ТАРАЗ. 17 тамыз. Жамбыл облысының Меркі ауданында үй ішіндегі зорлық-зомбылық салдарынан 19 жастағы Мәдина есімді келіншектің басынан кешкен жағдайлары жұртқа жағасын ұстатты. Бұл туралы Ertenmedia.kz ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Өрімдей келіншектің өмірмен қош айтысуына «Барни» деген шоколад соңғы түрткі болған. Сол үшін күйеуінен оңбай таяқ жеген жас әйел төзімі түгесіліп, ақырғы ақтық қадамға барған. Суицид!
«Жамбыл облысының Меркі ауданында көз жұмған 19 жастағы Мәдина Рашидқызы 17 тамызда жер қойнына тапсырылды», – делінген телеграм-арна хабарламасында.
Күйеуінен кетіп қалуға әрекет етіп, жолға 15 мың теңге іздеген, оның соңы өлімге апарып соқтырған жас ананың артында сегіз айлық сәбиі қалды. Қазір полиция оның қазасына қатысты өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу дерегі бойынша тергеуді жүргізіп жатыр.
Мәдина Өзбекстанда туып-өскен екен, сол елдің азаматы болған, сосын Қазақстан азаматына тұрмысқа шыққан жан. Екеуі екі жылға жуық отасқан. Қайғылы оқиғадан кейін марқұмның құрбысы Зейнеп Мұсахожанова Threads желісінде өзінің онымен алмасқан хаттарын жариялап, Мәдина отбасындағы жанжал мен күйеуінің қол көтеретіні жөнінде бұған дейін де бірнеше рет жазғанын жеткізді.
Соңғы жанжал «Барни» бисквитінен басталған. Мәдинаның жазуынша, күйеуі тәттіні баласына әкелген, ал келіншек соның бірін рұқсатсыз жеп қойған. Бар болғаны – сол!
«Бүгін Мадиярмен қатты ұрыстым. Бір «Барни» шоколады үшін ұрыстық қой. Тіпті ұрып жіберді. Балаға алып келіпті, содан біреуін алып жегем. Соған: «Неге жейсің, мен оны балаға алып келдім?» деді», – деп жазған ол құрбысына.
Марқұм жанжалдан қашып, дәретханаға кіргенін, алайда күйеуі артынан барып, басынан ұрғанын баяндаған.
«Ол келіп, басымнан ұрды, мен құлап қалдым. Елестетші, бір «Барни» үшін», – делінген хатта.
Ертеңіне Мәдина жиналған шабаданының суретін жіберіп, күйеуінен кетуге және ажырасуға бел буғанын хабарлаған. Жол қаражатына құрбысынан 15 мың теңге қарыз сұрапты. Зейнептің қолында мұндай ақша болмағандықтан, таныстарынан көмек іздей бастаған. Алайда көп ұзамай оған Мәдинаның көз жұмғаны туралы жаманат хабар жеткен.
Зейнеп марқұмның денесіндегі көгерген іздерді бұрын да өз көзімен көргенін, Мәдинадан жарақат суреттерін алғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, жерлеу алдында жас әйелдің денесінде сау-тамтық қалмаған, ал шашынан нан қоқымы табылған. Құрбысы осыған қарап, «Мәдинаны еденмен сүйреуі мүмкін» деген болжам келтіреді.
Құқық қорғау органдары аталған мәліметтерге әзірге ресми баға берген жоқ. Зейнеп соңғы жанжалдың тікелей куәгері болмаған, ол оқиғаны марқұмның хаттары арқылы білген.
Мәдинаның жаназасына қатысқан журналист Аружан Дүйсебаева әлемжеліде марқұмның қайын жұртынан ешкім келмегенін атап көрсетті. Оның жазуынша, қазір желіде марқұмның жағдайын қоғамға жеткізген құрбысын қаралап жатқандар бар. Алайда қаралы отбасыға жүгіріп жүріп көмектесіп, жан-жақты ақпарат таратып, марқұмның анасына сүйеу болған да сол Зейнеп.
«Анасының боталап жылағаны бір бөлек. Сегіз айлық сәбидің анасын қалай іздеп жатқанын ойласам, жүрегім ауырады. Жаназада қайын жұрты болмады. Солардың әулетін көбейтіп, бар тірлігін істеп, бір «Барни» үшін өмірден өткен қыздың қадірі мүлдем болмағаны ғой ол отбасында. Болса, қоштасуға келер еді, кешірім сұрап жылар еді», – деп жазды журналист.
Жамбыл облыстық полиция департаменті Мәдинаның өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын баяндады.
«Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – делінген полиция мәлімдемесінде.
USD




