Жаңалықтар жаңғырығыҚайнар

Аймағамбетов: Мұғалімдер құқығын бәріміз қорғаймыз

АСТАНА. 2 қыркүйек. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қарапайым мұғалімдердің құқығын қорғау жалғаса түсетінін әлеуметтік желіде жазды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.

Министрлік баспасөз қызметшісі Аяжан Мәдібекованың атап көрсетуінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев министрге «Педагог мәртебесі туралы» Заң нормаларын іске асыру бойынша атқарылып жатқан жұмысты жалғастыруды тапсырған.

Аталған құжаттың маңызды ережелерінің бірі – педагогті міндетіне жатпайтын функцияларға тартудан қорғау, орынсыз есептіліктен босату. Бұл нормалар жаңа оқу жылы қарсаңында өте өзекті.

Өкінішке орай, министрліктің осыған қатысты қатаң ұстанымдарына қарамастан, осы ережелерді бұзу фактілері әлі де кездеседі. Мысалы, бұдан бірнеше апта алдын Түркістан облысындағы Ленгір мектеп-интернатында әкімшілік іс қозғалған, онда педагогтерді лауазымдық міндеттеріне кірмейтін жұмыстарға тартқаны анықталған. Мұны соңынан министрліктің білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті оқиға орнына барып тексерген.

«Фактілер расталды және мектеп директорының м.а. әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұған дейін Түркістан облысы Кентау қаласындағы Молда Мұса атындағы мектепте де қызметтік тексеру жүргізілді. Онда мұғалімді мектепті жөндеу жұмыстарына тартқан. Аталған факті тексеру барысында расталды. Мектеп директорының міндетін атқарушы да, Кентау қалалық білім бөлімінің қызметкері де әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жалпы, осы қысқа уақыттың өзінде білім саласында сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық департаменттерге жүзден астам өтініш келіп түсті. Нәтижесінде лауазымды тұлғаларға да, білім алушылардың ата-аналарына да қатысты 30-дан астам әкімшілік жаза қолданылды. Бұл жұмыс тұрақты түрде жүргізілетін болады», – деп жазды Асхат Аймағамбетов.

Министрдің айтуынша, заңсыздыққа жол берген жауапты тұлғаларға қатысты шаралар мұнымен шектелмейді. Әкімшілік жазалардан бөлек, жұмыстан босату туралы шешімдер де қабылданады. Себебі, мұғалімдердің құқығын қорғау жергілікті аумақтық орган басшыларының да, мектеп директорларының да тікелей міндеті болып қала бермек.

«Педагогтердің құқықтарын қорғау туралы айтқанда, мұғалімдер өз міндеттерін адал орындау туралы да есте сақтауы қажет. Өйткені, жаңа Заңның талаптары да жаңа.
Педагогикалық қызметпен айналысатын әрбір жан жас ұрпаққа үлгі болып, өз жұмысында адамгершілік қағидалары мен моральдық құндылықтарды басшылыққа алуы тиіс.
Мінез-құлық мәдениеті, әдептілік, адалдық, адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу – педагогикалық этиканың негізі», – деп атап көрсетті Асхат Аймағамбетов.

«Осы қағидалардың сақталуын бақылау үшін біз мұғалімдерге қатысты құқық бұзушылықтар мен педагогикалық этиканы өрескел бұзу туралы даулы мәселелерді қарастыратын арнайы алқалы орган құруды қарастырып жатырмыз», – дегенді қосты бұған ол. Бұл мақсатты жүзеге асыруға педагогикалық этика және мұғалімдердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес көмекке келеді. Мұндай институт алғаш рет пилоттық режимде осы жылдың тамыз айынан елордада жұмыс істеуді бастады.

Министрдің ойынша, болашақта этика жөніндлегі кеңестер еліміздің барлық аймағында құрыла алады. Олар білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету департаменттері жанында жұмыс істейтін болады.

«Барлығымыз мемлекеттік қызметкерлердің әдеп жөніндегі кеңесінің тиімді жұмысының куәсі болдық. Біздің жаңадан құрылған кеңестеріміздің қызметі соның үлгісі бойынша ұйымдастырылады. Мұның бәрі – үлкен бастама: әр мұғалім өзінің мәртебесін мақтан тұтуы керек. Ыңғайлы жағдайда жұмыс істеп, сапалы білім беруі керек», – деген түйін түйеді соңынан министр.

Өйткені, біздің балаларымыздың әл-ауқаты мен білімі ұстаздардың қолында.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button