АЛМАТЫ. 15 тамыз. Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды оңтүстік мегаполисті біртіндеп қазақшаға қарай бұра бастауға кіріскен кейіп танытып отыр. Бұл туралы Ertenmedia.kz ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
«Алматы билігіне Дархан Сатыбалды келгелі қала көшелерінің атауы тек мемлекеттік тілде жазыла бастады» деп жазады Ertenmedia.kz.
Дархан Амангелдіұлы Сатыбалды 2025 жылғы 24 мамырдан Алматы қаласын басқарып келеді. Ол содан бергі аралықта алып шаһардың тыныс-тіршілігін терең зерттеп шыққанға ұқсайды. Бұған дейін негізінен еңселі елді мекеннің инфрақұрылымына қатысты өзекті мәселелерді шешумен шұғылданып келген болса, соңғы уақыттары оның ұлттық кескіні сипатына да көңіл аудара бастағандай әсер қалдыруда. Мұның бәрі және ду-дабырсыз, айғай-шусыз, қызыл сөзсіз, құрғақ ұрансыз атқарылып жатыр.
«Алматыда көшелердің атауы қазақ тілінде жазыла бастады. Бұл өзгеріс әлеуметтік желіде қызу талқыланып, қала тұрғындары тарапынан қолдау тапты», – деп жазды осы орайда Minber паблигі.
Ақиқатында, тілдік орта күнделікті көзбен көретін, айналада тұнып тұрған визуал арқылы қалыптасады. Мысалы, «Сәтбаев» немесе «Тілендиев көшесі» деген жазуды оқып, бағытты бағдарлау үшін арнайы филологиялық білімнің де, аударманың да керегі жоқ. Ең бастысы, кеше «Саина» деп келген буын, ертең оның табиғи ырғақпен «Саин көшесі» деп жазылғанын көріп, сөйлеу мәнерін де соған икемдейді.
Алматының ондаған жыл бойы орыс тілді тұтынушылық инерцияның жетегінде жүргені өтірік емес. Сатыбалдының тұсында осы бір психологиялық бөгет аумағының сеңі сөгіліп келе жатқандай.
Тағы бір жайт, әкімдік осы арқылы коммерциялық секторға да ишара беріп жатқан сыңайлы. Қаланың көше, аялдама деген сияқты инфрақұрылымдық қаңқасы біржақты қазақшаға көшсе, оның айналасындағы бизнес, жарнама, қызмет көрсету саласы да автоматты түрде осы стандартқа бейімделуге мәжбүр болады.
Мұның тағы бір тосын, экономикалық аспектісі де бар. Қос тілде тақтайша жасау, екі есе көлемдегі темір мен материал шығындау талай уақыт бойы қала бюджетіне салмақ салып келді.
Қаланың дизайн кодын қазақ тіліне көшірген әкімдік осы арқылы әрі ақша үнемдейді әрі идеологиялық жағынан жеңіске жетеді.
«Алматыда басталған кез келген үдеріс автоматты түрде бүкіл республикаға тарайды. Егер Алматыдай күрделі мегаполисте көше атауын толықтай мемлекеттік тілге көшіруге мүмкіндік табылса, бұл үрдісті басқа өңірлерде жүргізуге ешқандай бөгет жоқ деген сөз», – деп атап өтті Ertenmedia.kz.
USD



