Ұстаз деген – ұлттың ұлағатын арқалаған, жүрегіне жылу, сөзіне шуақ ұялатқан киелі мамандық иесі. Сол асыл жанның бірі – балалардың білім жолындағы жарық шырағына айналған Сапаргүл Нышанбаева.
Ол 1973 жылдың 15-наурызында Өзбекстан топырағында дүниеге келіп, өскен ортасының мейірімі мен тәрбие дәнін бойына сіңіріп жетілді. Жастайынан балаларды жақсы көріп, өзгеге білім үйретуді парыз санаған арман жас қызды 1992 жылы М.Мәметова атындағы педагогикалық училищесінде «бастауыш сынып мұғалімі» мамандығын игеруге жетеледі.

Сол жылы ұстаздық сапарға қадам басып, №195 мектеп-гимназияның табалдырығын жас маман болып аттады. Содан бергі отыз жылдан аса уақыт ішінде Сапаргүл Хамидқызы талмай ізденіп, білімнің биігіне өрледі. 2002–2005 жылдары М.Әуезов атындағы мемлекеттік университетте жоғары білім алып, педагогикалық жолын кемелдендірді.
«Еңбек – ер атандырар» демекші, ұстаздыққа деген адалдығы мен талапшылдығы оны зерттеуші ұстаз деңгейіне көтерді. Қанша жыл өтсе де, ол үшін әр бала – бөлек әлем, әр сабақ – жаңа мүмкіндік. «Баланы оқытсам – ұлтты өсіремін» деген мұрат оның жүрегінде берік орын алған. Қадірлі мамандық иесінің ұстаздық жолындағы табыстары – адал еңбектің, маңдай тердің, ізденістің айқын дәлелі. Оның еңбегін талай мәрте облыстық, республикалық ұйымдар жоғары бағалап, марапаттады. «Үздік бейнесабақ», «Үздік бастауыш сынып мұғалімі», «ПедСтарт», «Үздік авторлық бағдарлама», «Шебер педагог», «Білікті ұстаз» сияқты сан түрлі сындарда топ жаруы – оның кәсіби деңгейінің биіктігін көрсетсе, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы мен«Білім қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» медалі – ұзақ жылғы жемісті еңбегінің лайықты бағасы. Үздік деп танылған әдістемелік құралдары мен ашқан шебер сабақтары ұстаздық жолындағы іскерлігін айшықтап, талай әріптесіне үлгі болды.
«Ұстаз мейірімі – ананың мейірімімен тең» дейді дана жұрт. Осындай сөз оның болмысына дәл келеді. Сапаргүл апай – отбасында да, мектепте де мейірім шуағын төгетін жан. Өзі – көптің үлгі қыларлық ана, бес перзент тәрбиелеп, жеті немеренің қызығына бөленіп отырған отбасының алтын қазығы. Шәкірттерге де дәл сол ана жүрегімен қарайды. Сабақ үстінде баланың жан дүниесін жылытатын жылы сөзі, сенім білдіретін көзқарасы, ынталандыратын ықыласы – бала бойындағы отты маздатып тұратын шырақ. Шәкірттері қалалық, облыстық, республикалық жарыстар мен ғылыми жобаларда топ жарып, «Алтын белгі» иегері атанып жатса, ол – ұстаз еңбегінің жемісі. «Шәкіртінің жетістігі – ұстаздың мерейі» деген сөздің шындығын талай мәрте дәлелдеді. Жыл сайын оқушылары ғылыми жобаларда, пәндік олимпиадаларда, ақындық және зияткерлік байқауларда жүлде алып, білім нәрін құйған ұстаздың үмітін ақтап келеді.

Апайды шәкірттері «жүрекке жол таба білетін ұстаз» деп атайды. Өйткені ол әр баланы өз мүмкіндігіне қарай қанаттандырып, сенім беріп, баурап алады. Сабақтағы әдісі – түсінікті, тәрбие берудегі тәсілі – жұмсақ, талап қоюы – әділ. Оқытуды ойынмен, ойлауды өмірмен байланыстыру – оның басты қағидасы.
Ол «Ұстаздық – ұлық емес, ұлы қызмет» деген ойдың мәнін күнделікті еңбегімен көрсетіп келеді. Бүгінде ол – тәжірибелі педагог, зерттеуші ұстаз, ұлағатты тұлға. Көпшіліктің алғысын алған, шәкірт жүрегінде мәңгі сақталатын жарқын есім. Нағыз ұстаздың болмысы – қолындағы қаламында емес, жүрегіндегі сәуледе. Сол сәулені Сапаргүл апай отыз жылдан астам уақыт бойы сөндірмей, әр баланың өмір жолына жарық етіп шашып жүр.
Еңбек жолындағы әр жетістік – оның табандылығына, талаптылығына, риясыз ниетіне қойылған үлкен баға. Қай жерде жүрсе де, ол – ұжымының тірегі, шәкіртінің шамшырағы, отбасының берекесі. Әр сөзі үлгі, әр ісі өнеге. «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» дегендей, Сапаргүл Хамидқызының шәкірттері биіктен көрініп, еңбегі еселене берсін демекпіз.
Жансая НҰРҚОЖА,
Қызылорда облысы
Жаңақорған ауданы
USD




