АҚТАУ. 25 қыркүйек. Каспийдегі оқу-жаттығу жиынында 14 әскери қызметшінің қаза табуына байланысты Қорғаныс министрлігінің 5 лауазымды тұлғасы ұсталып, абақтыға жабылды. Бұл туралы Politico.kz ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, ұсталғандардың арасында Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары, штаб бастығы бар. Сондай-ақ екі әскери бөлімнің, теңіз жаяу әскерлері ротасының және «Қайсар» катерінің командирлері тұтқындалған. Ұсталғандардың бесеуі де күдікті деп танылып, Ақтау қалалық полиция басқармасының уақытша ұстау оқшаулағышына тоғытылған.
Оларға «қызметке салғырт қарау» және «кеме жүргізу қағидаларын бұзу арқылы ауыр зардаптарға әкелді» деген күдік келтіріліп отыр. Қылмыстық істер Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі және 465-бабы бойынша қозғалған.
ІІМ мәліметінше, қайғылы оқиға 24 қыркүйекте «Хазар қорғаны – 2026» оқу-жаттығуы кезінде, Ақтаудан 43 шақырым жердегі Каспий жағалауында орын алған. Қолайсыз ауа райында «Қайсар» катерінен түсіп жатқан әскери қызметшілерді теңіз ағысы алып кеткен.
Тергеушілер тапсырманы ұйымдастыру мен орындау кезінде шешімдер қалай қабылданғанын, қауіпсіздік талаптары сақталғанын және ауа райы мен теңіз жағдайы ескерілгенін тексеріп жатыр. Бұған қоса, катердің техникалық жағдайы мен оқу-жаттығуға және әскерилердің қауіпсіздігіне жауапты басшылардың әрекеттері зерттелуде. Күдіктілердің әрқайсысының әрекетіне құқықтық баға беріледі.
Тергеуді ІІМ-нің әскери-тергеу бөлімшесі жүргізіп жатыр. Іс министрлік пен Бас прокуратураның ерекше бақылауында тұр.
Кеше теңізге кеткен 17 әскери қызметшінің 14-і қаза тауып, үшеуі құтқарылды. Бүгін, 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
USD




