ҚЫЗЫЛОРДА. 5 қазан. Сыр бойынан шыққан белгілі мемлекет қайраткері Шахизат Төребаев ұзаққа созылған науқастан соң кеше, 4 қазан күні түнде бақилыққа аттанды. Бұл туралы өз мәнбесіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Сыр бойынан қайғылы хабар келді. Кезінде Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы атқарушы органдарын, облыстық ведомостволарды басқарған, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болған мемлекет қайраткері Төребаев Шахизат Хамитұлы ұзаққа созылған науқастан кейін 79 жасында өмірден өтті», – деп жазды Facebook әлеуметтік желісінде Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарының атқарушы органдарында жауапты қызметтер атқарған еңбек ардагері Кеңесбек Махамбетов.
Шахизат Хамитұлы Төребаев 1948 жылы 20 қыркүйекте Қызылорда облысы Жалағаш ауданының «Таң» совхозында туған. Орта мектепті Қызылорда қаласында тәмамдаған. 1971 жылы В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын «автоматика және телемеханика инженері» мамандығы бойынша бітірген. Техника ғылымдарының кандидаты.
Еңбек жолын Қызылорда қаласындағы № 2585 автоколоннада слесарь болып бастаған, ал жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін 1971-1976 жылдары әуелі Қызылорда политехникалық техникумының «ауыл шаруашылығын электрлендіру» бөлімшесінде оқытушы болып істеді, содан соң оқу орнының аудандық комсомол комитетінің құқығындағы комитетінің хатшысы болып сайланды. 1976-1987 жылдары Қызылорда облыстық партия комитетінде жауапты қызметтер атқарды, 1987-1995 жылдары Қызылорда қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары, қалалық әкімшілік басшысының орынбасары, қала әкімінің орынбасары, қала әкімінің бірінші орынбасары, 1995-1999 жылдары Парламент Мәжілісінің депутаты, 1999-2001 жылдары Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, 2001-2004 жылдары Қармақшы ауданының әкімі болды, 2004-2013 жылдары Қызылорда орман және аң шаруашылығы территориялық басқармасы мен оның инспекциясын басқарды.
Шахизат Төребаев өзінің тапсырылған барлық жұмыс учаскелерінде аянбай еңбек етті, алға қойған мақсатына жету жолына бар күшін жұмсады. Ол өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, соның ішінде Сексеуіл-Түркістан учаскесінде екінші теміржол жолды, Қызылорданың жаңа әуежайында жаңа ұшу-қону жолағын салуға, «Шалқия» мырыш кен орнын өнеркәсіптік игеруге, Құмкөл мұнай-газ кен орнын игеруге және көріктендіруге зор еңбек сіңірді.
Шахизат Хамитұлы Парламент Мәжілісінің депутаты кезiнде қоршаған ортаны қорғау туралы Заңның қабылдануына белсене араласты. Ал ғылыми iзденiстерінің нәтижесінде 1997 жылы «Арал өңiрiнiң экологиялық проблемалары» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғап, 8 ғылыми мақаланың авторы атанды.
Құрметті еңбек демалысына шыққаннан кейін де қол қусырып қарап отырмай, «Қансонар» атты облыстық қоғамдық бірлестігін, Қызылорда қалалық ардагерлер кеңесін басқарды. Бекітілген аңшылық алқаптарда жануарлар дүниесі нысандарын қорғау, өсімін молайту және ұтымды пайдалану ісіне жәрдемдесті, облыс орталығы ардагерлерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғады, олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға, сондай-ақ ақпараттық-мәдени және рухани қажеттіліктерін қанағаттандыруға атсалысты.
Мемлекет Шахизат Төребаевтың Отан алдындағы елеулі еңбегін ескермей қалған жоқ: ол «Құрмет» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталған. Қызылорда қаласының, Жалағаш және Қармақшы аудандарының Құрметті азаматы.
Шахизат Хамитұлының жұбайлары мен балалары әрдайым оның өмірдегі сенімді тірегі және қамқоршылары бола білді, осының арқасында ол ұдайы жақсы да жағымды істерге жігерленіп отырды.
Ш. Х. Төребаевтың барлық балалары қоғамда лайықты орындарын тапты, әртүрлі шаруашылық салаларында жұмыс істейді, Астана, Алматы және Қызылорда қалаларында өздеріне тиісті салалардың топ-менеджерлері болып жүр.
Біздің жүрегімізде Сыр жерінің лайықты ұлы Шахизат Хамитұлы туралы жарқын естелік мәңгі сақталады. Алла тағала оны өзінің сүйіспеншілігі мен рақымына бөлей берсін және пейіште нұры шалқысын.
* * *
Хабарландыру.
Шахизат Хамитұлы Төребаевтың жаназасы 6 қазан күні сағат 10.30-да Қызылорда қаласы, Төле би көшесі, 161-үйде шығарылады. Жаназа асы сол күні сағат 13.00-де «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің асханасында беріледі.
USD



