ӘлеуметЖаңалықтар жаңғырығы

Шаруасы ширақ «Шіркейлі»

Бір кездері «Шіркейлі» ауылының даңқы дүркіреп шыққан. Совхозды жиырма жыл басқарған отызмыңдық Жаңабай Азаматов биікке көтерген бұл ауыл Одақ тұсында Еңбек Қызыл Ту орденін иеленді. Күріш, мал шаруашылығы қатар өркендеген, жылма-жыл жүз мың центнерге жуық күріш тапсырып, талай марапатқа ие болды. Оны көзкөргендер әлі күнге жыр етіп айтады.

Атақты Ұлбикемен айтысатын Күдері қожа ақынның кіндік қаны тамған қасиетті жерде белгілі драматург Қалтай Мұхамеджанов, танымал ақын Әбірәш Жәмішев дүниеге келген. Үш жүз тағзым еткен Тапал ахунның табаны тиген өңір ертеден құт берекелі бірліктің мекеніне айналған еді. Осында Әбен, Жақып, Құдайберген, Ыдырыс, Абат, Молдабек сынды абыз кісілер кезінде елге сыйлы болып өмірден өтті.

Мұнда ауыл даңқын асқақтатқан диқандар мен малшы-сауыншылар көп еді. Жоғарғы Кеңеске депутат болған сауыншы Қызкенже Пірішева, диқан Қыдырқожа Майлықожаев, сонан соң Бексұлу, Орынкүл, Социалистік Еңбек Ері Балдырған Мұстафаева осы топырақтың даңқын шығаруға зор үлес қосты.

Ежелгі еңбек дәстүрін одан әрі жалғастырып, қазіргі «Мәди қажы» шаруашылығының негізін қалаған Аббас Камалатдин құрметті демалысына шыққаннан кейін оның орнын Сейіткамал Сұлтанов басты. Бүгінде ол шаруашылықты одан әрі дөңгелентіп басқарып отыр.

Ауыл әкімі Талғат Құламқадыров елді мекенде атқарылып жұмыстарға тоқталып өтті.

– Шіркейлі ауылдық округі бойынша 514 отбасында 2766 жан тұрады. Ауылда  мектеп-лицей, мектеп жанындағы шағын орталық, әуез мектебі, спорт мектебінің филиалы, балабақша, емхана, ауылдық мәдениет үйі, кітапхана және «Қазпошта» бөлімшесі халыққа қызмет көрсетеді. Округ бойынша 2022 жылы ауыл тұрғындарының есебінде (шаруа қожалықтарындағы малды қоса алғанда) 2309 бас ірі қара, 737 бас уақ мал, 1351 бас жылқы және 1270 бас құс тіркелген. Ауылдық округте бір ірілендірілген «Мәди қажы» атындағы ЖШС және 16 егін шаруа қожалығы бар. Серіктестікте биылғы жылы 1 900 гектар жерге күріш егілді. 200 гектарға бидай егіліп, толығымен қоймаға жиналды. Ескі жоңышқа 480 гектар жерге егілді, – деді ол.

Шаруашылық басшысы Сейткамал Сұлтанов ауыл әкімімен бірлесе отырып, тыңғылықты шаруалар бітіріп отыр. Тірліктің тындырымды көзін тапқан серіктесік орталық алаң, ауыл паспорты, ауылдың кіреберісіне арка, балалар ойын алаңы салып, мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізген. Көшелер асфальттанып, жарықтанған. Оларға темір қоршаулар қойылды. Тротуарлар салынып, көпірлер жөнделді. Облыста бірінші болып үйлерге ауыз су мен аяқ сулар тартылды. Жастарды өнерге баулу мақсатында домбыра, баян, қобыз, би үйірмелерімен әуез мектебі ашылып, көптеген адамдар жұмыспен қамтылды.

Серіктестіктің кадр жөніндегі басшысы Рахматулла Мұстафаев шаруашылық тынысымен, мал шаруашылығы бойынша жасалып жатқан жұмыстарды осылай таныстырып өтті.

Иә, 500 бас жылқы малын бордақылау алаңында қызу жұмыс жүріп жатқаны байқалды.

– Біздің серіктестік әртүрлі сала бойынша жұмыс істейді. Соның ішінде мал шаруашылығы туралы айта кетер болсам, бордақылау алаңының ашылғанына 1 жылға жуықтады. Былтыр қуаңшылыққа қарамастан, жоспарлаған межемізді орындадық. Биылғы жылы да 100-200 басқа жуық жылқы малын әкеліп көбейту, бордақылау бағыттары бойынша жұмыстарды жалғастыратын боламыз. Серіктестің алдағы мақсаты 1500 басқа дейін жылқы малын бордақылап, республикамыздың түкпір-түкпіріне экспорттау болып отыр. Мал бордақылау алаңында 5-6 адам жұмыс істейді. Қорытындылай айтқанда, ата кәсіп – мал шаруашылығын әртараптандырып, ауыл халқының әл-ауқаты мен тыныс-тіршілігіне дем беру, – дейді жас маман бізге.

«Мәди қажы» ЖШС мал шаруашылығымен қатар егін шаруашылығын да дамытып келеді. Қазіргі таңда өнлірісте 250-ге жуық адам жұмыс істейді. Шаруашылық құрылысқа қажетті өнімдерді өндіру және мал шаруашылығы сонымен қатар күріш өсірумен айналысады. Мысалы, 2019 жылы 450 гектар жерге жаңа жоңышқа, 60 гектар жерге тұқым жоңышқа, 150 гектар бидай және 2300 гектар жерге күріш егіп, сапалы жоғары мол өнім жинады.

Сонымен қатар, шаруаны әртараптандыру мақсатында құрылыс заттарын шығаратын үлкен цех ғимараты бой көтерді. Аталған өндірістік цехта жаңбырлы сылақ, құйылмалы еден, кафель желімі, ішкі жұмыстар үшін 2в1,ротбонд, қара қағаз, 3 түрлі эмульсия және грунтовка өндірісі жолға қойылған. Бүгінгі таңда бұл құрылыс материалдары Қызылорда қаласын толық қамтамасыз етіп, Түркістан облысында да жоғары сапа, тиімді бағада болғандықтан, үлкен сұранысқа ие болып отыр. Өндірістік цех екі ауысыммен қарқынды жұмыс жасайды. Бұл ел экономикасының дамуына үлес қосып, әрі халықты жұмыспен қамтуда. Мұндағы техникалық база жеткілікті. Жыл сайын қажетті техника алынып, жұмысты одан әрі дамыту бағытында біраз тірліктер қолға алынған.

Серіктестікте ХТЗ, К-700, МТЗ-80 тракторлары, кейс, класс, «Джон-дир» комбайны, эксковатор, «Макдон» жаткасының соңғы маркасы бар. Соңғы жылдары жаңадан тағы «Класс», «Кейс» комбайндары, макдон жаткасы, соқалар, скрипер, грейдер, эксковатор, камаз, жеңіл автокөліктер сатып әкелінді.

Әлемге және елімізге келген коронавирус (COVID-19) ауруына байланысты шаруашылық ауыл тұрғындарына қажетті медициналық маска, 1500 миллион теңгеге дәрі-дәрмек, адамдардың дене қызуын өлшейтін термометр құралы, тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік және ауылдың кіре берісіне қойылған тосқауыл бекетін қажетті заттармен қамтамасыз етті. Түркістан облысында апаттан зардап шеккен Арыс және Мақтаарал аудандарының халқына 5 тонна ақ күріштен көмек берілді.

Уақыт талабына сай туған шағын өндірістің тауары бүгінде сұранысқа ие. Қолдан келгенді кәсіпке айналдыру да оңай шаруа емес. Жалдамалы жұмыстан нәпақа тауып отырғандарға қарағанда мұндай тәуекелділікке барғандардың аты алысқа шабады. Әр адам кәсіп бастар алдында ең бірінші көп табысты қалайтыны жасырын емес. Бірақ біз тілге тиек еткелі отырған келесі кәсіпкер пайданы көздеуді о баста мақсат тұтпаған. Ол әлі күнге адамдарға жақсылық жасағысы келіп тұрады. Оның бір дәлелі көптеген адам жағдай сұрап келгенде, бетін қайтармай қол ұшын созып отырады.

Аудан әкімінің шешімімен шаруашылық серіктестігіне 10144,6 гектар ауылшаруашылық мақсатындағы жер учаскесі беріліп, берілген жерді мақсатты пайдалануда. Шаруашылық 2020 жылы 2100 гектар жерге күріш, 545 гектар жерге жоңышқа, 150 гектар жерге бидай егіп, 250-ге жуық адам жұмыспен қамтылған.

Әр адам мамандықтарын жақсы меңгерген азамат. Айлық жалақылары уақытылы берілуде.

Аталған серіктестік Қызылорда қаласынан 50 шақырым жерде орналасқан. Жыл сайын күріштің әр гектарына 60 центнерден өнім аламыз. Комбайнер, жаткисттерде жоғары өнім жинап, орып аудан, облыс бойынша жеңімпаз атанып жүр. 2019 жылғы өнімнен ең жоғары өнім алған үздік бригадирге жеңіл автокөлік сыйға берілді және үздік жақсы көрсеткіштер көрсеткен 50 адамға комбайнер, жаткист, күрішшілерге теледидар, газ плиталар сыйға берілсе, 250 адамға сыйлықтар және «Алғыс хаттармен» марапатталды. 2020 жылғы озат күрішші, озат комбайнерға су жаңа шетелдік 2 жеңіл автокөлік, 120 адамға теледидар, газ плитасы, ас үй жиһазы, дәліз жиһазы, қонақ бөлме жиһазы секілді бағалы сыйлықтар берілді.

– Иә, атқарылған жұмыстар көлемі ауқымды. Ауыл тұрғындарының шаруашылық тарапынан көріп отырған көмектері де жетерлік. Мұның барлығы жұмысты дұрыс ұйымдастыра білген шаруашылық басшысының нағыз еңбегі деуге болады. Биылғы жылы 1900 гектар жерге күріш, 300 гектар жаңа жоңышқа, 500 гектар ескі жоңышқа егілді. Су тапшылығына қарамастан біздің жұмысшылар биылғы жылы да жақсы өнім аламыз деген мақсатымыз бар. Күріштің лидер сортын егілді, – дейді бригадир Марат Азбергенов.

«Мәді қожа» ЖШС шіркейліліктердің игілігі үшін 2022 жылы 12 млн. 456 мың теңге көлемінде көмек көрсеткен.

– Биылғы жылға да жоспарымыз көп. Ауылдағы жолдарға асфальт төсеп, әуез мектебін күрделі жөндеуден өткіземіз деп отырмыз. Сосын ауданға ұсыныс беріп, биыл қаражатын бөліп, жұмыс істеліп жатыр. Ауылға елдің азаматы Сейткамал Абзалұлының  жаны ашиды деген осы. Қаншама игілікті жұмыстарға, ауыл тұрғындарына көмек қолын созудан шаршаған емес, – дейді ауыл әкімі.

Расында солай, ойланып қалдым. Қалтасын ойлаған кәсіпкер болса, бөлінген қаражаттан бірде-бір тиын артық салмас еді. Елдегі игі істердің басы-қасында жүрген Сейткамал Абзалұлының жетістігі қашанда халықпен бірге екеніне көзіміз тағы бір мәрте жетті. Асылында, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме?! Туған жердің төл перзенті атқарған елдегі жұмыстың бір бөлігі ғана бұл.

Шын мәнінде, ел үшін жұмыс істеп жүрген жан еңбегінің бағасын тек халқының бергенін қалайды. Шаруасы ширақ Шіркейлінің тыныс-тіршілігі «Мәді қожа» ЖШС-мен бірге біте қайнасып жатыр десек, артық айтқанымыз емес.

Жансая НҰРҚОЖА,

Қызылорда облысы,

Сырдария ауданы

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button