ҚЫЗЫЛОРДА. 4 желтоқсан. Сыр бойы журналистикасының ардагері, Қазақстанның құрметті журналисі, «Ақпарат саласының үздігі» Жолдасбек Ақсақалов кенеттен қайтыс болды. Бұл туралы «Сыр бойы» газетінің ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Бұдан бір айдан сәл ғана астам уақыт бұрын 69 жасқа толғанын атап өткен ардагер бүгін таң алдында жантәсілім етті. Ол өзінің саналы өмірінің 36 жылын бір ғана шығармашылық ұжымда – бұрынғы «Ленин жолы», кейінгі «Сыр бойы» газетінің редакциясында өткізді.
Жолдасбек Әленұлы Ақсақалов 1956 жылы 27 қазанда Қызылорда облысының Сырдария ауданында қарасты «Абай» ауылында туған. 1983 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.
Жолдасбек Ақсақалов университетті тәмамдаған жылы Қызылорда облыстық «Ленин жолы» («Сыр бойы») газетіне қызметке қабылданып, 2019 жылы зейнетке шыққанға дейін осында табан аудармай қызмет етті. Ол осы жылдарда еңбек жолын корректорлықтан бастап, бұдан әрі тілші, жауапты хатшының орынбасары, бөлім меңгерушісі, бас редактордың кеңесшісі, бас редактордың орынбасары сатылары арқылы өсуінен белестерінен өтіп, бас редактор дәрежесіне дейін жетті.
Жолдасбек Ақсақалов қалың оқырманның жадында экономика саласында қалам сілтейтін білікті журналист ретінде сақталып қалды. Ол өз тақырыбын жетік меңгерген қарымды қаламгер еді. Сондықтан да жазған сараптамалық мақалалары мен шолулары әрдайым жан-жақты жақсы резонанс, тұшымды баға алып отырды.
Жолдасбек Әленұлы осы жылдарда бірнеше фолианттың авторы атанды. Соның ішінде «Сталиннен Горбачевқа дейін», «Тарих сыр шертеді», «Нағыз полковник», «Экономика. Жасампаздық жаңғыру жолымен: Тәуелсіздік жылдардағы Сыр өңірінің тынысы» деп аталған кітаптары оқырмандар көңілінен шықты.
Бірнеше шығармашылық конкурстардың үздігі болып танылған ол «Қазақстан Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қызылорда облысына 70 жыл» медальдары мен «Қазақстанның Құрметті журналисі», «Ақпарат саласының үздігі» атақтарын алды, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қызылорда облысының және Қызылорда қаласының Құрмет грамотасымен марапатталды. «Қанатты қалам» іс-шарасында түрлі номинациялардың жеңімпазы, 2007 жылы облыс әкімінің стипендианты атанды. «Қызылорда облысының Құрметті ардагері» медалімен наградталды.
Біздің арамыздан осындай қарымды қаламгер, абзал азамат, айтулы адам кетіп бара жатыр.
Бақұл бол, Жөке! Алла алдыңнан жарылқасын.
Марқұмның жаназасы 5 желтоқсан күні сағат 11:00-де Қызылорда қаласы, Әлкей Марғұлан көшесі, 16-үйде өтеді. Ал осы қазаға байланысты митингі сағат 10:00-ге белгіленген.
USD




