МӘСКЕУ. 19 маусым. Мәскеу мұнай өңдеу зауытына шабуыл жасағандар қатарында Ресейдің әуе қорғанысы да болған деген сыбыс тарап жатыр. Бұл туралы Dialog.ua ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
OSINT сарапшылары ресейлік әуе қорғанысы жүйесі зымырандарының бірі украиналық ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылы кезінде Мәскеу мұнай өңдеу зауытына (ММӨЗ) шабуыл жасағанын растады.
Күні кеше ММӨЗ-да бірнеше рет жарылыс орын алды, оның барысында мұнай резервуарының қақпағы ауаға қарай атыла ұшты. Сарапшылар бұған Ресейдің Әуе қорғанысы жүйесінің зымыраны әсер еткен болуы мүмкін деген пайым шығарды.
«Оқиға орнындағы видеоны жан-жақты қарап, техникалық жағынан талдап шыққаннан кейін үш OSINT сарапшысының екеуі осындай қорытындыға келді», деп жазады агенттік.
Олардың қисынына қарағанда, резервуар қақпағының аспанға қарай атылуына «Панцирь» кешені ғана жол ашып бере алады. Ықтимал нұсқалардың қатарында бұған украин дрондарының соққысы мен РФ әуе қорғанысы зымыранының оны жоюға жасаған әрекеті кезінде жол берілуі де қарастырылды.
Сарапшылар мұндай сәтсіздікке басқыншылар украин ұшқышсыз ұшақтарының төмендеп ұшуы мен «Панцирь» үшін берілген жаңа зымыранда ақаулық болуы немесе операторлар дайындығы сапасының төмендігі салдарынан ұрынулары мүмкін екенін атап өтеді. Әйтпесе, дрондар соққысынан резервуар қақпағы бұлайша көкке соншалықты өрлей ұшпайды.
Мәскеу мұнай өңдеу зауытына шабуыл украиналық дрондардың Мәскеу мен облысқа ауқымды шабуылы кезінде орын алды. Кәсіпорын аумағында бірнеше жерде өрт пайда болды, бірден бірнеше негізгі нысан қатты зақымданды. Соққыдан кейін қала аспанының жартысы қалың қою түтінге көмілді.
USD




