РФ-ның Украинаға соғыс ашуы НАТО-ны күшейтіп жіберді
ВАШИНГТОН. 17 мамыр. Ресейдің Украинаға басқыншылықпен басып кіруі НАТО-ның өз құрамын күшейте түсуіне тікелей дүмпу берді. Бұл туралы Washington Post хабарлады.
«РФ президенті Владимир Путин бастаған Украина халқына қарсы соғыс НАТО-ны нығайтып берді. Ол ұйымды бұрынғы алауыздықтан арылтып, барлық лидерлерді агрессор-мемлекетке қарсы бірлескен күреске біріктірді», – делінген хабарламада.
АҚШ-тың халықаралық қатынастар жөніндегі кеңесінің аға ғылыми қызметкері Макс Буттің пікірінше, Путинннің тап осы бассыз әрекеті НАТО-ның дамуы мен кеңейе түсуіне оң ықпал берген болып шықты.
«Ресейдің ешқандай арандатушылықсыз, өз бетімен Украинаға басып кіруі Альянсқа жаңа тыныс-тіршілік алып келді, оны бір кездергі қырғи-қабақ соғыстан кейінгі кезеңде саяси жағынан бұрынғыдан да гөрі біріктіріп, әскери тұрғысында қуатты етіп шығарды», – деп жазды ғалым.
Бут ұйымның барлық мүше елдері өздерінің қолдау көрсетуі Украина үшін қаншалықты рөл ойнайтынын жақсы түсінеді, сондықтан ешбір сөзге келместен оған қару-жарақ пен қаржы жағынан аямай көмектесіп жатыр деп есептейді.
Сарапшының пайымынша, Финляндия мен Швецияның альянсқа қосылуы бұл тараптағы тағы бір жеңіс болып табылады. «НАТО оларды өзі қайырымдылық көмегін көрсету үшін қабылдағалы жатқан жоқ. Олардың өздерінде де Ресейдің агрессиясын ұстап тұруға айтарлықтай қабілет көрсете алатын қаһарлы күш бар», – деп түсіндіріп өтті ол.
Саясаттанушы сонымен бірге Кремльдің өз басқыншылығын Украинаның альянсқа кіруін тоқтату үшін жасаған әрекеті ретінде ақтап алмақ болғанына назар аударды. Бірақ Путин артық қыламын деп, тыртық қылып алды. «Содан кейін Ресейдің НАТО елдерімен шекарасы үш есеге дейін артып кетті, яғни 316 мильден 952 мильге жетті. Путин бұл үшін өзінен басқа ешкімді кінәлай алмайды», – деп түйіндеді ол.
Бүгін Финляндия мен Швеция өздерінің НАТО-ға мүше болғылары келетіндерін ресми түрде жария етті. Осы күні екі елдің парламенті де бұл өтінішті қолдап дауыс берді.
Бұған дейін Скандинавияның бұл екі елінің альянсқа мүше болып қабылдануына НАТО-ның тағы бір елі – Түркияның қарсылық білдіріп отырғаны хабарланған еді. Кейін АҚШ Ердоғанды көндіруді өз мойнына алатынын баяндады.
Еске сала кетейік, НАТО құрамында қазір АҚШ (1949 жылдан), Албания (2009), Бельгия (1949), Болгария (2004), Венгрия (1999), Германия (1955), Грекия (1952), Дания (1949), Исландия (1949), Испания (1982), Италия (1949), Канада (1949), Латвия (2004), Литва (2004), Люксембург (1949), Солтүстік Македения (2020), Нидерланд (1949), Норвегия (1949), Польша (1999), Португалия (1949), Румыния (2004), Словакия (2004), Словения (2004), Түркия (1952), Ұлыбритания (1949), Франция (1949), Хорватия (2009), Черногория (2017), Чехия (1999), Эстония (2004) мемлекеттері бар.
Бұлардың арасында Албания, Болгария, Венгрия, Польша, Румыния, Чехословакия елдері бұрын Варшава келісімшарт ұйымының мүшелері болған.