Аналитиктер Ресей шабуылы таяу апталарда тоқтайды деп отыр
ВАШИНГТОН. 24 маусым. Соғысты зерттеу институтының (ISW) аналитиктері Ресей оккупанттарының шабуылдары таяудағы апталарда тоқтайтынын айтты. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.
Институт сарапшы-талдаушылары Ресей басқыншыларының украин жеріндегі шабуыл ұрыс қимылдары жақын арадағы апталарда тоқтап қалатынына, бұл украин қорғаушыларына қарсы шабуылға шығуға мүмкіндік беретініне болжам жасап отыр.
Аналитиктер сонымен бірге қазір екі елдің шекарасында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан Беларусь әскерилері Украинаға шабуыл жасай қоймайтынын, алайда, әртүрлі арандатушылықтарға барулары мүмкін екенін айтады.
Институт соңғы бірнеше аптада Ресей әскерлерінің Северодонецк-Лисичанск ауданында айтарлықтай табыстарға жеткендерін, украин әскерлерінің шығынға ұшырауды жалғастырып келе жатқандарын, бірақ украиндардың мұнда өзінің басты мақсаты – оккупанттардың ілгері жылжу жолын тоқтатып қойғандарын атап өтті.
Дегенмен, ISW бұдан бұрын баға бергеніндей, Северодонецк мен Лисичанскідегі шығындар соғыстың шешуші түйінді тұстары бола алмайды.
Аналитиктер Ресейдің Северодонецк-Лисичанск аудандарын басып ала алғанына немесе ала алмағанына қарамастан, оккупанттардың шабуылдау операциялары жақын апталарда тоқтайды деп есептейді. Осының нәтижесінде Украина Қарулы күштері жойқын қарсы шабуылға шығып, басқыншылар басып алған аудандардың бәрін қайтарады.