АрменияТМД қауіпсіздік кеңесі хатшыларының кездесуіне қатысудан бас тартты
ЕРЕВАН. 7 қараша. Армения (Хайастан) қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Армен Григорян ТМД елдеріндегі әріптестерімен кездесу үшін Мәскеуге бармайды. Бұл туралы «Арменпресс» дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Аталмыш кездесу 8 қарашада өтуге тиіс.
Осылайша кездесу бірінші рет Армения өкілінің қатысуынсыз өткелі тұр.
Биылғы қазан айында Хайастан премьер-министрі Никол Пашинян ТМД елдері басшыларының саммитіне барған жоқ еді. Сол кезде армян (хай) үкімет басшысының баспасөз хатшысы мұның себебін түсіндіріп бере алмаған. Ал Қырғызстанда өткен саммитте Пашинянның келмеуі «бірқатар жағдайларға» байланысты деп түсіндірілді.
Бішкектегі жиынның алдында өткізілген ТМД елдері сыртқы істер министрлерінің басқосуына Армения сыртқы істер ведомствосының басшысы Арарат Мирзоянның өзі емес, оның орынбасары қатысты.
Армения мен Ресейдің ара қатынасы бұлайша салқын тартуына Қарабақтағы соғыстан кейін бұл территориядағы республиканың өмір сүруін тоқтатып, Әзербайжанның оны толық қайтарып өзіне бағындыруы себеп болған деседі. Осы үшін Армения билігі Ресей мен ҰҚШҰ-ны ұдайы айыптаумен болды. Алдымен Армения президенті Ваагн Хачатурян мемлекеттің ҰҚШҰ-дағы тұрақты өкілін қайтарып алды, содан кейін Ереван АҚШ-пен бірге әскери жаттығу жиынын өткізетінін жариялады.