Жаңалықтар жаңғырығыТіршілік

Бурят белсенділері Байденнен Ресейден бөлініп шығуға көмектесуді сұрады

ВАШИНГТОН. 18 шілде. Бурятиядан шыққан белсенділер АҚШ президенті Джо Байденнен өз республикаларының Ресейден бөлінуіне көмек беруді өтінді. Бұл туралы «Idel.Реалии» хабарлады.

«Еркін Ұлттар лигасына біріккен «Мәскеу құлдыққа салған халықтардың» өкілдері АҚШ президенті Джо Байденге үндеу жариялады. Бурятиядан, Мордвадан және Татарстаннан шыққан белсенділер Америка президентінен өздерін өздері айқындауды жүзеге асыруларына қолдау көрсетуді сұрады», – делінген хабарламада.

Белсенділердің ашық хаттары АҚШ-та 1959 жылдан бері өтіп келе жатқан құлдыққа түскен халықтар апталығының кезекті мәрте өтуі кезінде жарияланды. Бурятия өкілі Раджана Дугар-деПонте, татар Иршат Хаби және фин-угор халықтарының өкілі – эрзя Виталий Ромашкин Вашингтонда өз халықтарының туларын көтеріп келіп, акция өткізді.

«Маған, бурят қызына, Кремльдің өзінің қылмысты мақсаттары – жаңа территорияларды басып алу арқылы империя шекарасын кеңейтуге жету үшін бурят жігіттерін пайдаланып жатқаны қатты батады. Мәскеудің қазір бурят селоларындағы жігіттерге ұсына алатыны тек соғыс қана. Олар орыстардың кезекті басқыншылық соғысында оққа қарсы төселген етке айналып жатыр. Мен Бурятия мен оның халқына мұндай болашақты тілемеймін», – деді Раджана Дугар-деПонте.

Ол Ресей халықтарының қазір іс жүзінде Мәскеудің аманатына айналып кеткенін, олардың түрме мен соғыстан басқа таңдауы қалмағанын айтты.

«Біз өз халықтарымыздың Ресейдің құрамында ешқандай болашағы жоқ екенін көріп отырмыз, біздің Кремльдің қылмысты соғысына қатысқымыз келмейді», – деді Ромашкин.

Енді 20 шілде күні Еркін Ұлттар Лигасы баспасөз мәслихатын өткізгелі отыр. Оған буряттар, татарлар, ингерманландттар, казактар, қалмақтар және эрзялар қатысады. Белсенділер Америка қалаларында митингілер өткізіп, өздерінің Ресей құрамынан бөлініп шығуға құқықтары бар екенін мәлімдемекші.

«Біз отарлықтан шығуға қол жеткізетін боламыз», – деп мәлімдеді татар Иршат Хаби.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button