарап, өсіп-өніп келе жатқанын анық біледі және соған сенеді. Осы мақаланы оқып отырған бүгінгі баба ұрпағы жоғары қарай санамалай есептегенде, 16-17 аталыққа жететінін ескерсек, ғылыми айналымдағы әр атаның орташа 30 жас деп есептейтін тұжырымына сәкес Әлім бабаның өмір сүрген кезеңі біз жоғарыда айтылған ХVІ ғасыр деңгейінде екендігі күмән келтірмейді. Ал оны нақтылау және әз-баба сүйегінің қай жерде жатқандығы жайлы алуан пікірлердің шындығын анықтау осы мәселеге байланысты мүдделі ұрпақтарының зерттеп зерделеу талабына байланысты демекпіз.

Әлімнің өз заманында ел-халқына танымал би, ел ақсақалы әрі батыр ретінде есімі кең танылған ұлыс басшысы екендігін ел есінде сақталып қалған көптеген аңыз, жырлар мен шежірелік деректерден байқай аламыз. Кез-келген аңыздың артында шындық бар десек, айталық аңыз әңгімелерде айтылатын «Жаманақ (Шекті) мың үй тігіп үш жүзді шақырып әкесі Әлімге ас беріпті» деген әңгімелер оның қаншалықты дәрежеде атақ-абыройының жоғары болып, бүкіл қазаққа танымал тұлға болғандығын дәлелдейді.

Әлім бабамыз туралы мағлұматтарды Сырдың белгілі шайыры Нұртуған Кенжеғұлұлының жыр-дастандарынан да біле аламыз. Сыр бойы жыршылық мектебінің негізін салған эпик ақын Нұртуған өзіне дейінгі ата-бабалар тарихын жетік біліп қана қоймай, оны қағаз бетіне түсіріп, кейінгі ұрпақтарына көп құнды деректер қалдырып кеткен. Мысалы, ескі шежірелік мәліметтерді мол қамтитын көпке беймәлімдеу «Әлім хақында» деген деректі тарихи жыр дастанында:

«Әлімнің қатар елден толықтығы,

Үш жүздің баласына болған мәлім.

Һәм және ерлікпенен көзге түсіп,

Өтіпті ойлауменен елдің қамын», – деп сол тұстағы Әлім жұртының басқалармен салыстырғанда шоқтығы биік дәрежеде іргелі ел екендігін сипаттаса,

«Барыпты қалмақ жаққа бастап қолын,

Кеселеп жібермепті бөгеп жолын.

Көбейіп ел болғасын іргесі бар,

Дұшпаннан тазартыпты елдің маңын», – деген жыр жолдары арқылы Әлімнің сыртқы жаулардан қорғау жолындағы күресінде қол бастаған қаһарман қолбасшы болғандығынан да хабар береді. Нұртуған өз жыр-толғауларында Әлімді өзіне қарасты ел-жұртына хан болған деп дәріптейді. Оған шайырдың:

«Бақ қонып осылайша келгеннен соң,

Хандықтың ел ұсынған алтын тағын.

Ел шулап, қарт исініп бұл ісіне

Әлімге бата берген сипап жағын», – деген жыр шумақтары дәлел.

Яғни,жоғарыда аталған тарихи тұлғалар сияқты Әлім баба да өзі қалыптастырған Кіші жүздің ежелден тамыры бір туыстас тайпаларынан құралған саяси-әкімшілік бірлестікті басқарған қайраткер тұлға болған деуімізге негіз бар. Шыңғыс ханның бағындырған жерлерін өз ұрпақтарына үлестіріп бергені сияқты ел жұртын билеп тайпа көсемі болған Әлім де қарамағындағы ежелгі руларды балаларына: Жаманаққа – Шектіні, Қарамашаққа – Төртқараны, Айнық пен Тегінболатқа – Қарасақалды, Ұланаққа – Қаракесекті, ағасы Байсарыға – Кетені, інісі – Шөменге Шөмекейді билетіп, руларды шашыратпай, тайпа тұтастығын сақтаған. Түркі дәстүрлерінде кейбір қауымдардың, мәселен Өзбек, Ноғай сияқты хандардың аты мен оларға ерген халықтардың атаулары аталып кеткені сияқты, Әлім ұрпақтары да өздері басқарып отырған рулардың аттарын алып лақап атаулармен аталатын болған. Кейін келе, осы рулардың бәрі бір ата – Әлімнен тараған деген түсінік ұрпақтар санасына сіңіріліп, шежірелік деректерден көрініс тауып, біздерге жеткен. Қазақ шежіресінің елді біріктіруші, ұйымдастырушы рольдер атқаратын идеологиялық мақсаты да сонда, қазақ халқы жеке отау тігіп халық ретінде ХV ғасырдан бастап көрінген де, оны құраған ру-тайпалардың барлығы Алаш, онан кейін Қазақ деген кісіден тараған деп түсіндіріліп, үш жүздегі барлық рулар оның Ақарыс, Жанарыс және Бекарыс атты үш ұрпақтары деп санаға сіңіріліп, әр қазақтың танып түсінігінде мықтап орын алған. Шашыранды жүрген тайпаларды бір атаға теліп қою оларды туыстық жағынан да жақындастыра түскен. Шежіре бойынша, ол руларды бір атадан таратудың тиімді жақтары да көп болған.

Өйткені, аумалы-төкпелі заманда татулық болмаса рулар бір-бірімен жауласып, жойылып кетуі де мүмкін болған. Ал ел билігіндегі атақты билер мен ғұлама әулиелер – өз заманының идеологиялық міндеттерін атқаратын тұлғалар болған.

Сонымен, осы айтылғандарды қорыта келе заманында кеменгерлігімен ел жұртын ұйыстырып тарихтың сан қилы қиын өткелдерінен өтіп болашақ іргелі қауым болуына негіз салып халық жадында есімі өшпестей сақталып қалған Әлім бабаның ұлы тұлғасы алдағы уақытта зерттеліп, зерделеніп әлі толық жазылмай отырған қазақ тарихынан өзінің лайықты орнын алып өз дәрежесінде ұлықталуға тиіс демекпіз

Лайым, ұлы бабаларымыздың ұлықтары бәрімізді жебеп жүрсін!

Үргенішбай ҚУАТ,

білім беру саласының ардагері, өлкетанушы

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button