Қазақстан Батыстың РФ-ға қарсы санкциясы талаптарын бұлжытпай орындайды
АСТАНА. 5 маусым. Қазақстан Үкіметі басшысының орынбасары Серік Жұманғарин елде Батыстың Ресейге салған санкциялары талаптары мүлтіксіз орындалатынын айтты. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Мәлімдемесі Ресей билігінің кезекті мәрте «шабына тиіп», олардың тоңқып ала жөнелуіне себеп болатынын өте жақсы біліп тұрса да, Серік Жұманғарин шындықтан тайқып кете алмады.
«Біздің экономикамыз үлкен емес, сондықтан, әлбетте, санкциялық қысымды көтере алмай, бірден тұралап қаламыз. Біз сол себепті де ұдайы диалог жүргізіп отырамыз, бізде АҚШ-пен және Еуропа одағымен тікелей жұмыс жасап отыратын орталықтар бар», – деп түсіндірді ол.
Еске сала кетейік, мамыр айының соңында Қазақстан банктерінің Ресейдің Қытайға аударған төлемдерін ары қарай жібермей, ұстап қалып жатқаны белгілі болды. Бұған дейін РФ Қазақстанды ҚХР-мен есеп айырысудың транзиттік «хабы» ретінде пайдаланап келген. Енді мұндай қызметке жол берілмейді, яғни Астана сол уақыттан бастап Мәскеу мен Бейжің арасындағы қаржылық өткел болу миссиясын тоқтатты.
Өткен жылғы қарашада Еуропа одағының санкциялар жөніндегі арнайы уәкілі Дэвид Салливан Қазақстан мен Өзбекстанға арнайы келіп кеткен еді. Содан кейін Қазақстан билігі Астананың РФ-ға қарсы экспорттық бақылау және шектеуді сақтау мәселелерінде Брюссельдің талаптарын бұлжытпай орындайтынын мәлімдеген болатын.