Белгілі журналист Талғат Батырханның осы уақытқа дейін кірмеген кітапханасы, кемірмеген кітабы жоқ. Оқыған-тоқығаны мол. Білімі құлағынан ағып жүреді. Сөйлеп кетсе, маңайындағыларды бірден еліктіріп әкетеді. Әсіресе, ол әңгіме бастаса, жастар жағы жанына үйіріліп тұра қалады. Жұрт ұғымындағы әр тілде айтылатын тұрақты тіркесті түрлендіре түссек, жыбырлап жүрген «ауызекі энциклопедия». Тым терең екеніне қарамастан, аузында дамыл жоқ, қолында қимыл жоқ, сол энциклопедиямыздың ептеген жалқаулығы бар. Жазам деген нәрсесін жылдар бойы жобалап жүріп алады. Журфакта қатар оқыған жолдастары төрт-бес кітап шығарып үлгергенде Талғаттың мұндай нәрседе шаруасы бола қоймады. Миығынан күліп отыра береді.
Оқу бітіргелі тек қана газеттердің редакциясында қызмет істеп келеді. Ана бір жылы ет қызуымен ұлттық телеарнаға барып, түске дейін әлдебір бағдарламаны монтаждауға қатысып қайтқаны болмаса, баспасөзден іргесін ажыратқан емес. Өзі өз болғалы берекелі бес газеттің отымен кіріп, күлімен шықты. Талдықорған облыстық «Жерұйық» (бұрынғы «Октябрь туы») газетінде журналистік жолын бастады. Одан соң Парламенттің басылымы – «Халық кеңесінің» өз өңіріндегі меншікті тілшісі болды. Бертінде елордаға қоныс аударып, «Астана ақшамында» ұзақ жыл тер төкті. Кейінірек бас редактор креслосына жайғасып, «Қазақстан теміржолшысының» түтінін түзу ұшыруға атсалысты. Бүгінге дейін «Егемен Қазақстанның» қара шаңырағында ақпарат ағынымен арпалысып келеді.
Талғат Батырхан – тілге жүйрік, сөзге шешен саңлақтардың бірі. Ел-жұртқа айтқыштығымен танымал. Тосын тіркестерді түйдектетіп төгеді. Журналистер арасында «Талғат айтыпты» деген әзіл әңгімелер жетіп артылады.
Бір күні Талғат зайыбы екеуі Қостанай өңіріндегі «Сосновый бор» санаторийіне демалысқа кетеді. Алдымен «Сосновый борға» Талғаттың достары хабар салады: «Осылай да осылай, сіздерге бір атақты жазушы бара жатыр. Соның сол жақта үзбей жазып, жайлы жұмыс істеуіне жағдай жасасаңыздар екен». Содан санаторийдегілер жаппай сабылады. «Әйгілі қаламгерге қандай құрмет лайық?», – деп әбден бас қатырады. Айналдырған жарты сағаттың ішінде бұған жабдықталуы жағынан бірінен бірі өткен үш номерді ұсынады.
Бір қараса, санаторий қызметкерлері Тәкеңнің бөлмесіне жоспарда қарастырылмаған әдемі бір жазу үстелін қойып жатқан көрінеді. Солардың тобында жүрген бір шынашақтай қыз:
– Ағай, кешіріңіз, сіз жазушысыз ба? – деп сұрапты.
Талғат сөзді көбейтпейін деп:
– Иә, – дей салады.
Ана қыз да бір заржақ екен, онымен де қоймай:
– Не ғой, ана… Сонда сіздің қандай кітаптарыңыз бар? – деп тықақтай түседі.
Сол кезде Талғат жаңағы қақшаңдап қалған беймаза бойжеткенге былай депті:
– Әй, айналайын, мен осы жерге сол кітаптарды жазайын деп келіп тұрған жоқпын ба?!
* * *
Бүгін жүйрік журналист, көнекөз курстас, «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары Талғат Батырхан зейнет жасына жетті! Құттықтаймыз! Сол кітаптардың біразы шынымен де жазылатын болды енді…
Бауыржан ОМАРҰЛЫ
2024 жыл
«Шағала» жинағынан
USD




