САЛИҚАЛЫ СҰХБАТ
Біз бүгін Қазақстан балаларының аманатын арқалап жүрген парасатты публицист, танымал жазушы, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» Бейсенбай Сүлейменовтің әдебиет әлеміне қатысты ой-толғанысын ұсынып, өзі қалам тербеген кейіпкерлерінің өнегелі өмір жолдары жайлы сыр шертетін сұхбат сериясының жалғасын ұсынамыз.
– Әлгінде әкеңіздің сөзінен Көксарай деген топоним естіліп қалды.
– Ол бекер емес. Негізі, бұрынғы – Қызылқұм, қазіргі Отырар ауданына қарайтын Көксарай жері – біздің ежелден бергі ата қонысымыз. Әкей өзбек дөкейлері алдында шарт кетіп, шырт етіп ашуланғанда, осылай Қазақстанға, өзінің ата-баба мекеніне барып, тіршілікті қайта бастайтынын меңзеген ғой.
Біздің үлкен ата-бабаларымыз – Ақмырза әулеті жөнінде отыз жылдай ізденіп, өзім де кітап жазған адаммын, сондықтан біраз деректер ертеден таныс. Қазан революциясына дейін біздің ағайынның бағаналы байсалы Ташкент және Шымкент уездерінің атырабы болған. Соның ішінде Көксарай-Арыс алқабын сүйекті сорап санаймыз. Қазіргі кездері құлшығаш жұрағаты бұдан бөлек тағы Жетісай және Шардара өңірінде, Өзбекстанда бір шоғыр ел.
Енді сұрағыңнын сұлбасына қарай әкемнің жайына келейін. Ол кісі – Жолдасбек Оспанұлы Сүлейменовтің өзі де Көксарай жерінде туған, 1928 жылы. Қазақстанда жаппай кәмпеске жүріп жатқан кезде. Әкем 1935 жылы сондағы «Жартытөбе» колхозында мектеп табалдырығынан аттағанын зор мақтаныш сезіміне бөленіп, айтып отыратын. Бірақ атамыз Оспан 1939 жылы мінәйі себеппен, бай-билердің тұқымы, «халық жаулары» деп тиісе берген соң, аяқ астынан Мырзашөл өңіріне, қазіргі Жетісай ауданына көшуге шешім қабылдайды. Бұған сонда канал қазып, тың жерді игеру, «ақ алтын» егуге атсалысу дегенді желбіреулі желеу етіп, алға тартыпты. Яғни алдында қалайда елден жедел көшіп кету деген мүдделі мақсат тұрған. Оның жайын сәл кейіндеу реті келгенінде айтып берермін…
Осы жерде құнттай кетуім керек, сөз етіліп отырған каналдың Мырзашөл тарихындағы орны ерекше еді. Өзбекстан мен Қазақстан шаруаларының күшімен қазып шығарылған арна екі жаққа ортақ, екі республика жерін кесіп өтетін болғандықтан, «Достық» деп аталды. Ол 1901 жылы басталып, 1913 жылы пайдалануға берілген, кейін «Киров атындағы канал» болып атанған әнаһардың кенересін кеңейтіп, табанын тереңдету жобасы тұрқында қолға алынды. Сөйтіп, 1939 жылы алғашқы топырағы атылған магистральдің құрылысы өте қауырт қарқынмен жүргізіліп, соғыс басталардан жарты жыл ғана алдын, 1940 жылдың ең соңғы күні арнасын ашқан. Негізі, алақанды күлдіретіп, табанға қан қатырған зіл ауыр қара жұмыстың бәрі бір жылдан аса таяу уақыт ішінде орындалып, қырнап-тырнайтын соңғы аккорды отыз күннің мұғдарында жүргізілген. Сондықтан 1940 жылы 31 желтоқсанда Алматыға жолданған жеделхатта: «Оңтүстік Қазақстан өлкесінің еңбекшілері партия тапсырмасын орындады: отыз күн ішінде Сергей Миронович Киров атындағы арна кеңейтіліп, тереңдетілді, оның өткізу қабілеті секундына 105 текше метрден 200 текше метрге артты» деп жазылыпты. Осының арқасында магистральды арна суымен Мырзашөл өңірінің 53 мың гектар жерін суаруға мүмкіндік туған. Осы 1940 жылы бұл кезде «қала» мәртебесі бар Жетісайдың да іргесі қаланып, елді мекен ретінде қатарға қосылған екен.
Мынаны да айта кетейік: «Киров атындағы магистральды канал» атауы КСРО Су шаруашылығы халық комиссариатының 1939 жылғы 9 тамыздағы бұйрығымен берілген. Канал ел арасында «Ирригациялық халық құрылысы» есебінде де танылды. Жұрт Тәуелсіздік жылдарына дейін қысқаша «Киров каналы» деп те атап жүрді. Ақыры канал құрылысының тарихы жөнінде сөз қозғап қалдық қой, оның не себепті қайта қазылғанына да аз-кем тоқталып өтейік. Сол кездегі КСРО-да дәл 1939 жылы «су үшін халық қозғалысы» деген науқан басталады. Диқаншылықты дамыта түсу үшін мұның керек болғаны хақ. Оған күн сәулетті өзбек республикасының Ферғана жазығындағы колхоз өндірісінің озаттары бастамашылықтың байламын жасапты-мыс. Солай-ақ болсын. Бұл жерде кеңестік идеологияның иісі бұрқырап тұрғанын бәріміз де селкеусіз сеземіз. Десе де, соның дүмпуі арқылы Оңтүстік Қазақстаннан алты мың адам қозғалысты қолдап, Мырзашөлге, қазіргі Мақтаарал және Жетісай аудандары жеріне келеді. Олар бір айдың ішінде бірінші Тоғай тармағында суару желісін салып, бес мың гектар жерге су жеткізеді. Осының нобайында жаңа жерлерде 15 колхоз құрылады.
Менің әкемнің балалық шағы алашапқын болып жатқан осы өлкеде өтті. Өзі әрәдік айтып қоятын, «менде балалық дәурен деген болған жоқ» деп. Онысы рас енді. Ұлы Отан соғысы ауыл балаларын ерте есейтті. Солардың қатарында Жөкең де еңбекке ерте араласты. Ол 1944 жылы тракторшылар даярлайтын курсты бітіріп, он алты жасында колхоздағы ең ескі трактордың руліне отырады. Одан соң агроном, аға агроном болып бекіп, комсомол-жастар бригадасының бригадирі болып істейді, ал 1958 жылы жаңадан шаңырақ көтерген «Мақталы» совхозының №4 бөлімшесіне басқарушы қызметіне кіріседі. Ал арада небәрі екі жыл өткен соң сол совхоздың директоры болып тағайындалады. Осылайша Жөкеңнің ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жылдарға созылатын жемісті, жетістікке толы жасампаз еңбек эпопеясы, басшылық баспалдағындағы буырқанысты да басалқалы баяны басталады.
– Әкеңіз өте өжет, қайсар, батыл, өзіне өзі сенімді, принциптің адамы болғанға ұқсайды. Манағы айтылған жағдайлардан кейін дұшпандары да оңай тынши қоймаған шығар, сірә.
– Серік, мұны да дұрыс пайымдап отырсың. Ол өз ар-намысы мен абыройын өте жоғары қоятын, оны ешкімге таптатпайтын бірбеткей кісі-тін. Сонымен бірге пайым-парасаты биік, оңы мен солына мән беріп қарайтын сергек те сезімтал жан болды. Сондығынан шығар, «Жақсылық көрсем – өзімнен, жамандық көрсем – өзімнен» деген қағидатпен өмір сүрді. Жарықтық Сұлтанмахмұт Торайғыровтың осындай бір өлеңі бар еді ғой. Әкеміз нақа сол принципті ұстанды. Әрдайым өзіне өзі абай болды, өзіне өзі іштей есеп беріп тұратын ақылман адам еді. Сол себептен өзінің ісі тура, оң болып тұрған кезде ешкімге жалтақтамай, ешкімнен тайсақтамай тіршілік етті.
Тағы бір мынадай оқиғаны еске түсіре кетейін. Әлгіндегі текетірестерден бір жыл алдын әкем Кисловодскіде демалыста жүрген пәйтте суық киінген, түстері де суық екі кісі үйге суыт келген еді. Әкейдің бөлмесіне кіріп алып, түнімен қағаздарын ақтарды. Бір кез суреттерін іздегендерін де жасырмады. Сосын кетерлерінде маған: «Ертең әкеңмен хабарлас, бізге жалғыз түскен, документтік суреті керек» деді. Ал менің «Не үшін?» деген сұрағыма олардың бірі: «Олий Кенгашқа депутатлигига номзад булади» деп жауап берді. Демек, «Жоғарғы Кеңеске депутаттыққа кандидат болады». Кейін ойлаймын ғой, пәруардігәр Құдай тағала қайырын келтіріп қарастырғанда, сол кездерде үйде әкемнің жеке түскен бірде-бір портреттік суреті болмай шықты. Содан арада екі-үш күн өткен соң әкем үйге қоңырау шалды. Қос үрей болып жүрген өзім бірден жаңағы кісілердің келгені мен олардың істеген тірліктері, бұларға қоса, «депутаттық» жайлы да айтып бердім. Бірер секунд үнсіз қалған әкем артынша: «Жоқ! Керегі жоқ!» деді қысқа қайырып. Сұңғыла әкем сол сәтте-ақ желдің қайдан және қалай соғып тұрғанын ұққан екен. Олардың арандатуына, алдауы мен арбауына түскісі келмесе керек. Ал мен әлі күнге дейін олардың кімдер болғанын дөп басып айта алмаймын. Кімдер, «үш» әріптің адамдары ма, әлде екі әріп – ЦК-ның өкілдері ме, білмеймін. Әлде Өзбекстанның сөзін сөйлейтін адам іздеді ме? Мүмкін… Бұдан кейін көп ұзамай әкем атқарып отырған қызметін оп-оңай беріп шыға келді. Ал сол оқиғаны әкемнің қызметтес достары кейінге дейін: «Өз еркімен арыз жазып, жұмыстан кеткен бірінші директор» деп әзілге теліп айтып жүрді…
Облыстық партия комитеті Көксарайға көшуге рұқсат бермеді. Халықтың Қазақстанға дүркірей көшуінен қорықты.
Әкем жұмысты қайтадан, төменнен бастады. Алдымен алты ай кәсіптік-техникалық училишенің директоры, одан соң жаңадан ұйымдасқан «Узсельхозтехниканың» басқарушысы лауазымына тағайындалды. Жеті жыл аудан шаруашылықтарын техникамен қамтамасыз етумен шұғылданды. Одан соң жаңадан шаңырақ көтерген «Қоғалы» қаракөл-қой совхозына директор болып барды. Бұл – әкем Жолдасбек Сүлейменовтің қамал алған төртінші мүшел жасының тұсы еді…
– Бейсекем, тағы бір сұрақ: Көксарай елді мекені – дария жағасына орналасқан, табаны шабырлы-құмды, сортаң-ыза жер, жыңғыл мен шеңгелдің қойнауы. Ол жерде еш заманда ондай сарай да салынбаған сияқты. Ендеше, неге елді мекен «Көксарай» деген көсегелі ат алған?
– Шынымды айтсам, бұл турасында соңғы жылдары мен де біраз ойға қалып, соның себебін іздестіріп жүрмін. Сонда ұққаным: мұның тарихы кеше мен бүгіннің белдеуінде емес, сонау көне тарихтың шыңырау тереңінде жатыр. Жалпы, өлке – өте-мөте киелі, әулиелі топырақ. Тым арыдан қозғасақ, ежелгі сақтар мен массагеттер мекені. Қазіргі тарихшылар біздің дәуірімізге дейінгі 530 жыл шамасында өмір сүрген сақ-массагеттер патшайымы Томирис пен парсы патшасы II Кирдің арасындағы тарихи шешуші шайқас бұрын тоқтам жасалып келгендей, Каспий (Хазар) теңізінің шығыс беткейінде емес, Сыр өзенінің дәл осы иінінде өткенін айтып жүр. Ежелгі грек тарихшысы Геродот оны Аракс өзені бойында болған деп жазады. Міне, сол Аракстың осы күнгі Сырдария екені де дәлелденген секілді. Оның үстіне, шайқастың өзеннің жағасында, бұйрат құмды жазық далада өрбігені де рас. Біздің дәуірімізге дейінгі 328/327 жылы атақты патша, қолбасшы Іскендір Зұлқарнайн (Александр Македонский) да өзінің бағынысындағы Согдианада көтеріліс ұйымдастырып, қашып кеткен Спитаменнің кәлласын осы маңда, Яксарт (қазіргі Сырдария) өзенінің бойында сақ патшасының қолынан алған деген де сөз бар. Содан кейін Македонияның патшасы Шашқа (Ташкентке) қарай бастайтын жорығына осы жерде әзірленсе керек.
Тап осы аймақта әр замандарда Яссы, Шавгар, Сауран, Фараб, Отырар, Өзгент, Сығанақ, Сүткент, Құмкент, Йүгінек, Қарнақ, Шорнақ деген тәрізді көптеген қалалар өмір сүрген. Осы сөздің орайында Түркістан қаласының оңтүстігінде 72 шақырым қашықтыққа қоныс тепкен, қазіргі Отырар ауданының орталығы – Шәуілдір деген елді мекеннің де тарихи атау екенін айта кетейік. Негізі, XI ғасырда шығыс-солтүстіктегі Ертіс бойына орналасқан Қимақ қағанатынан қыпшақтар мен қаңлылар келіп, басып кірген уақытқа дейін Сырдың осы аумақтағы ағысы арнасынан Арал теңізіне құяр атырауына дейінгі кең атырабын оғыздар жайлап отырған. Әйгілі Махмуд Қашғаридің «Диуани лұғат ат-түрк» сөздігінде сол оғыздардың 24 тайпадан құралған екі қанаттан тұратыны атап көрсетіледі. Солардың бірі Чувулдар, яғни біздіңше Шәуілдір болып аталады. Мен қазіргі Шәуілдір атауының осы оғыздардың бір жаңғырығы екеніне еш күмән келтірмеймін. Сондықтан кейінгі кездері ойда жоқта шығып, аңыз боп тарап жүрген болжамдарға көңіл бөлмейік.
Енді негізгі сұрақ – Көксарай атауына келейік. Ол Шәуілдір кентінен 23 шақырым қашықта, Сырдария өзенінің сол жағалауына орналасқан. Мұның да тектен-тек бұлай қойыла салмағанына менің иманым кәміл. Көксарайдың тарихы 1370–1405 жылдары Мәуреннахрды билеген, қылышынан қан тамған әмір Ақсақ Темірмен тығыз байланысты. Иә, әуелі парсы тілінде «Теймур-и ленг», яғни Ақсақ Темір атымен танылған, содан батысқа «Тамерлан» болып тараған, ал шын ныспысы Әмір Темір ибн Тарағай Барлас болып табылатын, XIV ғасырдың соңы мен XV ғасырдың басында өмір сүрген әлемдегі ең ірі қолбасшылардың бірі және Темір әулеті империясының негізін қалаушы біз әңгімелеп отырған Көксарай аумағын қасиетті қоныстарының бірі етіп алған. Олай дейтініміз, Әмір Темір Көреген Отырар алабында Арыстан баб кесенесі мен Құл Қожа Ахмет Яссауидің мавзолейі соғылып жатқан жылдарда осында қалың қолмен келіп, апталап-айлап жатып алатын болған. Ол қазір «Көксарай су қоймасы» тұрған аумаққа шатырлар қалашығын құрып, онда өз әскерлерін орналастырған. Ал өзіне арнап тігілген қосты империяның басты байтағы – Самарқанд қаласындағы негізгі резиденциясы атымен «Көксарай» деп атаған. Сондай-ақ оның екінші бір аты «Көкбұға» болғанын да айта кеткеніміз ләзім. Бұл зәулім сарай әмірдің пәрменімен 1370 жылы бой көтерген. Тегі, Ақсақ Темір батыстағы Дешті Қыпшақ даласына, Жошы Ұлысына (Алтын Ордаға) бағыт алған жойқын жорықтарына осы жерден аттанып отырған. Оларда да әмірдің қосы «Көксарай» болып тігілген. Осыдан келіп, бұл атшаптырым кең алқапқа «Көксарай» деген қосымша ном таңылған. Осы атау жергілікті жұрт жадында, санасы мен санатында сартап болып сақталып қалған. Сондықтан олар да бұл аумақты өз іштерінде ертеден бері солай атайтын болған. Кейін осы жерде бой көтерген ауылды мұндағы құлшығаштардың «Көксарай» деп атап жүргендерінде тап осындай сыр бар.
Сөз орайы келіп тұрғанда мұны да айта кетейік, Әмір Темір негізінде Қожа Ахмет Яссауи мавзолейін ең алдымен саяси және діни мақсатта, өзінің билігін нығайту қамымен салдырған. Себебі, Шыңғыс ханның ұрпағы – төре болмағандықтан, ол «хан» лауазымын иелене алмай, тек «әмір» (қолбасшы) атағымен шектеледі. Сондықтан өз данышпандарының ақылы бойынша ел мен діни қауымдастықтың алдындағы беделі мен билігін берік заңдастырып, ықпалды етіп алу үшін Ислам әлемінде өте танымал тұлға, Орта Азияда ықпалы күшті сопылық ілімнің негізін салушы Қожа Ахмет Яссауидің есімін пайдаланбақ болады. Сөйтіп, 1397 жылы аталмыш мавзолейді салдыруды қолға алған. Бірақ оған ойламаған жерден алдымен Арыстан баб кесенесін тұрғызуға тура келеді. Тарихи деректер мен халық аңыздарына сүйенсек, Түркістанда Яссауиге арналып салынып жатқан ғимараттың қабырғалары қайта-қайта құлай берген. Кейін билеушінің түсінде бір ақ сақалды әулие аян беріп, әуелі Ахмет Яссауидің ұстазы – Арыстан бабтың қабірінің басына мазар салу керектігін айтады. Осыған орай Әмір Темір кесененің қазіргі тұрған жеріне келіп, аталмыш құрылысты бастатады. Бинәсі 1397–1405 жылдары жүрген зәулім ғимарат тек діни құжыра ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік идеологияның символы болды. Алайда Ақсақ Темір 1405 жылы Отырар қаласында кенеттен қайтыс болып кеткеннен кейін кесене кенересі ақырына жетпей, тоқтап қалған. Арада бірнеше ғасыр өткеннен кейін оның жұмысы жергілікті халықтың жинаған қаражатымен жалғастырылып, 1909 жылы ғана толық аяқталады.
Тағы бір қызықты деректі айтайын. Әмір Темірдің «Көксарайдан» басқа тағы бір атақты зәулім сарайы болған. Бірақ Самарқандта емес, өзінің туған қаласы – Шахрисабзда салдырған, оған Ақсарай деген атау бергізген. Міне, Өзбекстанның бірінші президенті Ислам ака Каримов әмірге еліктеп, 1990-шы жылдардың басында Ташкент түбіндегі Дүрмен кентінде тұрғызылған резиденциясын «Көксарой» деп, ал 1999 жылы тасты шаһардың Яккасарай ауданы аумағынан бой көтерген кеңсесін «Оксарой», яғни «Ақсарай» деп тіркеді. Ол бұлардың біріншісін 1991-1999 жылдар аралығында пайдаланса, екіншісін 1999 жылдан өзі өмірден өткен 2016 жылға дейін мемлекетінің бас орталығы етіп келді. Қазір онда Ислам Каримов атындағы ғылыми-ағарту мемориалдық кешені мен бірінші президент музейі орнықты. Жаңа мемлекет басшысы Шавкат Мирзиёев болса, соңғы 17 жылдан бері Каримовтың отбасы тұрып келе жатқан «Көксарайға» да, осы жылдарда Ислам ака Абдуганиуғли қызметтік кабинет етіп пайдаланып келген «Ақсарайға» да тиіспеді, ол президенттігінің әдепкі жылдарында өзінің жұмыс орны етіп «Ақсарай» территориясына тиесілі, президент аппараты ауыз-екі тілде «шаруашылық ауласы» деген ат таңған қосымша ғимаратты белгілеп алды. Артынша көп ұзамай Ташкенттегі Буюк ипак йоли (Ұлы Жібек жолы) көшесінің бойынан, Үкіметтің қала халқы «нөлдік» деп атап кеткен 1, 2, 3 стационарлары жанынан салынған жаңа «Көксарай» резиденциясына көшіп кірді.
– Бұдан түйінделетін тұжырым: кеңес кезеңінде жауластықтың жалауындай болып көрінген «сарай», «орда» деген сөздерден үркудің де, қашудың да қажеті жоқ. Шынын айтсам, мен де Тәуелсіздіктің дәсәуілгі пәйтінде, мысалы, «Қызылорда» секілді советтік-большевиктік дәуірді еске түсіретін топонимдерден арылу керек деген ұстаным ұғымындағы кісілер қатарында болдым. «Бақсам, бақа екен» дегендей, сөйтсем, бізді талайлы тарихымыздың тот баспас тұмса тарауларына қарай тартатын нағыз сиқырлы да қастерлі сөздер осылар екен. Бұлардан айырылсақ, өткеніміздің өресінен алшақтап кеткендей күй кешетін түріміз бар.
– Ойыңның олқысы жоқ, Секе! Айтып отырғандарыңның бәрі қазақтың, ары кеткенде түркі жұртының өз сөздері. Өзің тірнек еткен «Қызылордаға» келсек, әлбетте, оның атын өзгертуге болмайды. Соны бұдан жүз жыл алдын ойлап тапқан аталарымыз да нағыз данышпан ғой. Ол атау қалаға 1925 жылы астана мәртебесі Орынбордан Сыр бойына көшіп келгеннен кейін берілді. Деректерге жүгінсек, ұсынысты сол заманның озық ойлы азаматтарының бірі – ағартушы-ғалым Қоңырқожа Қожықов жасаған. Ал РК(б)П Қазақ обкомының екінші хатшысы Сұлтанбек Қожанов жаңа атауды Кеңестердің I съезінде көпшілікке таныстырып, бекіттіріп береді. Осы форумда сондай-ақ патшалы Ресей кезінен бері қазаққа бұрмаланып таңылған «киргиз» деген ат алынып, оның төл атауы ресми түрде қайтарылды. Ақылы асып туған асыл азамат – Қоңырқожа Қожықов «Қызылорда» атауын екі жақты да – кеңес өкіметін де, қазақ ұлтшылдарын да қанағаттандыру үшін арнайы таңдаса керек. Оның түсіндіруінше, «қызыл» сөзі большевиктерге, яғни қызылдарға ұнаса, «орда» ләмі қазақтың ұлттық болмысын, байырғы хандық дәуірінің бітімін білдірген. Түптеп келгенде, бұлардың соңғысының астарында Алтын Орда, Ақ Орда, Көк Орда сынды ұлыстардың ұстыны меңзеліп тұр. Қазақ – осы мемлекеттік құрылымдардың бәрінің заңды мұрагері. Өзінен кейінгі жүз жылын, жүздеген жылдарды ойластырған қайран бабалар ұлтының ұрпағы мұны ұдайы жадында ұстап жүруі үшін осындай қулыққа барған ғой. Сөйтіп, қазақ жұртына «Қызылорда» деген атты қалдырып, байрақты орда тіккен туырлықты халықтың тұқымы екендерін ұмыттырмаудың бар амалын жасап баққан. Мұндай адамдардың өздерін естен шығаруға бола ма, сірә!
Осы жерде ертеден Сыр бойына атақ-даңқы мәлім болған, қазақ өнері мен мәдениеті саласында, бейнелеу өнері, киносы мен театры тарихында өшпес із қалдырған Қожықовтар әулеті жайында бірер ауыз сөз айтып өтпесек, әруақ аттап кеткендей болармыз. Династияның негізін қалаушы Қоңырқожа 1880 жылы Ақмешіт маңында өмірге келген. Өз заманының зиялы қауымы мүшесі болып танылған ол әуелі Ақмешіт қазақ-орыс түземдік мектебін, сосын 1900 жылы Ташкент мұғалімдер семинариясын бітірген. Қоғамдық қызметінің көп уақытын ағарту саласына арнап, ғылыммен де шұғылданған, сонымен қатар жоғары мемлекеттік қызметтер де атқарған. Ұлт санасын ояту жолына еңбек зор сіңірді. Алаш қозғалысына, Түркістан (Қоқанд) автономиясын құру ісіне белсене қатысқан. Оның қазақтың алғашқы театр суретшілерінің бірі ретінде танылған жұбайы, КСРО және Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Ләтипа Қожықова да текті ұядан түлеп ұшқан. Ол Ақмешіт іргесіндегі қазіргі «Қоғалыкөл» ауылынан шыққан би Мұңайтпас Лапиннің қызы. Ташкент мұғалімдер семинариясы мен 1891 жылы Санкт-Петербург университетінің заң факультетін бітірген ағасы Серәлі Лапин (1868–1919) қазақтың тұңғыш шығыстанушыларының және түркітанушыларының бірі болды. Тағы бір есте сақтарлық нәрсе, әлгінде айтылған Қоңырқожа мен Сұлтанбек, сондай-ақ қазақтың тағы бір ардақты азаматы, әскери дәрігер, мемлекет қайраткері Санжар Асфендияров үшеуі бір үйдің – Мұңайтпас Лапыұлының үш қызын алып отырған бажалар еді. Ал Қоңырқожа мен Ләтипадан туған төрт ұл да қазақ ұлттық кәсіби өнерінің әр саласында шың бағындырған тарландар болып қалыптасты. Атап айтқанда, жас ерекшеліктеріне қарай шақтасақ, Сұлтанахмет Қожықов (1921–2003) танымал кинорежиссер, Нұрахмет Қожықов (1922–2016) көрнекті кинооператор, қазақ кинооператор мектебінің негізін қалаушылардың бірі, Құлахмет Қожықов (1923–1979) ұлттың кәсіби киносуретшілері тұңғыштарының бірі, график, плакатшы-суретші, Қожахмет Қожықов (1926–1981) белгілі кинорежиссер, оператор болды. Бұлардың ең үлкені Сұлтан (Сұлтанахмет) Қожықов «Қыз Жібек» фильмімен-ақ тарихта қалғанын білесің. Ол осы лентасы үшін 1972 жылы Қазақстан мемлекеттік сыйлығын алды. Одан да басқа Қажымұқан туралы «Күш атасын танымас» («Знай наших!») деген картинасы да жұрт қошеметіне бөленді. Мұның бәрі тектіден текті туатынын көрсетеді.
Жалпы, қазақта «текті жерден шыққан» деген ұғым нені білдіреді? Ол ата-тегі таза, тәрбиелі, өнегелі, ақылды және парасатты отбасынан немесе әулеттен өрген өрелі жанды байырқалайды. Бұл сөз адамның жеті атасын, өнген ортасын, ата-анасының ел алдындағы абыройы мен мінез-құлқын жоғары бағалайтынын танытады. Әлбетте, текті жердің тепсеңінде тербеліп жетілген ұрпақ мінезге бай, сабырға кемел, көбінесе сабырлы, салмақты, кішіпейіл, әдепті және сөзге берік келеді деп есептеледі.
– Лебізіңізбен толық келісемін. Сіз сөзге пайым беріп отырған бұл кісілердің бәрі халқымыздың аяулы да ардақты азаматтары еді ғой. Мысалы, астананың Орынбордан кейін Ақмешіт жері болуы керектігі мәселесін шешкен Сұлтанбек Қожанов деседі. Ал оның қылышынан қан тамып тұрған «мұртты көсем» – Иосиф Сталинмен Кремльдің төрінде сөз шарпысып қалғаны бертінде белгілі болып, біраз ойға от берген еді…
– Туасы, өте батыл, шешімтал, жүрекжұтқан, айбынды азамат болған ғой Сұлтанбек атамыз. Мемлекет және қоғам қайраткері, ұстаз, ғалым, публицист атанған ол да сол маңайда туған. Дәлірегі, 1894 жылы Түркістанның түбінде, Созақ ауданына қарасты «Ақсүмбе» деген ауылда, атақты «Ақбикеш» мұнара кесенесі маңында өмірге келген. Ауқатты әулеттен, бақуатты отбасынан шыққан. Соның арқасында әуелі Түркістандағы 4 сыныптық орыс-түземдік бастауыш мектебін, 3 сыныптық қалалық мектепті, сосын Ташкенттегі мұғалімдер семинариясын бітірген. Кейінірек, 1927 жылы Мәскеуде БК(б)П Орталық Комитетінің марксизм-ленинизм курсында оқып шығады. Ал саяси қызметін Ташкент қаласында семинария оқушыларынан құрылған «Кеңес» атты астыртын жастар ұйымын құрудан бастайды. 1917 жылдың көктемінде осы қалада Мұстафа Шоқаев, Қоңырқожа Қожықов, Қайретдин Болғанбаев, Серікбай Ақаев сынды «Алаш» қозғалысының мүшелерімен бірге «Бірлік туы» деп аталған газетті шығару ісіне қатысады.
Айтылып отырған кісілердің бәрі де тектілер тегінен. Қожықовтар мен Лапиндер әулеттері жөнінде әлгінде айттым. Бұған тағы қосарым: олардың екеуі қазақ «ақсүйек» санаған сославиеден тарайды. Қоңырқожа – қорасан қожадан, Санжар – төре, Әбілқайыр ханның тікелей ұрпағы. Ал Қоңырат тайпасының өкілі Сұлтанбек Түркістан өлкесінде кеңес өкіметінің ілкі кезеңінде орын алған ашаршылық зардабын жоюға белсене араласты. Қиын жылдары Алаш азаматтарына көп көмектесті. 1923 жылы Мағжан Жұмабаевтың Мәскеуде басылған кітабына алғысөз жазып берді. Қазақ фольклорын жинап жүрген башқұрт ғалымы Әбубәкір Диваевқа ерекше қолдау жасады. Айта берсе, мұндай әрекеттері өте көп. Айтқандай, жергілікті халық орыстардың ықпалымен «Голодная степь» деп атап жүрген біздің өлкеге кезінде «Мырзашөл» деген керемет есім берген де осы Қожанов екен. Сосын осы атырапты суаландыру ісіне қызу араласқан.
Енді Сұлтанбек атамыздың Иосиф Джугашвилиден қаймықпай, сөзбен ұстасып қалған сәтін өзіме белгілі варианты бойынша айтып берейін. Бірде Сталин Кремльде үлкен жиын өткізеді. Оған Қазақстаннан баруға тиісті бірінші хатшы Виктор Нанейшвили бір сылтауын тауып қалып қойып, орнына екінші хатшы Сұлтанбек Қожановты жібереді. Оқиға, шамасы, 1925 жылдың қыс-көктем айларында орын алса керек. Себебі, 1924 жылы қазанда Қазақстан басшысы болып сайланған Нанейшвили 1925 жылғы маусымда Мәскеуге шақыртып алынып, сауда саласына басшы етіп қойылған-тын.
Жиын үстінде Сұлтанбек хатшы аяқ астынан сөзге өзі жазылады. Ол кезегі келгесін жоғары көтеріліп, тұғырға тақай бергенде Сталин: «Ал сөйле, Орта Азияның Шыңғыс ханы!» – деп кекете күліп, мұртын бір сипап қояды. Сол кезде мінбеге жетіп қалған қашанда әзіржауап Сұлтанбек еш саспастан: «Сөйлесек сөйлейміз, Сталин жолдас! Мұнда Грузияның кінәздері де сөйлеп жатқан жоқ па!» – деген екен.
Өте іші тар, кекшіл, қызғаншақ, басынан сөз асырмайтын кесір «мұртты көсемге» бұл жауаптың жақпағаны анық. Кейін, арада 12 жылдан аса уақыт өткесін, 1937 жылы қазақтың біртуар, бетке ұстар, көзі ашық, көшбастар азаматтары, үш бажа – Сұлтанбек те, Қоңырқожа да, Санжар да кеңестік баскесерлердің қамауына алынып, 1938 жылдың басында атылып кетті.
Өкініштісі, белгілі жазушы Шерхан Мұртаза осы Сұлтанбек атамыздың Сталинмен соңы аңызға айналған сөз сайысы эпизодын өзінің «Қызыл жебе» роман-эпопеясында Тұрар Рысқұловтың аузына салып жібереді. Әрине, әдебиетте мұндай тәсілдің бұрыннан бар екенін бәріміз де білеміз, бірақ жұрттың бәріне аян және салыстырмалы түрде таяу уақытта орын алған оқиғаны басқа бір тұлғаға көпе-көрнеу тели салу оншалықты әдептілік болып көріне қоймайтыны тағы анық.
Сұхбатты жүргізуші Серік ПІРНАЗАР
(Жалғасы бар)
USD




