Қазаққа қытай тілін үйренудің қажеттілігі жоқ
Құрметті Президент, мемлекет мүддесі тұрғысынан сөзіңіз орынды да шығар. Дегенмен, қытай тілін үйренумен мәселе шешілмейді. Қазақстанда оған сұраныс та жоқ. Себебі, Қытайдан келген қазақтың көбі жұмыссыз жүр. Олар қытай тілін білгендерімен, орыс тілін білмегендері үшін жұмысқа алына бермейді. Ал сізден бастап орысша сөйлейтін елде (Сіз Президент болғалы қазақ тілінде толық бір жиналыс өткізіп көрдіңіз бе? Жолдауды мемлекеттік тілде жасадыңыз ба?) қазақ тілінің көк тиындық құны жоқ. Қытайдан «қытай боп кеткенше, Қазақстанға барып қазақ болып өлейік» деп келген қазақтарды осы жағдай қан жылатады. Бұл – бір.
Екіншіден, Қытайды тану туралы айтсақ, жоғары оқу орындарының жанынан құрылған аты бар да, заты жоқ институттарды есепке алмағанда, Қазақстанда арнайы қытайтану институты бар ма? Жоқ. Ол туралы қатысты орындарға өтініш айтып та көрдік. Естір құлақ табылмады. Ал Қытайда Орталық Азияны зерттеу институтының неше жүзі бар. Олар біздің қия басқанымызға дейін зерттеп отыр. Тіпті, сіздің руыңызға, жеті атаңызға дейін біліп болған. Сіздің артықшылығыңыз бен осал тұстарыңыз да оларға бес саусақтай белгілі. Өйткені, олар ақпараттық зерттеумен қатар, адамтану ғылымын да қатар жүргізеді. Ал бізде солай зерттеп, сізге кеңес беріп отырған адамдар ма? Жоқ шығар, сірә. Демек, «көршімен тату боламыз, олармен тереземіз тең тұрып сөйлесеміз» десек, Сырты істер министрлігінің жанынан да қытайтану институты құрылуы керек. Тіпті жасырын болса да. Оған Қытайдың мінез-құлқы мен жымысқы әрекеттерін әбден білетін, Қытайдан келген мықты ғалымдарды тарту керек. Ондай ғалымдар біздің арамызда бар. Олардың да біразы бүгінде жұмыссыз жүр.
Сосын Қытайды сала-сала бойынша зерттеу керек. Әсіресе, медицина, ауыл шаруашылығы және су істері бойынша. Бұл – екі.
Үшіншіден, қазір Қытайда оқып жатқан қазақстандық студенттер аз емес. Бірақ «Солар қалай оқып жүр? Қытай оқу орындары оларға қандай тапсырмалар бойынша зерттеу тақырыбын береді?» деген шетін мәселеге де назар аударатын кез келді. Өйткені, басшысы Отанға опасыздық жасаған органның ондай мәселеге немқұрайды қарайтыны түсінікті шаруа.
Төртіншіден, өзіңіз айтқандай, Қазақстанда дәуір бөлгіштік сипат алатын жаңа кезең басталды. Дәл сол сияқты халықтың сізге деген сенімі де қыл үстінде. Яғни сіздің жолыңыз тура, ісіңіз үлгі болса, халық сізді қолдайды да, баяғы соқпақпен соқтырсаңыз, билік пен халықтың арасы бұрынғыдан бетер қарқынды жылдамдықпен алшақтай бермек. Әне, сол халықтың сеніміне селкеу түсіретін бір мәселе – тіл. Өзіңіз де білесіз, қазақтың одан басқа байлығы қалған жоқ. Қазақтың неше мың жылдан бері шырылдап қорғаған екі байлығы болса, оның бірі – осы тіл, енді бірі – жер. Бірақ тарих жерің, тәуелсіз елің болғанымен, тілің болмаса, ондай егемендіктің де тұл болып қалатынын талай түсіндірді. Ал қазақтың тілі безбен басында тұр. Сондықтан қазақтың ендігі күресі тіл үшін болады. Осыны ұмытпаңыз. Сіз қазақ халықтың сенімінен шығып, ұлт алдындағы міндетті қалтқысыз атқарамын десеңіз, қазақ тілін басты орынға қойыңыз, оны ешқашан өзге (орыс) тілдің алдында жығып бермеңіз. Бұл – өте-мөте қауіпті тәуекелшілдік. Шекарамыз шегенделгенімен, оның іші орыс тілді ұлтқа толса, ондай тәуелсіздіктен не қайыр?! Тілі бұзылған ұлттың ділі де қисаяды. Ал діл бұзылса, ел бұзылады. Сондықтан сіз алдымен Ресей мен Қытайға жағынуды емес, ұлтыңыздың жаппай, қалың қолдауына қол жеткізуді ойлаңыз. «Жаңа Қазақстан» реформасының сәтті немесе сәтсіз болуы да тап осыған байланысты.
Алла сізге абырой берсін. Тәңір жарылқасын. Ол абырой халықтың алақаны мен ықыласында тұр.
Қалиакбар ҮСЕМХАН,
журналист
Астана
Facebook әлеуметтік желісінен алынды