АймақЖаңалықтар жаңғырығы

ЖАҚЫН ЖОЛДЫ ҚАСАҚАНА ҚАШЫҚТАТУҒА НЕ СЕБЕП?

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевқа Ашық хат

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Республиканың батысында жоспарда тұрған автомобиль жолы құрылысына байланысты төмендегі ұсынысымды Сізге жолдай отырып, Үкіметтің қатысты министрлік мамандарымен көрсетілген мәселелерді сараптамадан өткізіп, түсінікті де тиімді шешім қабылдануына ықпал жасауыңызды сұраймын. Себебі, көтерілген тақырып экологиялық апат аймағына айналған Арал өңірі халқы үшін де, ел экономикасы үшін де өте маңызды.

Елдің оңтүстігі мен шығысы, орталығы мен солтүстігінің Каспий теңізі жағалауы арасындағы жол қатынасын қысқарту мақсатында Батыс Қытай – Батыс Еуропа (ары қарай – М32 автожолы) автомобиль жолынан Сексеуіл кенті тұсынан Бейнеуге дейін жол тартып, Ақтау – Атырау автомобиль жолына жалғау ұсынылады. Қазіргі таңда ұсынылып жүрген жаңа жолды Сексеуіл кенті не Шалқар қаласы тұсынан қосу туралы жобаның екі түрлі нұсқасы бар. Аталған нұсқаларды сараптап көрсек, көлік жүріп өтетін жол аралығы мынадай болып шығады (төмендегі сызбада да көрсетілген):

Бірінші нұсқа бойынша

Бейнеу – Шалқар (Бозой арқылы) – 510 км

Шалқар – М32 автожолы (Ырғыз маңы) – 140 км

М32 автожолы (Ырғыз маңы) – М32 автожолы (Сексеуіл маңы) – 175 км

Барлығы:  508 км + 140 км + 175км = 825 км

Екінші нұсқа бойынша

Бейнеу – М32 автожолы (Сексеуіл маңы, Бозой арқылы) — 545 км

Яғни, бірінші нұсқа бойынша жол 825 км – 545 км  = 280 км ұзақ болып шығады. Ұзақ жолдың тиімсіздігіне байланысты төмендегі дәйектерді келтірсек те болады. Атап айтсақ, жылдық мерзімге шаққанда, жоғарыда көрсетілген артық (ұзақ) 280 км жолда :

1.Жағылатын жүздеген тонна жанар-жағармай шығындары;

2.Жоғалатын мыңдаған сағат уақыт шығындары;

  1. Көліктердің қосымша тозу шығындары;
  2. Жол жөндеу шығындары;
  3. Қосалқы инфрақұрылым шығындары.

Бұдан шығатын қорытынды: аталған жолдың Сексеуіл мен Бейнеу арасын қосу нұсқасы өзінің тиімділігін көрсетіп тұр. Бұл жоба іске асса, ол ел экономикасының дамуына зор үлес қосатын көліктік логистиканың қажетті құрамдас бөлігі болар еді. Сонымен қатар, экологиялық апат зардабын шеккен Арал аймағы халқының өмір сүру сапасын жақсартуға жаңа серпін берері айқын.

Көтеріліп отырған мәселе түсініктірек болу үшін уақытқа сәл шегініс жасасақ. Қазіргі пікірталасқа арқау болған автомобиль жолын салудан бұрын өңірде темір жол телімін салу қарастырылды. Бастапқыда «Қазақстан темір жолы ҰК» АҚ ұсынысымен Жезқазған – Бейнеу темір жолы туралап Сексеуіл станциясы арқылы тартылатынын Қазақстан Республикасы Үкіметі жоспарлаған және жобалау жұмыстары басталып та кеткен болатын. Жоба маңызды, түсінікті, барынша қолдауға тұрарлық.

Алайда 2005 жылғы тамыз айындағы телеэфирдегі республика халқымен сол кездегі Президент Н.Назарбаевтың халықпен кездесуінде шалқарлық, – өзі темір жол саласының маманы да емес, – зейнеткердің (әрине, жергілікті биліктің ұйымдастыруымен) берген Бейнеу мен Шалқар арасын қосу туралы ұсынысы Үкімет жоспарын күрт бұзып жіберді. Ол кісі бүкіл елдің алдында өңірдегі қалыптасқан жағдайды бұрмалап, Президентке ешқандай сараптамадан өтпеген қисынсыз, жалған ақпаратты беріп жіберді. Онысымен тоқтамай, темір жол жұмысының тиімділігіне титтей қатысы жоқ дүниелерді тізбектеп, қайталай берді. Созбаланған әңгімені үзгісі келді ме, Мемлекет басшысы «сендерге де жол болады» дей салды. Сол бір ауыз сөз төмендегілерге іс-қимыл бағдарламасы болып көрінді. Содан соң тапсырма орындаушылар дереу іске кірісіп, жаңа жолдың техникалық-экономикалық негіздемесіне онша мән бермей, жоба жасап, жолды салып, басшылыққа рапорт беруге  асықты…

Жоғарыда орын алған (ұйымдастырылған) жағдай 2008 жылы «Қазақстан теміржолшысы – железнодорожник Казахстана» газетінде «Главное  – не проиграть  в стратегическом плане!», сәл кейінірек республикалық «Айқын» газетінде «Тағы да сол жол туралы …» деген мақалаларымды жариялауға түрткі болды. Оларда темір жолды Сексеуілден Бейнеуге тарту тиімділігі туралы нақты дәлелдемелер келтіріле отырып, ұсыныс жасалған еді. Уақыт тапшылығын ескеріп, сол материалдарды (7 баспа бет) қысқаша жеткізсек:

Сексеуіл мен Бейнеу арасы (532 км), айналма жол Сексеуіл – Шалқар – Бейнеу (165+476) 641 км)  аралығынан  109км (641-532) қысқа. Тек қана жолдың осы бөлігінен (109 км) 10 ткм брутто тасымалданатын жүктің есептік өзіндік құны 1200 тг құрап (2008 жылғы  баға), жылдық жұмыс көлемі 5000 млн тн км брутто болғанда, жолда жоғалатын  уақыт пен материалдық шығындарды қоспағанда, жылына қосымша 600 млн тг шығын көруге болады, т.б. 

Болашақта Жезқазған – Сексеуіл – Бейнеу темір жолы бойымен Жезқазған – Бейнеу автомобиль жолын салып, Сексеуіл маңында Батыс Қытай – Батыс Еуропа автомобиль жолымен қиылыстырып өткізіп, Ақтау – Атырау автомобиль жолына қосу.

Бұл пікірлер Қазақстанның алғашқы көлік министрі, бірінші вице-премьер қызметтерін атқарған Н.Есенғариннен, «Қазақстан темір жолы ҰК» АҚ  мамандары тарапынан қолдау тапты. Сексеуіл кенті тұрғындары да қызу қолдап, мыңнан астам адам қол қойып, Қазақстан Республикасы Үкіметіне, Қазақстан темір жолы ҰК» АҚ басшылығына ашық хат жолдап, ой-пікірге сараптама жасалуы сұралған болатын.

Өкініштісі сол, сала мамандары мен көпшіліктің пікірі, экономикалық тиімділік, технологиялық ыңғайлылық ескерілмей, өтірік өрге шығып,тек көпірме бос сөзге негізделген Шалқар – Бейнеу темір жол жобасы іске қосылды.

Қазіргі таңда осы жер бедері күрделі, айналма (Сексеуіл-Шалқар-Бейнеу) жол бөлігіндегі пойыздар қозғалысы, кезінде ескертілгендей, үлкен шығынмен және кідіріспен  атқарылуда. Темір жол көлігінің негізгі сапалы көрсеткіштерінің бірі – вагондар айналымы төмендеген, локомотив бригадалары мен локомотивтердің, басқа да құрылымдық қызметтердің онсыз да көп өнімсіз шығындарының үлес салмағы ұлғайды, осының бәрі түбінде жүк және жолаушылар тасымалдау шығындарын барынша көбейтті.

Егерде болашақта салынатын автомобиль жолы М32 автожолынан Шалқар арқылы Бейнеуге тартылса, яғни Шалқар мен Бейнеу арасын қосқан темір жол жобасының қателігінен сабақ алмай, сол жағдай автомобиль жолын салуда қайталанса, нағыз шектен шыққан дарақылықтың үлгісі болар еді. Қарқынды дамитын экономика бұлай жасалмайды.

Сондықтан, жаңа жолды  М32 автожолынан Сексеуіл тұсынан Бейнеуге туралап тартса, жол қысқарып, оны пайдалану шығындары әлдеқайда аз болар еді. Қазір осы жол ізімен Каспий теңізі маңынан, елдің шығысы мен оңтүстігі, орталығы мен солтүстігінен көліктер қатынап жатыр, себебі, көлік жүргізушілер, халық әлдеқашан тура жолдың тиімділігін түсінген, әрине, сондықтан оны пайдалануда. Сонымен қатар, аталған жол бойымен Бейнеу – Бозой – Шымкент газ құбыры тартылған.

Экономиканың күретамыры саналатын көлік (темір жол, автомобиль жолдары) артериялары тиімділігімен ерекшеленуі қажет, басқаша болуы мүмкін емес.

Осы хатқа өзіміз әзірлеген «Бейнеу – Сексеуіл» автомобиль жолы жобасы нұсқасының сызбасы қоса тіркеліп отыр.

Құрметпен,

Өмірсерік  ЖАНҰЗАҚОВ,

Сексеуіл кентінің тұрғыны,

Арал ауданы,

Қызылорда облысы

12 шілде 2023 жыл

 

тел: 8 705 661 2240     

эл.почта  umirserik.zhanuzakov@mail.ru

 

Ашық хат иесі туралы қысқаша анықтама

Мамандығы – қатынас жолдары инженер-механигі, темір жол саласы локомотив шаруашылығында ұзақ жылдар бойы басшылық қызметтер атқарған, экономикалық тиімділігі миллиондаған теңге болатын 100-ден астам техникалық жаңалықты өндіріске енгізген.

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button