ТҮРКІСТАН. 16 қыркүйек. Түркістан облысының Шардара ауданында әкесін ұрып өлтірді деп айыпталған ер кісінің әйелі де жауапқа тартылады. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Бұдан бірнеше күн алдын Түркістан облысында ер адам өзінің қарт әкесін ұрып өлтіргені хақындағы ақпарат қоғамда қызу талқыға түсті. Қазір күдіктінің әйеліне қатысты да қылмыстық іс қозғалғаны мәлім болды.
Желі қолданушыларының айтуынша, жаға ұстатарлық жағдай Шардара қаласында орын алған.
Бұған дейін әлеуметтік желіде ер адам қарт адамды ұрып-соғып жатқаны түсірілген видео тараған болатын. Онда қарияның беті қанға боялғаны анық көрінеді. Ер адам өзі жуындырғалы жатқан қартты балағаттап, «екі қабырғаңды сындырамын» деп қорқытады. Енді бір кадрдан ақсақалдың жолдың үстінде аяққа тұра алмай жатқаны байқалады.
«Тұр, тұрмайсың ба, тағы ұрамын. Есек, тұр аяғыңды бас, жүр», – деген еркек әйелін көмекке шақырып, қарияны сүйреп алып кетеді.
Видеоны көршісі жасырын түсіріп алған.
Полиция департаментінен хабарланғандай, әкесінің өлімінен кейін ұлына қатысты ҚК-нің 106-бабы 3-бөлігінің («Зардап шегушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды.
Бұған қоса, марқұмның ұлының әйеліне қатысты да тергеу жүргізілуде. Оған қарсы қылмыстық іс ҚК-нің 3-бабы 2-бөлігінің 109-1-тармағы («Кінәліге көрінеу дәрменсіз күйде не кінәліге материалдық немесе өзге де тәуелділікте болған адамды ұрып-соғу») бойынша қозғалды.
«Сотқа дейінгі тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілетін болады. Олардың нәтижелері бойынша тиісті іс жүргізу шешімі қабылданатын болады. Сонымен бірге тергеу барысында өтініште баяндалған барлық дәлелдер тексеріледі және ол аяқталғаннан кейін қылмыстық процестің барлық қатысушыларының іс-әрекеттеріне құқықтық баға беріледі», – делінген Түркістан облысы полиция департаментінің хабарламасында.
Полиция хабарлағандай, жақындары тарапынан ұрып-соғу зейнеткердің өліміне әкеліп соқтырғанша жәбірленушіден немесе басқа адамдардан органдарға зорлық-зомбылық фактілері бойынша арыз түспеген.
USD




