Сотталушылар Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжанов жазаларын қайда өтейді?
АСТАНА. 13 мамыр. Әйелін азаптап өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаев пен осы іске қатысы бар Бақытжан Байжановтың жазаларын қайда өтейтіндері анықталды. Бұл туралы Dalanews.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Сот үкімімен бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев жазасын қауіпсіздігі ең жоғары түзеу мекемесінде өтейтіні айтылды. Оған сот 24 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ол «азаптау» және «кісі өлтіру» баптары бойынша кінәлі деп танылды.
Екінші сотталушы Бақытжан Байжанов жазасын қауіпсіздігі орташа колонияда өтейді. Оған 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Ол қылмысты жасырғаны үшін кінәлі деп танылды.
Сот процесі барысында сотталушылардың кінәлары толық дәлелденді.
Айта кетейік, Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық сотында Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша бірнеше сот отырысы өтті. Оны дүйім жұрт Жоғарғы соттың YouTube арнасынан онлайн тұрғыда қарады.
Азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айыппен сотталып жатқан Қуандық Уәлиханұлы Бишімбаевты адвокат Лейла Рамазанова, Назкен Құсайынова және Ерлан Ғазымжанов қорғады.
Ал марқұм Салтанат Амангелдіқызы Нүкенованың жағында ағасы Айтбек Амангелді мен оның отбасы адвокаттары Жанна Оразбақова, Әлия Омарова, Игорь Вранчев болды.
27 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилер таңдалған еді. Алқабилер алқасына 12 адам іріктелді: 10 – негізгі құрам, 2 – қосалқы. Содан кейін ашық сот отырыстары басталды.
Сонымен қатар, Қуандық Бишімбаев сотта Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіргенін мойындамады.
Бишімбаевқа мынадай екі бап бойынша айып тағылды:
* аса қатыгездікпен кісі өлтіру (15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру);
* азаптау (4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе осы мерзімге бас бостандығынан айыру).
Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 2023 жылғы 9 қарашада Астанада, Қуандық Бишімбаевтың жеке меншігіндегі «Bau» ресторанында орын алды. Онда әйелі Салтанат Нүкеновамен бірге келіп, бір тәулікке жуық уақыт демалған экс-министр соңында жан төзгісіз қылмысқа барған. Ол жұбайын үздіксіз ұрып-соғып, өлім халіне дейін жеткізген. Таңертең ессіз жатқан әйелге тек кешке бір-ақ «жедел жәрдем» шақырған. Бұл кезде марқұмның әлдеқашан бақилық болып кеткені анықталады. Күдікті тек 11 қараша күні ғана қамауға алынды.
Арада бірнеше күн өткеннен кейін Бишімбаевтың туыс інісі әрі қарамағындағы қызметкері Бақытжан Байжанов қылмысты жасырды деген айыппен тұтқындалды.
Сот үкімі әлі өзінің заңды күшіне енген жоқ.