Жаңалықтар жаңғырығыРуханият

Балалар бағының байсалды бағбаны

Белгілі жазушы Бейсенбай Сүлейменов 70 жаста

Бүгін белгілі балалар жазушысы, жиһангер журналист, байырғы баспагер, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты Бейсенбай Сүлейменов 70 жасқа толып отыр. Біз қарымды қаламгер, айтулы азамат атанған танымал тұлғаны осы мерейлі жасымен шын жүректен құттықтаймыз, оған ұзақ ғұмыр, жемісті жазушылық жол тілейміз.

Сүлейменов Бейсенбай Жолдасбекұлы – «Әдебиет Әлемі» баспасының директоры, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты, публицист, жазушы, қоғам қайраткері.

Бейсенбай Сүлейменов 1951 жылы 27 қыркүйекте Оңтүстік Қазақстан (қазіргі – Түркістан) облысы, Жетісай  ауданы, Ш. Ділдәбеков атындағы кеңшарда дүниеге келген. 1968 жылы «Мақталы» кеңшарындағы А.П. Чехов атындағы орта мектепті бітірді.

1973 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін тамамдап, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жолдамасымен жаңадан ашылған Жезқазған облыстық «Жезқазған туы» газетінде еңбек жолын бастады.

1975-1976  жылдары Түркістан облысы, Жетісай аудандық (бұрынғы ОҚО Киров ауданы) «Шұғыла» газетінде әдебиет және мәдениет бөлімінің меңгерушісі.

1976-1989 жылдары республикалық «Ұлан»  («Қазақстан пионері») газетінде тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы бас редактор қызметтерінде болды. Бүкілодақтық пионер ұйымы республикалық кеңесі Төрағасының бірінші орынбасары, Бюро мүшесі, Қазақстан Журналистер одағының басқарма мүшесі ретінде республика өміріне кеңінен араласты.

1979 жылы Оңтүстік Американың Перу, Эквадор республикаларына саяхат жасап,  Амазонка мен Анд тауларын, жұмбағы мол джунгли, инктер империясының мәдени ошақтарын аралады. Жер кіндігі – экватор белдеуін 2 рет кесіп өтті. Ол үндістер өркениетін, тарихы мен тұрмысын терең зерттеген екі кітап жазды. Үндістердің түркі тектес халық екенін дәлелдейтін құнды деректер тапты.

1979 жылы «Искра» кинотеатрында «Латын Америкасы: күнгейі мен көлеңкесі» атты фотокөрмесі 7 ай бойы көрсетілді. Бұл қазақ фотоөнеріндегі ең алғашқы көрме еді. Республикалық газет-журналдарда Латын Америкасындағы үндіс балаларының өмірі, тұрмыс-тіршілігі, ел тарихы жайлы ондаған мақалалары, фоторепортаждары жарық көрді. Ал «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінде жарық көрген мақаласы «Халықаралық балаларды қорғау» жылының қорытындысы бойынша осы газет пен республикалық Бейбітшілік және Келісім кеңесінің бірінші сыйлығына не болды.

1980 жылы Мәскеу Олимпиадасында болып, Қазақстан спортының жұлдыздары жайлы материалдар жазды.

1982 жылы  Африкамен жүздесті. Осы сапарда Грекия, Мальта, Тунис, Испания, Канар аралдары, Гвинея-Бисау, Тынық және Атлант мұхиттары, Жерорта теңізінің  таңғажайып тамаша құпия-сырларымен, тарихымен танысып, балаларға арналған танымдық тамаша шығармаларды өмірге әкелді.

Латын Америкасы жайлы «Кечуа тайпасының үндістері»  (1985 ж.) «Қуанышты күн» повесть, әңгімелер жинағы  (1989 ж.) «Жалын» баспасынан жарық көрді.

1992 жылы Америка континентінің ашылғанына бес жүз жыл толуына орай  «Бес ғасыр атылмаған садақ» кітабы  20000 данамен тарады. Автор барлық данасын республика балаларына тарту етіп, тегін таратып берді. Келер жылы осы кітабы үшін Қазақстан Журналистер одағының сыйлығына  ие болды.

1990-1995 жылдары Алматы облыстық «Полиграфия» өндірістік бірлестігіне қарасты «Газет» баспасының директоры қызметіне тағайындалды. Егемендіктің алғашқы жылдарында жаңадан жарық көрген тәуелсіз қазақ газеттерінің көбісіне қол ұшын берді. Олардың қаз тұрып кетуіне, таралымдарының арта түсуіне көп септігін тигізді. Бейсенбай Сүлейменов – Түркістан облысынан шыққан ең алғашқы республикалық газеттің бас редакторы.

Жетісай ауданының «Құрметті азаматы».

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен марапатталған.

1998 жылы әке ұлағатына арналған «Жолдасбек Сүлейменов» кітабы баспадан шықты.

Бейсенбай Сүлейменов  сонымен қатар республикадағы жекеменшік баспагерлердің алғашқыларының бірі. Оның жетекшілігімен көптеген әдеби-көркем, тарихи, шежіре және балаларға арналған көркем, оқулық  кітаптары жарық көруде.

1995-1999 жылдары «Әл-Фараби» баспасының, ал 1999 -2005 жылдары «Құс жолы» баспасының директоры. 2005-2006  жылдары «ЗАҢ» Медиа-корпорациясы Астана өкілдігінің директоры. Қазір  «Әдебиет Әлемі» баспасының директоры.

2006 жылы «Балалар әдебиеті» баспасынан «Тентектер» повесть және әңгімелер жинағы жарық көрді.

2009 жылы «Хан шатырындағы кездесу» тарихи-танымдық, ертегі  кітабы жарыққа шықты.

Республика балалары мен жасөспірімдері өміріне белсене араласып келеді. 2009 жылы Астана қаласында Білім және ғылым,  Мәдениет жане ақпарат министірліктерінің ұйытқысымен аталмыш жазушының кітаптары фестивалі өтті. Ал, Тілдерді  дамыту басқармасы елорда мектептерінде қаламгердің «Хан шатырындағы кездесу» тарихи-танымдық, ертегі кітабының кең көлемдегі кездесулерін ұйымдастырды. Кітап 2000 данамен жарық көрді. Автор барлық данасын жас жеткіншектерге тегін таратып берді. Бұл дәстүр жыл сайын Астана, Алматы, Талдықорған қалаларында, Түркістан облысының Жетісай, Мақтаарал аудандарында жалғасып келеді. Жазушы өзінің жүздеген кітабын балаларға сыйға тартты.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Бейсенбай Жолдасбекұлы Сүлейменов 2009 жылы жастардың патриоттық тәрбиесіне бағытталған публицистикалық мақалалар циклы үшін Қазақстан Республикасы Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты атанды.

2010 жылы мемлекеттік тапсырыс бойынша «Педагогика-Пресс» баспасынан жарық көрген «Күннен келген адам», 2018 жылы «Асқаралы» баспасынан «Ақмырза әулеті» кітаптары автордың шығармашылық шеберлігінің жемісі. Мәскеудің «Художественная литература» баспасынан жарық көрген «Независимый Казахстан: антология современной литературы» атты ІІІ томдық кітапқа әңгімелері енді. 2021 жылы екі повестен тұратын «Хан шатырдан – Күн шатырға саяхат» ертегі романы жарыққа шықты.

Соңғы жылдары публицист, жазушы республика балалары өміріне белсене араласып келеді. Кітапханалар мен мектептерде жас жеткіншектермен кездесулер өткізіп, оларды отансүйгіштікке, игі дәстүрлерімізді қастерлей білуге, аға ұрпақтың ерлік, еңбек жолын жалғастыра беруге шақыруда. Ол Алматыдағы С.Бегалин атындағы Мемлекеттік балалар кітапханасында, соңғы жылдары Ш.Уәлиханов атындағы №12 орта мектепте «жазушы шеберлігі мен журналистік өнер құдіреті» жайлы тегін шеберлік сабақтарын өткізіп келеді.

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button