Еуро-2024: Футзалдан Қазақстан құрамасы ширек финалға шықты
САРАЕВО. 5 маусым. Футзалдан Қазақстан құрамасы Босния мен Герцеговина астанасы – Сараеводан өтіп жатқан құрлық чемпионатының 1/4 финалына қадам басты. Бұл туралы Sports.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Қазақстан құрамасы осы күндері Босния мен Герцеговина әуесқойлар арасында өтіп жатқан Еуропа чемпионатының 1/8 финалында ойнады», – делінген хабарламада.
Қазақстан ойыншылары ширек финалға шығу үшін болған бұл кездесуде Словениямен күш сынасты. Матчта бар-жоғы юір гол соғылды. Оны қазақ Диас Егінжанов өз есебіне жазып, өз командасына жеңіс әперді. Словендер кездесу кезінде өз саптарынан Мак Карабегович алаңнан қуылғаннан кейін бір ойыншыға азайып қалды.
Қазақтар мұның алдында В тобында Украина, Грекия және Англия құрамаларын артта қалдырып, бірінші орын алған еді. Олар бірінші ойында гректерге 0:1 есебімен есе беріп қойса, одан кейін ағылшындарды 7:0 етіп талқандап, Украинаны 3:2 есебімен сүріндірді.
Біздің құрама ширек финалда Әзербайжан құрамасымен кездеседі.
Oxu.Az хабарлауынша, Қазақстан – Словения матчынан кейін болгарлармен алаңға шыққан әзерилер 3:1 есебімен жеңіске жеткен.
Еске сала кетейік, Еуро-2024 чемпионатының іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасы өзімен бір топқа түскен Әзербайжан командасын екі рет ұтқан болатын. Ол 2023 жылғы 6 қазанда Бакы қаласында 4:2 есебімен жеңіске жетсе, сол жылғы 11 қазанда Астанада 3:2 болып басым түскен еді.