Канада премьері Володимир Зеленськийді G7 саммитіне шақырды

ОТТАВА. 18 наурыз. Канада премьер-министрі Марк Карни Украина президентін өз елінде өтетін G7 саммитіне шақырды. Бұл туралы DW ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Канада премьер-министрі Марк Карни Украина президенті Володимир Зеленськийді 15-17 маусымда Альберта штатының Кананаскис қаласында өтетін G7 саммитіне шақырды. Канада үкіметінің өкілі 17 наурыз, дүйсенбі күні бұл жайында Франс Пресс агенттігіне баяндады. Оның айтуынша, өткен аптада премьер-министр қызметіне кіріскен Карни 16 наурызда Украина басшысымен сөйлескен. «Президент Зеленський маусым айында Альбертада өтетін G7 кездесуіне шақырылды», – деді ол.
Бұған дейін Марк Карни әңгімелесу барысында Зеленськийдің өзіне «Украинаның қорғанысы және жаһандық бейбітшілік күштері туралы» жаңартылған ақпарат бергенін хабарлаған. «Канада Украинаның Ресей агрессиясына қарсы азаттық үшін күресін қызу қолдайды», – деді ол.
Володимир Зеленський өз кезегінде Карнимен болған әңгімені «жақсы және мағыналы» деп атады және Канадаға көрсеткен көмегі үшін, атап айтқанда, қорғаныс пакеттері мен Украинаның энергетикалық секторына қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді. Ол сондай-ақ Карниді «Мәскеуге қысымды күшейту керек» деген жақсы ойлар айтқаны үшін мақтады.