Қостанайдан шыққан пойыз бозбала Сәлімнің қиялымен жарысып, әуелден оның арманын қыздырған Алматысына салып ұрып келеді. Аңғал емес, тісқаққандығы байқалады. Екі жыл Рудныйдағы кеншілер ортасының от-жалынында ысылып, өндірістік өтілін жинаған ол жорналшы даярлайтын жоғары оқу орнының құжат қабылдайтын барлық талаптарына сайма-сай еді. Өтіл кезеңі өзін әбден шыңдады. Слесарьлығын мінсіз атқара жүріп, қос тілдегі жазу-сызуын да мәттақамдап алған-тын. Әне, соның жемісі – қос бүйірі томпиған, аяусыз ақжемденген шабаданының ішінде жатыр. Соған көзі түсіп еді, жүрегі тулап кетті. Баспасөздің барлық жанрларын қамтитын жарияланымдары бірнеше папкені тырситып, әрең сиып тұр. Жарық көре қоймаған қолжазбаларын ойлағанда, мына пойыздың жүрісін шабан өгіздікіне ұқсатып дегбірсіздене түседі. «Жазам, жазам, тағы жазам!» деп, алақанын құшырлана ысқылап қояды. Маңайына байыппен зер салады. «Осының бәрі менің болашақ кейіпкерлерім ғой» дегендей, әрқайсысының жанына үңілгендей боп, өзінше сыр түйеді. Ал, керек болса! Сұранып тұрған нағыз сайлы студент емес пе? Қазір осындай, ертең дипломды болғанда не жорық?!
Осылайша іштей ісініп-күпініп келе жатып, анадай бұрышта кітаптан көз алмай өз-өзінен ыржия күліп, сықылықтаған қызға назары ауды. Кейіпкері ретінде ғана танысты. Әйтпесе аруларға жұғымдылығы мүлде жоқ еді. Қылтың-сылтың мінезден ада. Мектепте мұны сондықтан да «қыз мінезді бала» дейтін. Бір қалыпты. Салмақты. Мінезге бай. Қою бұйра шашын бір сипап, түбі қасқалануға сұранып тұрғандай кең маңдайын жарқырата түсіп, нұрлы жанарын мөлдіретіп тап-таза пейілмен қарайтын оған қыз түгілі ер адамның өзі қызыға телміріп қалатын.
Әлгі бойжеткен Бейімбет Майлиннің «Азамат Азаматыч» романын оқып отыр екен. «Мә, сен оқы! Мен бітірдім!» деді де, кітабын әй-шай жоқ, Сәлімге ұстата салды. Бұл кітапты қолына түсіре алмай пұшайман күйде жүрген ол отырып оқыды, жатып сүзілді, тамбурға шығып шүйлікті. Тіпті сәл аялдағанда перронға да кітабын ұстай шықты. Әйтеуір, алыстан тамсандырған Алатауды алғаш көзі шалғанда ғана кітапты тауысты. Сезім-сырға бөккен балаң жүрек ыссы атқақтап, алқына тулап: «Бейімбеттей болам, Майлиндей жазам!» деп, Алматының қасиетті жеріне аяғын тигізді… Алатауға алабұрта қол бұлғап: «басшы мені бауырыңа» деп қиылды. Жанарынан мөлдір тамшы үзіліп түсті. Ех, бала махаббат, кәусар көңіл, мөлдір ниет, аппақ арман алдамапты оны, үнемі қасында әлдиленіп жүріпті… Кейін Сәлім бір хикаятын «Мөп-мөлдір дүние» деп атап еді.
Емтихан билетін суырып алғанда, Сәлімнің басы жеңіл зеңіп кетті. Көзі қарауытқандай. Ұзын кірпіктері еркінен тыс жыпылықтап алдындағы профессорларға: «Бірінші сұрағым Бейімбет Майлиннің «Азамат Азаматыч» романы туралы», – деп жауапқа дайын екендігін сездірді. Екеуі «Байқа, бала! Асықпа! Дәл осы сұрақтан талай талапкерлер сүрінген!» дегендей сезікпен қарады оған. Бірақ ұзын бойын тік ұстап, қаздиып отырған мына қостанайлықтың Сәкен пішіндес жүзінде тайсалмас бір ағын ойнап тұрғанын сезген олар: «Романдағы басты кейіпкердің аты-жөні кім?», – деп қосарланды. «Қожалақ Күркілдеков!», – деді бұл сыңғырлы әсем дауыспен. Талай үміткердің үмітін үзген бұл сұрақтың дәл жауабына разы болған оқытушылар басқасына бас қатыртып жатпай-ақ мұны емтиханнан өткізіп жіберген.
Тағдыр ненің де болсын қисынын өз икеміне ыңғайлай келістіріп, қиюластыра алады екен. Сәлім Меңдібайдың содан былайғы жолы Биағаңмен рухани қабысқан, ойша әр сәт серпіле табысқан, сол теңдессіз әдеби әрі журналистік тұлғаның дәл қасында жүргендей елестеуі әрдайым алыстан… иә,иә, жалы күдірейген керемет кезеңдері екен. Мұның өмірлік ары да, жинаған бақ-байлық бары да – сол классик салған сара жолдың сүрлеуімен бапты күйінде алға ағындап келіпті. Қандай жарасым, қараңыз! Биыл Мұхамеджан Сералин мен Бейімбет Майлин негізін қалаған «Ауыл» газетінің шыға бастағанына 104 жыл толатын болса, соның жарты ғасырында Сәлімнің де жанкешті еңбегінің сонарлы ізі сайрап жатыпты. Биағасы сияқты газетті алға жетелепті, яғни бас редактордың бірінші орынбасары ретінде ұйымдастырушылық жұмыстармен айналыса жүріп, өзінің де қаламын суытпапты. Пай-пай, журналистикадағы өзі баптаған келісті де, желісті кілең сәйгүліктері үзеңгі қағыстыра дүбірлетіп келеді екен. Құлағын құмарлықпен тосады: алыс заман жаңғырығындай боп Биағаң қалмының сусылы да естілетіндей ме?! Кенет жұмыс бөлмесінің төрінде ілулі тұрған Биағаң суретіне еріксіз жанар бұрып: «Газетіңіз сапалы, ойлағаныңыздай шығып жатыр!», – деп, кәдімгідей есеп беріп қояды. Биағаң газетіне де, Сәлімге де разы қалып танытқандай боп, баяғы ойлы жүзін қадап қалыпты…
Биағаңның осы портреті Сәлімнің қолына қалай түсіп еді? Ол да қызық жайт… Университет дипломын алған соң Сібір жерінде екі жыл әскери міндетін өтеп оралған ол облыстық «Коммунизм таңы» (қазіргі «Қостанай таңы») газетінің басшысы Бақытжан Жангисиннің қабылдауына келеді. Етегі жер сызған шинелінің белін қынай тартқан, ұзын бойлы, талдырмаш денелі көрікті лейтенантты редактор өз есігін айқара аша бергенде көріп қалып, сол күйінде киімін шешіндірместен ішке қайыра бұрылып, ертіп кіреді. Төрде бастықтан да зорайыңқырап көрініп, Ленин «Правданы» оқып отыр екен… Бойын тәтті елес ысытып жіберді… «Қызметке алынсам, бөлмеме Майлин суретін іліп қояр едім-ау!» деп іштей күбірлеп, өзіне-өзі басу айтты.
Сол аға әдеби қызметкерліктен бүгінгі газет басшысының бірі ретіндегі аралықта аттай жарты ғасыр көсіле керіліп жатыр екен. Уақыт неткен зымыран! Газеті де жасына жас қосуда. Сәлім де бірге егде тартқан. Баяғы ашық сызылған жарқын қабақ салбыраңқылау, кереқарыс әжімді маңдайдан үрке қашқан сол кезгі толқындай бұйра қара шашы арасынан сәуле көрінгендей сиреп, селдірленген. Тек шаршаңқылау нұрлы жанары: «Мен сол студенттік шақтағы Нұрлан Оразалин досымның әспеттеуіндегідей баяғы «князь Сәліммін ғой!», – деуінен жазбай, қарттыққа дес бермей тұр. Өзгермеген тек Биағаң! Сәлім шәкіртін аласартпай, аспандатып қана осы бүгінгі биігіне жеткізген асыл бейне! Кешеден бүгінге жетелеп келіпті. Ұстазының шәкіртіне деген сайлылық көрінісі де осы болар, бәлкім. Суретінен сол баяғы биязы жүзін жылытып «ризамын» дегендей, бұған үнемі мейірлене қарайды. Сәлім үшін одан артық бақыт бар ма?
Бейімбеттердің жолына Сәлімді тағдыр айдап салды ғой. Әрине, бейбіт өмірдегі сүрлеуіне. Әйтпесе, «Ауыл» газетінен 14 адамның жазықсыз қудаланып кетуін еске түсірудің өзі қандай ауыр. Болмашыға айыптай салып, айдатып жіберген. Соның бірі Б.Майлин, С. Сейфуллиндермен қатар жүрген, соғысқа қатысқан С. Қазыбеков ақсақал еді. Бірде ол «біле жүрші» дегендей, Сәлімге жан сырын ашқан. «Білесің бе, балам. Мен он жылға отырып келген адаммын ғой!» «Не үшін?» «Газетке кезекші болған күні «Ұлы Сталин» деп басталатын тақырыптағы «ұлы» сөзінің «улы» болып кеткен қателегім үшін!» Сәлімнің төбесінен жай түскендей болған.
Қуғын-сүргіннің қыспағында жүріп-ақ Сәлімнің Биағасы қалай-қалай өндіртіп жазған. Барлық шығармасын індете оқыды ғой. Кейбірін жадына тоқығаны соншалық, ойып алып ауызша соғады. Олжастың да орысша өлеңдерін жатқа айтатын еді. Есте сақтау қабілетін жастайынан шыңдай білген. Өз әкесі Тоқмырзаның оқымыстылығын, үздік мұғалімдігін ел іші әлі күнге жыр қылады. Сол кісінің темірдей қатаң талабы бұны шарболаттай шыңдады. Бірде ұлағатты ұстаз, алғашқы романшының бірі Спандияр Көбеев Сәлім баланың зеректігіне тәнті болып, әдейі сыныпқа іздеп келмей ме? Келсе, Сәлім оқыстан жоқ боп шығады. Бәрі аң-таң. Сынып жетекшісіне бірдеңе белгілі сияқты. Парта астына үңіліп: «Шық, Сәлім» деп шырылдайды. Балалар бұл қызыққа езу тартады. Сөйтсе, мұғалімнің кезекті бір мақтауына шыдамай, ұялған Сәлім әдетімен парта астына бұғып, тығыла қойыпты. Қып-қызыл боп түрегелген шәкірттің басынан күлімдеп сипаған Спандияр ұстаз: «Мұғалімнің баласы осылай өте жақсы оқиды. Оған ұялуға болмайды. Шаттан қайта! Сенен зор үміт күтем!», – депті. Сәлім сол аманатқа өмір бойы адал боп келеді. Ал кезінде С.Көбеевтің мектеп қабырғасын аттауына ұлы ұстаз Ы. Алтынсарин көмектескен екен… Қандай жарасты, жалғасты мысалдар.
Ұлы жазушы Биағаңның қарапайымдылығы мен жұмсақ мінезі, кең пейілі мен дарқан жүрегі, түйіп айтқанда азаматтығы мен адамгершілігі туралы таңдай қаға айтылып та, жазылып та жүр. Сондай ұқсастық Сәлімге де тән десек, артық емес секілді. Бір замандасының: «Осындай бір қалыппен, бір мінезбен, ешкімнің көңіліне қаяу түсірмей-ақ ұзақ жыл бойы өмір сүруге болатынын Сәлім дәлелдеді ғой!», – деп әзілмен тамсанғаны бар. Несі әзіл, анығы –шындық!
Сәлім жақсыға жанасқыш боп көрінеді. Әсілі, оған жақсылар тартылып, тәнтіленіп тұратындай. Салық Зиманов, Манаш Қозыбаев, Өмірзақ Сұлтанғазин, Серік Қирабаев секілді ғұлама ғалымдардың, Кенен мен Шерхандай сөз зергерлерінің алғысына бөленіп, батасын алғанын айтудың өзі бір ғанибет. Ғылым Академиясының президенті, туған бажасы Өмірзақ Сұлтанғазин ана бір жылдары Қостанайға келгенінде Сәлімді облыс басшысының қабылдауына бірге ертіп бармақ болады. Арғы жағын айтпаса да түсінген Сәлім: «Бас редактор болғысы кеп жүргендерге қиянат жасармын»,– деп бұл ұсыныстан бас тартады… Өмекең еріксіз басын шайқапты. Бұл шешіміне Сәлім тіпті де өкінбейді. Қайта, сегіз редактормен түсіністікпен еңбек еткенін мақтаныш тұтады.
Оның қаламгерлік қуаты бәсеңсімей, қайта жалындай түскенін оқырмандары әрдайым сезініп келеді. Соңғы жылдары өзі негізін қалаған «Қостанай таңының» кітапханасы» сериясымен шығарған «Тұмарымыз – Түркістан», «Біздің елдің жігіттері», «Армысың, алтын таң!», «Өшпес даңқ» атты кітаптары оның өмірінің үлкен бір белесі іспетті. Бұған «Жүрек лүпілі», «Еменнің айыр бұтағы», «Мөп-мөлдір дүние», «Ілияс Омаров», «Еркімбайдың Сұлтаны», «Терең тамыр» секілді деректі, көркем шығармаларын қоссаңыз, оның журналистік, жазушылық әлеуеті тіптен жоталана түседі.
Алуан түрлі мұратты ойлар мазалайды оны. Даңқты жазушы туған ауданды қызыл төңкерісші Таранның атынан алып, Майлиннің есіміне өзгертуге мейлінше көп еңбек сіңірді.
Тағдырмен талай тай-таласта қаламы оны үнемі жеңіс тұғырына көтеріп, мықты рухқа, тәтті ләззатқа кенелтіп келеді. Марапаты да жеткілікті. Оның қалам қарымына разы болғаны соншалық, бірде облыс әкімі ұшақ үстінде Меценаттар сыйлығын шұғыл түрде тапсырған. Әйтсе де бір ғана «Қостанай қаласының құрметті азаматы» деген атағы оның туған жеріне салмағын еселей түсері кәміл.
… Және де «Майлиннің ізбасары» атануы – екінің біріне бұйыра бермейтін деңгейлі дәреже, талғаммен қонатын бақыт құсы секілді!
…1946 жылы өмірге келген, бұдан бес жыл бұрын, яғни 2021 жылы бақилық болған Сәлім достың да биыл 80 жылдығы аталып өтіп жатыр. Осыған орай таяуда «Қостанай» облыстық телеарнасынан көрнекті жорналшының өмірі, шығармашылығы жайлы келісті деректі фильм көрсетілді. Сәлім Тоқмырзаұлының аманатына адалдықтың белгісіндей оның газеттің білгір де өрелі ұйымдастырушы басшысы Кенжеш Оразғалиқызы шабыттандырып отырған шәкірттері «Қостанай таңын» мазмұнды етіп, құлпыртып шығарып келеді. Міне, ұстаз үміті ақталды деген осы емес пе?!
…Шіркін тағдыр! Бірде сызсың, бірде қызықсың ғой! Сәліміммен бірге өткерген бұлқынысты да, бұла күшті, тайдай жазып жарысқан тәтті ұшқынды сәттерімді қайта бастан кешкендей болдым-ау! Содан сиқырлы сезім ұшқынына малынғандай ғажап күй кештім- ау!..
Қайсар ӘЛІМ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
АСТАНА
USD




