АЛМАТЫ. 18 қыркүйек. Белгілі спорт журналисі Ғалым Сүлейменов бірқатар уақытқа созылған кеселден кейін бақилық сапарға аттанып кетті. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.
Қаралы хабарды қалың елге «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеткізді.
«Қазақ спорт журналистикасында өзіндік қолтаңбасы қалған қаламгер, журналист Ғалым Сүлейменов өмірден өтті», – делінген серіктестік хабарламасында.
Ғалым Қамашұлы Сүлейменов 1975 жылы 28 сәуірде Алматы қаласында туған. 1996 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.
Ол 1996-2004 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінде спорт шолушысы болып қызмет етті. 2004 жылдан бастап «Спорт KZ» газетінің бас редакторы болды.
Ғалым Қамашұлы – Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының стипендианты, Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты.
Ғалым Сүлейменов қалың оқырманға газет беттерінде спорт тақырыбында көтерген алуан түрлі проблемалық проблемалық мақалаларымен, сан қилы жарыстардан жедел жазып жолдаған ақжолтай хабарларымен ғана емес, сонымен қатар көгілдір экранның штурвалінде отырып тікелей эфирден жүргізген репортаждарымен де жақсы танылған еді. Шығармашылық адамы ретінде ол көп ізденіп, өзін ұдайы шыңдап отыратын. Сондықтан спортсүйер қауым оны білікті спорт комментаторы ретінде әрдайым жоғары бағалады.
«Қаламы мен еңбегі арқылы қазақ спорт журналистикасына үлес қосқан әріптестің жарқын бейнесі әріптестері мен оқырмандарының жадында сақталады», – деп атап көрсетті «Қазақ газеттері».
«Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын. Жақындарына қайғырып көңіл айтамыз», – делінген қазанамада.
Міне, арамыздан өз ісіне берілген талантты журналист, табанды спорт жанашыры ғана емес, сонымен бірге өзінің елін, халқын қалтқысыз сүйген абзал азамат, ақ пейілді аңқылдаған адал адам, әзелден әдебі мен әдібі жарасқан әзиз әріптес, тіршілігінде бірімізге – ізетті іні, бірімізге – қадірменді қатар-құрбы, бірімізге ардақты аға бола білген барқадар бауырымыз бақилыққа кетіп бара жатыр.
Алла алдыңнан жарылқасын, Ғалым Қамашұлы! Көрмеген көшеңнен берсін.
Rast.kz интернет-басылымы
USD




