Басты баған

Президент мырза, қашан Парламент ықпалды, Үкімет еститін болады?

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатынан, атап айтқанда, ондағы Н.Назарбаев пен оның кланына арнап айтылған «кеттің бе, кет» сөзінен кейін Парламент Мәжілісіндегі халықшыл депутаттар мен Үкіметтің арасында текетірес байқалады.

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи «Ел медиаға» берген сұхбатында, қадағалау органының мәліметінше, биліктегілердің (Президент әкімшілігінде, Үкімет пен әкімдіктерде, Парламент, мәслихат депутаттарының) арасында әлі шамамен 60%-ы Н.Назарбаевты жақтайтындар екенін айтты.

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов әлеуметтік желіде министрлер кабинетінде, тіпті Премьер-министр Әлихан Смайловтың тарапынан Назарбаев үшін қарымта қайтару әрекеті барын, атап айтқанда, Парламент пен Үкіметтің арасындағы қарама-қайшылықтан елде саяси дағдарыс болу ықтималдығын, Үкіметтің Парламент өкілеттілігін заңсыз иемденіп жатқанын өткір жазды. Ол: «Біздің Үкіметті қолдағанымызға, премьер-министрді, министрлерді бекіткенімізге жыл да болған жоқ. Бірақ біз олар дайындаған заң жобасынан не оқып жатырмыз? Олар үшін Парламент Үкіметтің бақылауында болу керек сияқты. Президенттің саяси реформалары оларға тиімді емес сияқты, Конституцияда бекітілген Парламенттің ықпалды болуы үшін оған берілген өкілеттіктер Үкіметке ұнамайды екен», – деп жазды.

Қарап отырсаңыз, шынында да Мемлекет басшысының «Күшті Президент. Ықпалды Парламент. Есеп беретін Үкімет» формуласы атқарушы билікке ұнамауда. Олар бұрынғысынша Парламенттің «қалтада» болғанын, олигархтар мен олардың биліктегі сыбайластарының ұлттық байлықты ұрлау  мен басқа да өздерінің мүдделерін заңдастырып алғысы келетін әрекеттерін жалғастыруды көздейді.

Жақында «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне ақпаратқа қол жеткізу және қоғамдық қатысу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланған мәжілісте депутаттар тарапынан Үкіметке ауыр-ауыр сын айтылды. Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов: «Қазіргі VIII шақырылымның белсенділігіне орай өткенде Премьер-министрдің өзі: «Парламент өзіне көп алады, бұл Үкіметке жұмыс жасауға бөгет болып отыр», – деді. Жұмыс жасау деген тырнақшаның ішіндегі ме, әлде халықтың игілігіне ме? Ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында «жария талқылауды өткізу» дейді де, жақшаның ішіне «үкімет қорытындысын ескере отырып» деп жазады. Қорытындыны Үкімет беретін болса, қалғанымыздың не керегіміз бар? Екінші, «депутаттық бастамалардың бизнеске әсерін бағалау» дейді. Сонда бизнеске теріс әсер ете ме? Депутаттардың 98%-ы бизнестің жілігін шағып, майын ішкен адамдар. Бизнеске теріс әсер етіп жатқан «Жайлы мектеп» жобасының қаржысын әлі бермей жүрген «Самұрық-Қазына» мен «Атамекен» емес пе? Ал ашықтыққа келсек, ең бірінші ашықтықты қазіргі қоғам белсенділерінің сотынан (күмәнді сот процестерінен), Үкіметтегі өзгерістерден, облыс әкімдерінің осы жерде жоқ дегенде айына бір рет есеп беруінен бастайықшы», – деді.

Мәселенің мәнісі мынада: Үкімет Парламенттің заң шығару бастамасын шектегісі, оны «қоғамдық сарапшылар» деп аталатын пікірталас алаңына бергісі келетін тәрізді. Өйткені, биліктегі назарбаевшылар Парламенттің белсенділігінен, атап айтқанда, банктердің несиелендірудегі жұмыс істеу ережелерін қатаңдату, елдің ұрланған байлығын қайтару, олигархтардың рөлін төмендету, сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілікті күшейту бағытындағы бастамаларынан қорқады. Бүкіл банк жүйесінің кімнің қолында екенін, заңсыз капиталды шетелге кімдер шығарғанын, олигархтардың қалай байығанын және кімдермен сыбайлас екенін сараптасаңыз, Үкіметтің іс-әрекеті Назарбаев отбасының қайта бас көтеруімен байланысты екенін көресіз.

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан: «Бұл заң жобасы біздің Заңнама және сот реформасы комитетінде үлкен сынға ұшырады. Не себепті? Бұл әдеттегі заңдарға қарама-қаршы келсе бір жөн, бұл жерде конституциялық норма бұзылып отыр. Конституциядағы 61-баптың 1-тармағында: «Заң шығару бастамасы Президентке, Үкіметке және Парламент депутаттарына тиесілі» деп анық көрсетілген. Ал мына заң жобасындағы 17-2-бабын алып қарайтын болсақ, онда депутаттардың заң шығару бастамасын шектеу көзделген… Сол бастамаға сәйкес Үкімет Парламенттің алдында есеп беруі керек болатын болса, бұл жерде керісінше, Парламент депутаттарын заң шығарушылық бастамада Үкіметке бағындырып қоймақшы. Комитетте де бұл мәселені кеңінен талқыладық, өзіміздің наразылығымызды білдірдік. Енді осы жерде сіздің ресми жауабыңызды естігіміз келеді. Қалайша Конституция нормаларын бұза отырып, осындай заң жобасын ұсынасыздар?», – деп Үкіметке ашық айтты.

Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Сайыров Үкіметтің қазіргі әрекеті жайлы: «Үкімет осыдан 4-5 жыл бұрынғы түрлі тәсілдерін есіне сақтап қалыпты, сол кезде болғандай, Үкімет мүшелері депутаттарға «диктат» жасап, оларға қандай бапты қалай өткізу керектігі жөнінде нұсқау беріп отырған. Ол заман келмеске кетті. Ол енді ешқашан қайталанбайды. ҚР Президенті, Парламент депутаттары халықтың мандатына ие. Үкімет халықтың мандатына ие емес. Осы есте болу керек. Сіздер халықтың мандатына ие азаматтардың құқын бұзғыларыңыз келеді. Бұл еліміздегі саяси реформаның арқасына қадалған қанжар болып табылады. Бұл норманың өтпейтінін бәріміз біліп отырмыз. Бірақ осы заң жобасының идеясының, миссиясының өзі қажет. Сондықтан осы заңның либералдық, демократиялық тұрғыда және біздің халқымыздың мұң-мүддесі тұрғысынан өтуіне күш-жігерімізді жұмсаймыз», – деді.

«Ақжол» фракциясының жетекшісі Азат Перуашев осы ахуал жалғаса берсе, мемлекетте төңкеріс болу ықтималдығын айтты.

Парламент Үкіметпен арадағы келіспеушілікті шиеленістірмей, жоғарыдағы бұлыңғыр заң жобасын кері қайтарып алуын қалайды. Заң шығарушы Парламент Мәжілісі мен сол заңдарды іске асырушы Үкімет арасындағы келіспеушілікті қазір шешпесе, Парламенттің пленарлық отырысында бұл мәселе ушығып кетуі ықтимал.

Сол себепті Президент өзінің «Күшті Президент» екенін көрсетіп, шын мәнінде «Параментті ықпалды», «Үкіметті еститін» етуі керек. Бұған Парламент Мәжілісінің спикері Е.Қошанов мырза «Аманат» партиясы қазір «Нұр Отан» партиясы мен халықтың қайсысының аманатын арқалап жүргенін нақты айтуы тиіс. Неге Парламент Сенатының спикері мен депутаттары үнсіз?

Қазіргі саяси-экономикалық жағдайда билік басындағылар осыған дейінгі ойнаған тығылмақ ойынын қойып, «Жаңа Қазақстан» құруға шындап кірісетінін шешулері керек.

Сәдуақас АҢСАТ,

саясаттанушы

Қызылорда қаласы

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button