Украина мектеп оқулықтарынан орыс әдебиеті алынып тасталды
КИЕВ. 17 тамыз. Украинаның білім министрлігі мектеп бағдарламасынан орыс тілін, орыс әдебиетін, сондай-ақ белорус авторларының туындыларын алып тастады. Бұл туралы The Moskow Times хабарлады.
Украина Білім және ғылым министрлігі мұның орнына «әдеби процеске сәйкес және оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай» басқа шетелдік туындылардың қосылып жатқанын мәлімдеді. Ондай авторлар құрамына америкалық новеллист О`Генри, француз мысалшысы Жан де Лафонтен және оның отандасы Анна Гавальда, швед Улаф Старк, ирланд романшысы Джон Бойн және басқалар бар. Орыс ақындарының өлеңдерінің орнын енді шотланд Роберт Бернстің, неміс Генрих Гейне мен Иоганн Гетенің, поляк Адам Мицкевичтің, француз Пьер де Ронсардың жырлары басады.
Дегенмен, орыс тілді бірнеше жазушының шығармалары бәрібір оқулықтар шеңберінде қалды. Бірақ олардың бәрінің ұлттары украин, бәрі де Украинадан шыққан. Бұларды Николай Гоголь, Владимир Короленко, Михаил Булгаков құрайды.
Ал қосымша оқытылатын әдебиеттер қатарында Ильф пен Петровтың «12 орындығы», Анатолий Кузнецовтың «Бабий Яр» деген туындысы бар.
Украина билігі сондай-ақ тарих курсын да қайта қарап жатыр. Енді оған 2014 жылғы орыс-украин жанжалы мен Қырымды аннексиялап алу оқиғасы, сондай-ақ Ресей басқыншыларының 2022 жылғы 24 ақпанда елдің территориясына басып кірген агрессиясы, РФ армиясының геноцидтігі толық кіреді. КСРО кезеңіндегі кейбір тарихи оқиғаларға қатысты да бірқатар өзгерістер енгізіледі, яғни Кеңес Одағының шын мәнінде «империялық сипаттағы» держава болғаны ашып айтылады. Бұдан бөлек, оқу бағдарламаларында «орыс әлемі» және «рашизм» деген ұғымдарға түсіндірмелер беріледі.