«Жалғыз келіп дүниеге, жалғыз кеткен көкем-ай!»
Жазушы Садықбек Адамбековтің ашылмай кеткен құпиясы жайлы
Жол түсіп, қасиетті Түркістанға барған сайын, зиялылар мазаратына соқпай кетпеймін. Онда менің асыл көкем, қазақтың ұлы стирик-жазушысы Садықбек Адамбековтің мәңгілік мекені орналасқан. Cонау ғасырлар тоғысының алғашқы жылында келгенімізде, осы бір киелі жерде бокстан Олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов екеуі аталы-немерелідей қатар жерленген еді. Енді, міне, көкемнің қасына үзеңгілес дос-інілері, халқымыздың асыл перзенттері халық әртісі, режиссер Райымбек Сейтметов, академик Рахманқұл Бердібаев, тағы да басқа азаматтардың қабір-тастары бой көтеріпті…
Курстас досым Көпен Әмірбек екеуміз кездескен сайын Садықбек көкеміздің адами қасиеттерін, қайталанбас шығармашылық туындыларын еске түсіріп, мәре-сәре болып қалатынбыз. Әсіресе, сықақ өлеңдерін, көпшілік арасында кеңінен тараған қанатты сөздерін, әзіл-қалжыңдарын сағынбау мүмкін емес. Өйткені, Сәкеңнің айтқан әрбір сөзінің астарында қазақи қалжың, терең философиялық ой жатады. Көкемнің жүрген жері қыран-топан күлкі, кішігірім сахналық қойылым сияқты еді. Бір кереметі авторы, режиссері, тіпті орындайтын актері де өзі-тін. Осы көрініс Сәкең жүрген жерде «Көшпелі әзіл-сықақ театры» сияқты жалғасын таба беретін. Адамдардың ол кісіні сағына күтетіні сондықтан да болса керек.
Қайран менің, даралықты да, даналықты да, ағалық қамқорлықты да қатар алып жүрген асыл көкем-ай!..
Садықбек көкем өмірінің соңғы жылдары әсем Алматыны тастап, туған жерінде тұрып жатты. Тағдыр дегеннің қызығы да, күрмеуге келмейтін шыжығы да көп, жұмбақ әлем ғой. Ол әке-шешеден жастай қалып, жетімдіктің ащы дәмін ерте тартқан ұрпақтың өкілі еді. Арыс қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленеді. Ал өмірінің соңғы жылдарын да сол пансионатта өткізді. Жерлестері ағамызға барлық жағдай жасады. Үй де берді. Күтушісі де болды. Бірақ Сәкең балалар үйін таңдады. Ағайын-туыстың ешқайсысына салмақ салғысы келмеді.
Ойлап отырсам, бұл шешім Садықбек Адамбековтің жан баласына ұқсамайтын, өз тағдыры, өз өмірі болса керек.
Мен Сәкеңді алғаш рет алпысыншы жылдардың басында көргенмін. Әкем Жолдасбек Сүлейменов «Мақталы» совхозында директор болатын. Ол кісі туыс тартып, жыл сайын іздеп келіп, әкеммен қауыша табысып, апталап жатып дем алатын. Мектеп бітіріп, Алматыға келген соң көкеммен жиі кездесіп тұрдым. Телефон шалып, шақырып алатын. Егер бес минут кешіксең, қара аспанды айналдырып, жерге түсіретін. Марқұм шыдамсыздау кісі еді. Көлденең жұмыстарға араласпайтын, бас иіп, ешкімнен көмек те сұрамайтын.
Кейде ренжіген кезінде: «Осы қу мекен, құмның қойнауынан жерлестері бір кесірткенің баласын қашып кетпесін деп сым торға салып, астына құм төсеп, өліп қалмасын деп алдына су құйып, аузына шөп түстетіп, Алматыға алып келеді. Ол бес жылдан кейін үлкен қолтырауын болады. Ал сендер крокодил болып келіп, жүргендерің мынау…» дейтін.
Ай, көкемнің сөздері-ай! Шекеңнен мұздай терді бұрқ еткізеді.
Сәкеңді есіме алған сайын, КСРО Халық әртісі Асанәлі Әшімовтің айтқан естелігі есіме орала береді. Өздігінше ғажап та қарапайым қойылым сияқты.
– «Қыз Жібек» фильмін тапсыру үшін Мәскеуге бардық. Кремльдің іргесіндегі «Россия» қонақ үйіне жайғасып алғасын, Әнуарбек Молдабеков екеуміз тамақ ішейік деп ресторанға кіріп барсақ, Садықбек Адамбеков жүгерінің шашағындай орыстың сап-сары қызымен отыр екен. Шүйіркелесіп амандастық. Ай-шай жоқ, жанындағы бос орындыққа жайғасып, қазақшалап мал-жан сұрастық. Сәкеңді «қолы ашық, қонақжай жазушы» деп естігенбіз. Обалы не керек, даяшыны шақырып, ас-ауқатты аямай алдырды да:
– Әй, қулар, ақыры менің счетымнан тамақ ішетін болдыңдар ғой. Қарап отырмай, мені мына орыс қызға мақтап отырыңдар! – деді.
«Іздегенге – сұраған», алдымызға жан саламыз ба, жандыра сөйледік. Орысшалап тост көтердік.
– Сіз әлем мойындаған әдебиетшісіз. Алматыда қолға түспейсіз, Мәскеуде көргенімізге қуаныштымыз! – деп алғашқы тосты алып қойдық.
Әнуарбек те құрыққа сырық жалғап, өтірікті шындай, ақсақты дыңдай қып қиюластырды.
– Былтыр «Советский писатель» баспасынан сіздің төрт томдық тандамалыңыз шықты. Алғысөзін Сергей Михалков тамаша жазыпты. Сіздің досыңыз Сергейдің денсаулығы үшін! – деді.
Алып қойдық. Сол сол-ақ екен, өтірікке етіміз үйреніп, бетіміз бүлк етпей, көкемізге көпшік қойған тостарды көбейттік.
– Шекспирден кейін Лондонда өте табысты өткен спектакліңіз үшін! – дедік.
– Токиодо тоғыз рет болдыңыз. «Жапонияның құрметті азаматы» деген атағыңыз үшін! –дедік.
– Америка академиясының профессоры атаныпсыз. Атағыңыз құтты болсын! – дедік.
– Африканың аңшылар қоғамына мүше боп, бұрынағы жылы ұзындығы 15 метр айдаһар анаконда жыланын атып алыпсыз. Сіздің мергендігіңіз үшін! – дедік.
Ақырында амалымыз құрып, өтірігіміз суала бастады. Не дерімізді білмей сасқалақтадық. Қыза-қыза келе:
– Уважаемый Саке! Вам пора Нобельевскую премию!.. – дей беріп ек, ағамыз сөзімізді шорт бөліп:
– Әй, қулар, – деді. – Осы жерден тоқтай қалыңдар, әрі қарай бүлдіресіңдер!..
Мұндай тапқырлықты, шағын дастархан басының өзін ғажайып қойылымға айналдыру, сөйте отырып, ағалықтың ақ жайлауын көрсету тек Сәкең сияқты серілердің ғана қолынан келетін дүние. Кезінде Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин сынды қазақ әдебиетінің алыптарымен қаламдас, тұз-дәмдес бола жүріп, олардың батасын алған. Ал Жұбан Молдағалиев, Сырбай Мәуленов, Қуандық Шаңғытбаев, Тахауи Ахтанов, Сафуан Шаймерденов, Ғафу Қайырбеков сынды ақын-жазушылармен айнымас достығы жарасқан. Сын садағын арқалағандардың бәрі Сәкеңді ұстаз тұтады. Шәкірттері қаншама десеңізші. Ал оқырманы – қара орман!
Бірде Жазушылар одағында бір топ жас жігіттер Сәкеңе сәлем береді.
– Е-е, не жазасыңдар? – дейді Сәкең інілеріне.
– Әңгіме.
– Ал сен ше?
– Мен де – әңгіме, – дейді екінші жігіт.
Сәкең мұрты енді ғана тебіндеп шығып келе жатқан Дәуітәлі Стамбековке қарайды. Ол әупірімде не айтарын білмей сасып қалады. Өйткені, қасындағы жолдастары «әңгіме» деп жауап бергендерімен, бәрі де өлең жазатын-ды.
– Мен де әңгіме жазамын, – деді Дәуітәлі. Айтарын айтса да «ұрлық жасаған балаша» іштей ыңғайсызданып тұрады.
– Е-е, керемет екен, бүгінгі жастардың барлығы шешесінің етегінен бір-бір әңгіме ұстап түскен, – депті Сәкең сонда таңдана басын шайқап.
Сәкең туған күнін атап өтуге жоқ еді. Межелі күн жақындағанда, іссапармен туған аулына тартып отыратын. Ал Алматыдағы достары іздеп әлек болатын. Түрлі себептермен алпыс, жетпіс жылдығы да атап өтілмеді. Әлі есімде, алпыс бес жылдығы қарсаңында әкем Сәкеңді, театр әртістерімен бірге арнайы шақырып, қазіргі Жетісай ауданының шаруашылықтарын аралатты. (Әкем ол кезде «Қоғалы» совхозының директоры еді). Спектакльдері үлкен табыспен өтті. Авторға үлкен сый-құрмет көрсетіліп, тұлпар мінгізілді. Көкем бұл оқиғаны көпке дейін айтып, ризашылығын білдіріп жүрді.
Сексенінші жылдарда Сәкең мені көп іздейтін. Хабар жетісімен үйіне келемін. Сол кездерде ағамыздың «Атылған қыз туралы аңыз» сатиралық романы орыс тілінде жарық көріп, театр сахналарында «Біздің үйдің жұлдыздары» қойылып, көңілі көтеріңкі-тін. Атақты «Аюбайдың ажалы», «Қожанасыр қақпасы», «Желтоқсандағы қаралы түн», одан да басқа ондаған туындылары өз алдына бөлек әңгіме. Ендігі ермегі «Бір түндегі төрт төбелес» туындысы болатын.
Екеуміз орталық көк базарға барамыз. Кейде қолжазба салатын, ал сенбі, жексенбі күндері жеміс-жидек толтыратын қоңыр портфелін көтеріп аламын. Сәкең сауда жасағанда асықпайды-ай. Әр алманы тексеріп, ең үлкенін, қызылын, исінің аңқып тұрғанын алады. Базардан екі кілә апорт, сонша алмұрт аламыз.
Мінетініміз – троллейбус. Менің шыдамым жетпей, жеңіл машина ұстағым келеді. Оған көнетін Сәкең жоқ.
Ағамыз өте әңгімешіл, жүрген жері қыран-топан күлкі. Троллейбуста сұлу қыз-келіншектердің қасына жайғасып алады да, қызықты әңгімені бастайды. Оған әлгі ару мәз-мәйрам. Сол кезде Сәкең портфельден бір қызыл алманы алады да әлгі қызға сыйлайды. Бетінен сүйіп, тамағынан құшырлана иіскейді. Осы көрініс екі-үш рет қайталанғанда, Абылай хан мен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысындағы «Столичный» әмбебап дүкеніне де келіп жетеміз. Ондағы сатушы қыз-келіншектердің барлығы шуласа қарсы алады.
– Аға, кілегейіңіз дайын.
– Сіз жақсы көретін…
Ол кезде дүкендерде бәрі де тапшы еді ғой.
Ал ағамыз «ғашық болған бозбалаша» әр бөлімге бір соғады. Қыздардың бетінен сүйіп, бір-бірден алма береді. Сәкеңнің жүзі бал-бұл жанып, жасарып, сылтып басқан аяғын да ұмытып, қалықтап, ұшып жүргендей болады.
Дүкеннен алған заттарымызды көтеріп, үйге келеміз. Портфельде бірде-бір алма, не алмұрт қалмайды.
Ертеңіне Сәкең тағы да телефон соғады. Мен жұмысымды тастай сала жетемін. Қайтадан – көк базарға!
– Көке, бес-алты күләсін бір-ақ алайық, – деймін мен.
– Жо-жоқ, – дейді Сәкең.
Тағы да бұрынғы бағыт. Троллейбус. Орталық дүкен. Сыңғырлаған күлкілер….
Қазір ойлап отырсам, Сәкеңнің көңілін көтеріп, өмірін өрнектеген де сол бір күміс күлкілер екен ғой!
Қайран менің, бала көңіл, дархан пейіл кекем-ай!..
Ағамыз жаңа ғана іссапардан оралған. Жетімдіктің тауқыметі жүрегіне қатты батты ма, әлде жалғызсырады ма, әйтеуір, бір нәрсеге қапалы еді. Шыдамсызданды, ашуланды. Аядай ғана бөлмеде ерсілі-қарсылы жүрді де қойды. Мен ешнәрсеге түсінбей аң-таңмын.
– Міне, көрдің бе, жол жүрген сайын төс қалтамда хат жүреді. Егер мен жол-жөнекей шейіт болып кетсем, осы хатта бәрі жазылған. Ең алдымен кімдерге хабарлау керектігі, телефондары мен мекен-жайы. Менің сүйегімді Алматыға жеткізуге қажетті жеті жүз сом ақшаның қай қалтамда (жасырын қалтасында) тұрғаны. Сол қаржының қасында арнайы сенімхат бар. Нотариусте расталған. Оны үйдің қасындағы жинақ кассасындағы қыздарға түсіндіргенмін. Сенімхатты көрсеткен адамға сөзге келмей екі мың сом ақша береді. Ол – мені жерлеп, жаназамды шығару, т.т. үшін жұмсалатын қаржы. «Бейшара, ешкімі жоқ еді, көмусіз қалатын болды» деп жұрттың ойламауы үшін…
Мен не дерімді білмей, аңтарылып тұрып қалдым.
– Есіңде болсын, сен ағайын адамсың, бұлай істемеуге хақым жоқ. Ешкімге салмақ салғым келмейді. Жетімдіктің зардабы әлі күнге дейін маза бермейді…
Сәкең қалшылдап кетті.
– Жүр, шәй ішейік. Одан соң жинақ кассасына барып, мына ақшаны қайта саламыз. Қандай бір қиын жағдай болса да, бұл ақшаның мұртын сындырған емеспін, сындыруға құқым да жоқ…
Қайран, көкем-ай! Ол жылдары жазушы біткеннің асығы алшысынан түсіп тұрған кез еді ғой. Шығармашылық өкілдерін халық та, үкімет те алақанына салып, құрметтеп жүретін. Ал Сәкең сияқты жазушылар еліміздің еркесі болатын. Оларды арулап жерлейтін кез-тін…
Арада қаншама жылдар өтсе де, көкемнің ешкімге ұқсамайтын осы бір әрекетін түсінгім келеді. Ойым жан-жаққа алып ұшады. Тығырыққа тірелген сайын, себебін білуге асығамын. Санама келетіні, мұндай әрекет сол жылдары қазекеңдердің ойына кіріп те шықпайтын. Ал ағылшын, немісің де, евекеңдердің де үш ұйықтаса түсіне де кірмейтін жағдай. Көкемнің ойы, о дүниеге қарыз арқалап кетпеу ғой!..
Қайран менің, жалғыз келіп дүниеге, жалғыз кетсе де «Жаным –арымның садағасы, арым – малымның садағасы» деген көкем-ай!
Әзіл-қалжыңы қандай үйлесімді болса, оған кең пейіл дархандығы жарасып жүретін, қайран көкем-ай! Осындай ұлы да дара аға-інілері, жер қайысқан оқырманы бар адамның, ұлы жазушының өмірден жалғызсырап өтуі мүмкін бе? Жоқ! Бұл Садықбек Адамбековтің ашылмай кеткен құпиясы, өз әлемі, бізге тапсырып кеткен аманаты болса керек!..
Бейсенбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
публицист, жазушы
АЛМАТЫ