Жаңалықтар жаңғырығыҚайнар

Қазақстан құрамасын бүгін Армениямен ойынға Балтиев бастап шығады

ЕРЕВАН. 7 маусым. Бүгін кешке Ереванда Армения құрамасымен кездесетін Қазақстанның бас командасын Руслан Балтиев басқарады. Бұл туралы армянның sportball24.com сайты дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.

Руслан Балтиев – Қазақстан құрама командасының осының алдындағы бас жаттықтырушысы Магомед Адиевтің көмекшісі. Оның бас жаттықтырушының алмасуына байланысты енді бұл орнында қала қоюы екіталай.

Ал құраманың жаңа бас бапкері Станислав Черчесов бұл мачтың кезінде Ереванның Республикалық стадионында болмайды, команданың бар билігін Балтиев өз қолына алады. Мұны Черчесовтің өзі де бұдан төрт күн бұрын, өзі тағайындалған кезде өткізген баспасөз мәслихатында айтқан болатын.

«Біз қазір ғана Қазақстан Футбол федерациясының басшылығымен алда болатын матчтарға менің қатыспайтыным жайында келісім жасастық. Менің жаттықтырушылар штабым менің жаңа тағайындау алып жатқанымды енді ғана естіді, сондықтан дайындалу үшін бізге уақыт керек. Сосын менің Арменияға ұшып бара қоятын мүмкіндігім де жоқ, себебі, мен тап осы күндері құраманы қабылдаймын деп ойлаған жоқпын. Мен тек құраманы көзбе-көз көру үшін оның Венгрия жерінде Әзербайжанмен өткізетін кездесуіне бір-ақ баратын болып жоспарлап отырмын. Демек, құраманың алдағы ойындардағы жоспарлары мен жаттығу процесіне мен қатыспаймын. Осы екі ойынды Руслан Балтиев ақырына жеткізеді. Жаңа жаттықтырушылар штабы ФИФА-ның маусым айына белгілеп берген матчтары уақытында команданы қолға алады», – деді Станислав Черчесов.

Армения құрамасының бас жаттықтырушысы Александр Петраков кеше баспасөз мәслихатын өткізді. Онда журналистер Қазақстан құрамасы хақында да пікір сұрастырып көрді. «Мен Қазақстан құрамасын құрметтеймін, ол жөніндегі пікірім жақсы. Маған ұнайтын азулы шабуылды ту етіп ұстайтын олар Еуро-2024-ке шығудың плей-офф кезеңінде ойнады. Қазір Еуропада осал команда жоқ», – деді хайлар жаттықтырушысы.

Еске сала кетейік, бүгін, 7 маусым күні кешке, Ереван уақытымен сағат 18:00-де, Астана уақытымен 21:00-де Армения мен Қазақстан құрамалары арасындағы жолдастық кездесу басталады. Матч 20:50-де Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button