Ғалым ретінде мықты. Адам ретінде де жақсы. Ал кейіпкер ретінде тіпті қызық. Оның есім-сойына, тек-төркініне дейін тылсым дүниеге жетелеп, елтіп-еліктіріп тұрады. Аманқос Мектептегі… Тура мағынасы да, ауыспалы мағынасы да солай. Мектеп. Кәдімгі мектеп. Мерейлі мектеп. Мәртебелі мектеп. Өмір мектебі. Үйрену мектебі. Шыңдалу мектебі. Аманқос ағам Аманқос болғалы қай заман?! Титімдейінен көне құндылықтарға құмартты. Архив ақтарды. Кітапхана кезді. Қолжазба қарады. Текстология түзді. Әсіресе талай жыл қапасқа қамалған ақтаңдақтар ашыла бастағанда іштей ширығып, көптен құмығып жүрген Аманқос ағамның тығыны қоса ашылды. Жарияланбай жатқан жәдігерліктердің бірінен-соң бірін жарыққа шығарды. Одан соң Алаш ардақтысы Халел Досмұхамедұлының мұрасын зерттеп-зерделеуге ден қойды. Тірнектеп дерек жинады. Митыңдап мәлімет іздеді. Тапқан-таянғанын шетінен кітап етіп жариялап, жұртшылыққа ұсынып жатты. Сөйтіп, қазақ руханиятына молынан олжа салды.
Бұдан сәл кейінірек бар шаруасын тастап, руна жазбаларын шындап зерттеуге кірісті. Таңбалас досы Тайжан Досанға еріп, тау кезіп, тас аралап кетті. Көне жазуды оқудың әдістемесін әзірлеп, соны оңайлықпен ұға қоймағандармен қызыл кеңірдек болып айтысып, қырық сағат түсіндіреді. Сен тосылмасаң, ол шаршамайды. Миыңның аздап суланып кететіні болмаса, ептеп бірдеңенің иісін сезіп үлгересің. Аманқос ағамның арыны мен қарымы һәм дарыны сенің сілікпеңді шығарып, түпсіз тұңғиыққа лақтырып кеп жібереді. Одан аман-есен оралып, жағалауға жетем дегенше, бар білгеніңнен айырылып қаласың.
Міне, менің Аманқос ағамның жұрттың бәрі бірдей оңайлықпен санасына сіңіре алмайтын қандай қиын шаруамен айналысып жүргенін осыдан-ақ біле беріңіз. Бүкіл ұлттың болмыс-бітімінің кілті осы жазуда тұр деп біледі. Тарихымыздың таңбасы осында деп ұқтырады. Таңбатануды қамбатанудан жоғары қояды. Жиған-тергені жеті атанға жүк болады. Ел аралап жүріп қоржынына салған ескі жәдігерліктерін тоғыз үлекке артсаң да көтере алмайды. Білімі мен ілімі құлағынан ағып, көйлегіне тамып жүреді. Баяндама жасау үшін мінберге міне қалса, ол регламентті, регламент оны құлағына қыстырмайды. Кеңінен көсіледі. Ұзағынан сүйіндіреді. Далада дамылдағандай, жайлауда жүргендей, тереңнен толғайды. Ғасырлар бедеріне із салған көшпенділердің шашы жалбыраған жалғыз данасы біздің дәуірімізде байқаусыз қалып кетіп, текірек басты пенделерге тұмса дүниенің әуезді әңгімесін айтып тұрғандай әсер етеді. Ол арғы дәуірден бергі дәуірге көшем дегенше өтіп жатқан жиналысың да біраз жерге барып, күрмелуге жақындап қалады. Несі бар, Марғұлан мәлімдегендей, көп білген соң көбірек айтады да… Бірақ қызық. Біраз нәрсеге қанығасың. Санаңды сілкілейді. Кәллаңды қозғайды. Зердеңді оятады. Құмарлығыңды арттырады. Әбекеме жастар үйір. Ойма жазуды үйренгісі келеді. Бағзы дәуірге бойлағанды қалайды. Әйтеуір университет студенттері көбіне-көп Мектепті жағалап жүреді. Ал Мектептегі Аманқос солардың басын қосып, ерінбей-жалықпай кестеден тыс дәріс оқып тұрады. Айтпақшы, Аманқос ағам «түрік» деген сөзді «төрүк» деп жазады. Мұны жұртшылық жақсы біледі. Бұл да бір өзгеше ұстаным, бөлек стиль… Сондықтан төрүктінің намысы бір деп, осы дүниені жаздық.
* * *
Айтпақшы, Әбекемнің әкесі Құлтан көкем біздің Шүкір Шахай секілді белгілі фотограф болған деседі. Бірақ сөйте тұра Шүкірдің жетпіс мың суретінің арасында жетпіске жеткен Аманқостың суреті жоқ боп шықты. Күні бойы тау-тасқа өрмелеп, көне жазудың ізінде жүретін адам Шүкірдің фотообъективіне қайдан ілінсін?! Ең бастысы, қазақ ғылымының шежіресіне іліндіңіз. Сондықтан мына бір таңбалы жартастың маңында бұзаубас бәтеңкеңізбен балпаң басып келе жатқан суретіңізді Бауыржан Бабажанұлынан аттай қалап сұрап алдық… Сөйтіп, сіздің ерекше бейнеңіз әлеуметтік желінің зердесіне көне төрүк жазуы секілді таңбаланып қалды.
* * *
Сонымен, айбарлы Аманқос Мектеп ағам жетпіске келді. Ол сол жетпісіңе жүгіріп жетті! Құтты болсын, аға!
Бауыржан ОМАРҰЛЫ
2024 жыл
«Шағала» жинағынан
USD




