11 Қазан, 04:10
RAST.kz
USD USD 453.93 ₸
EUR EUR 508.72 ₸
RUB RUB 5.35 ₸
Погода в Астане
Погода
Погода в Астане на 2 недели
  • Жаңалықтар
  • Қоғам
  • Жаһан
  • Әлеумет
  • Дәулет
  • Аймақ
  • Сайыс
  • Таным
  • Қайнар
  • Кіру
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
RAST.kz
  • Жаңалықтар
  • Қоғам
  • Жаһан
  • Әлеумет
  • Дәулет
  • Аймақ
  • Сайыс
  • Таным
  • Қайнар
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
RAST.kz
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету

ЕГОР ГАЙДАРДЫҢ ҚҰРДАСЫ

8 Қыркүйек 2026 12:50
- Жаңалықтар, Таным
ЕГОР ГАЙДАРДЫҢ ҚҰРДАСЫ
Facebook-те бөлісу Twitter-де бөлісу

(Эссе)

Тимурдың қонақжай шаңырағы

Осы дүниемiзге тақырып болып тұрған тiркестi ойлап тапқан бiз емес. «Сапарбай, сен мына менiң баламмен түйдей құрдас екенсiң, – дегендi Егордың әкесi Тимур Гайдардың өзi айтқан. Қайда дейсiз ғой? 1979 жылы Мәскеудiң төрiндегi Гайдардың үйiнде, үшеуi шай iшiп отырғанда тұп-тура осылай деген. Ол кезде Сапарбай «Қазақстан пионерi» газетiнiң тiлшiсi едi, ал Егор Гайдар МГУ-дың аспирантурасында оқитын. «Правда» газетiнiң бөлiм редакторы Тимур Гайдар дөңгелек көз, томпиған сары жiгiт пен шашы жалбыраған сырықтай ұзын қара жiгiттiң ортасында отырып, бiраз әңгiме шерттi…

* * *

Жетпiсiншi жылдардың аяғында «Қазақстан пионерi» газетiнiң редакциясы «Мәңгi өшпейтiн iз», «Күнге бет алған керуен» атты экспедициялар ұйымдастырды. «Мәңгi өшпейтiн iз» экспедициясы республикамыздағы тимуршылар қозғалысының тыныс-тiршiлiгiне арналды. Экспедиция сапарларының қорытынды бөлiмi Аркадий Гайдардың туған жерi – Льгов қаласындағы музей материалдарының негiзiнде жазылатын болды. 1979 жылғы ақпанда комсомолдың Орталық Комитетi жас журналист Сапарбай Парманқұловты жолсапарға жiберуге ұйғарым жасады. Алдымен Мәскеуге ұшып келдi. Мұнда бiрiншi рет табан тiреуi. Бұл шаһарда жан баласын танымайды. Аязды таңды Домодедово әуежайында қарсы алды. Ойлануға уақыт жоқ. Бiрден Қызыл алаңға тартты. Мақсаты – «Правда» газетiнiң редакциясын iздеп табу. Қызыл алаңға бет алған себебi, газет редакциясы орталықта болар деп жобалайды. Ол жерде әйгiлi жазушының ұлы Тимур Гайдар қызмет iстейтiнiн бiледi. Кеңес Одағының бас газетiнiң редакциясын табу аса қиынға түскен жоқ. Ендi iздеген кiсiсi орнында болса ғой… Кезекшiден жөн сұрады. Ол телефонға жармасып, әлдекiммен сөйлестi. Ар жағындағы адамға: «Бала Қазақстаннан келiп тұр!» – деп қояды. Өзi де елгезек бiреу екен. Телефонның тұтқасына кiрiп кетердей ентелейдi. Бейнебiр өзiнiң шаруасын шешiп жатқандай, әлгi кiсiге қайта-қайта рахметiн жаудырып қояды. Бiр кезде сары шал бұған қарап жымиды. «Балақай, жолың болды, Тимур Аркадьевич сенi қабылдаймын дедi. Жүр, жол көрсетейiн», – деп iлгерi бастады.

Сол кездегi «Правда» газетiнiң бөлiм редакторы Тимур Гайдар қазақ жұртынан келген қара баланы күлiмдеп қарсы алды. Не мәселемен жүргенiн тәптiштеп сұрады. Жас журналист тимуршылар қозғалысының атқарған шаруалары, Гайдар шығармаларын қазақ ұландарының ерекше ықыласпен оқитыны, Қазақстандағы балалар газетiнiң жазушының 85 жылдығына орай қолға алған iс-шаралары туралы баяндай жөнелдi. Бұл кезде танымал журналист-жазушы, контр-адмирал Тимур Аркадьевичтiң жасы елу үште ғана едi. Ол Ленинград жоғары әскери-теңiз училищесiн, Ленин атындағы Әскери-саяси академияның журналистика факультетiн бiтiрiп, Балтық және Тынық мұхит флоттарында сүңгуiр қайықта қызмет еткен-дi. Кейiннен «Советский флот» және «Красная звезда» газеттерiнде журналистiк жұмыс атқарды. 1957 жылдан берi «Правданың» әскери бөлiмiнiң редакторы, осы газеттiң Кубадағы, Югославиядағы, Ауғанстандағы меншiктi тiлшiсi болды. Мына қабағы қатыңқы қарасұр бозбала соның бәрiн сайрап айтып отыр. Тiптi, «Сiз «Пионер» журналының да редколлегия мүшесiсiз ғой», – деп қояды. Ал Аркадий Гайдарды өз атасынан кем көрмейдi-ау, сiрә. Оның өмiрбаянының әрбiр дерегiн жатқа соғады. Жас журналистiң зеректiгiне дән риза болған контр-адмирал әлдекiмдерге телефон шалды. Курскiге ұшатын ұшақтың билетiне тапсырыс бердi. Ең қызығы, түске таяу үйiне қонаққа шақырды.

Үйге келген соң ұлы Егормен таныстырды. Оқырман қауым бұл Егордың қай Егор екенiн ендiгi сезе бастаған болар. Сол қазір бұл өмірде жоқ, «либерализмнiң архитекторы» атанған әйгiлi экономист, 1992 жылы Ресей Үкiметi Төрағасының мiндетiн атқарған Егор Гайдар. Ол сол кезде небәрi жиырма үш жастағы көкөрiм жiгiт едi. Егор да Сапарбай сияқты 1978 жылы оқуын бiтiрiптi. Өзi тамамдаған Мәскеу мемлекеттiк университетiнде ғылыммен айналысып жүр екен. Контр-адмирал ұлының бұнымен қатарлас екенiн қайта-қайта тiлге тиек етiп отырды. Тимур Гайдар бiраздан соң баласына: «Сен Сапарбайды жолға шығарып сал», – деп, билет кассасында кiмге жолығу керек екендiгiн егжей-тегжейлi түсiндiрдi. Содан соң қос құрдас қара «Волгамен» әуежайға тартты. Сапарбайды шығарып салуға келе жатқан Егор Гайдардың ендi бiр он үш жылдан кейiн Ресейдiң Үкiмет басшыларының бiрi болатынын, елдi нарық қыспағынан алып өтуге үлес қосқан бiлiктi экономист-реформатор ретiнде мойындалатынын ол кезде ешкiм де бiлмейтiн едi! Тығыншықтай жирен шаш сары жiгiт жалбыр шаш қара жiгiтпен қол бұлғап қоштасты. Бiрақ содан кейiн жүздесуге тағдыр жазбапты.

Сапарбайдың ең алғашқы алыс сапары осылай табысты аяқталды. Әкесiндей кiсiнiң өз баласы секiлдi көңiл бөлгенiне разы болды. Сұлу Сеймнiң жағасындағы шағын қала – Льговтағы төрт күндiк мерекелiк шаралар әйгiлi жазушының мерейтойын бастап бердi. Қала ортасындағы Гайдардың әдеби-мемориалдық мұражайында күн сайын бiр жиын өтiп жатты. Бұл қазақ жұртының жалғыз өкiлi әрi бiрден-бiр гайдартанушы ретiнде жер-жерде сөз сөйледi. Қаламгер ретiнде құрметтелдi, жас болса да төрге шықты.

Сөйтiп, ол Гайдардың тойынан айдарынан жел есiп қайтты.

«Ақшамның» ақберені

Қазір «Ақшам» деген атауды иеленген басылымдар баршылық. Алатау баурайындағы ару қаланың халқына рухани нәр беретін «Алматы ақшамы», бас қаланың тынымсыз тыныс-тіршілігінен хабар тарататын «Астана ақшамы», Сыр бойын жайлаған жұрттың орталық шаһарының жаңалық-өзгерістерін баяндап отыратын «Ақмешіт ақшамы» сынды газеттер бүгінде өз оқырманының көз қуанышына айналып отыр. Ал бір кезде бүкіл Қазақ елінде жалғыз-ақ «Ақшам» бар еді. Оның өзі жұртшылықпен күнде қауышатын «Лениншіл жастың» («Жас Алаш») сенбілік қосымшасы ретінде шығатын.

Әдетте қай басылымның журналистері де соңғы беттің жұтынып шығуы үшін барын салады. Өйткені газетті қолына алған адам негізінен соңынан бастап оқиды деген пікір орныққан. Расында да, оқырманның сірескен саяси мақалалар мен санаңды сапырылыстыратын экономикалық сипаттағы жарияланымдардан гөрі миыңды аз-кем дамылдататын, ұғымға жеңіл әрі тартымды дүниелерді іздейтіні рас. Сондықтан «Лениншіл жас» та «демалыс беті» деп айдар таққан «Ақшамға» барынша көңіл бөлетін. Ең жақсы деген мақалалар содан орын тебетін.

Сенбілік бет шынында да қызығы таусылмайтын базарды көзге елестететін. Өзі бар жоғы бір-ақ бет. Оның өзі толық бет деуге келмейді. Жоғарғы жағында газет суретшісі Владимир Черданцевтің қылқаламымен әдіптелген «Ақшам» деген атаудың өзі бірталай орынды алып тұрар еді. Төменгі тұсында басылымның баспаханалық мәліметтері, редакцияның мекен-жайы көрсетіледі. Бірақ соған қарамастан осы «Ақшамнан» бәрін де табуға болады. Табиғаттың тылсым құбылыстары, ел-жұртқа беймәлім оқиғалар, белгілі адамның белгісіз қырлары хақындағы елең еткізерлік мақалалар осында жарық көреді. Қазақ жеріне табаны тиген танымал тұлғалармен болған сұхбатты да сол беттен табасың. Қолға оңайлықпен түспейтін сирек суреттер де басылады. Оған қоса түрлі ойын-сауық үлгілері ұсынылады. Бірінен бірі қызық. Ал енді осы «Ақшамды» алаш жұрты асыға күтеді. «Ақшам» деген жазуының өзі сиқырлы әлемнің кілті секілді көрінеді. «Ақшамды» олпы-солпы етіп шығаруға ешкімнің құқы жоқ. Себебі, бұл бетті газеттің басшысы, қазақ көсемсөзінің хас шебері Сейдахмет Бердіқұловтың өзі қадағалап отырады.

Осы «Ақшамның» жауапты шығарушысы, яғни газет ішіндегі газеттің редакторы кім болғанын білесіз бе? Ол сол кездегі жас журналист Сапарбай Парманқұлов еді. Бұл беттің мазмұны қызығып жазатын тақырыбына сай келді ме, әлде ол өзі соны тақырыбына бейімдеді де ме, ол жағы белгісіз, бірақ «Ақшамның» әр санынан оның қолтаңбасы анық көрініп тұратын. Әр нөмірде кемінде бір мақаласы жарияланады. Басқа дүниелер де үтір-нүктесіне дейін оқылады.

«Жас Алаштың» «Ақшамы» тек оқырманына татымды дүние ұсынып қана қойған жоқ. Өзінен кейін өмірге келген түрлі «Ақшамдарға» кеңінен жол ашты. «Қазақстан» телеарнасының кешкі жаңалықтар бағдарламасы бір кезде осылай аталғаны есімізде. Кейін «Алматы ақшамы» атауы үшін айқасқандар жастар басылымының сенбілік бетінің тақырыбын үлгі етіп ұсынғанын да ел-жұрт ұмыта қоймаған шығар. Олар «Міне, осындай атау кеңес дәуірінде де болды ғой, сондықтан үркетін ештеңе жоқ», – деп табындылық танытыпты.

Сапарбай Парманқұлов екі астананың «Ақшамының» да шынайы тілеулесі болғаны белгілі. Ал 1997 жылдан бастап Қызылорда қаласында шыға бастаған «Ақмешіт ақшамы» газетіне өлшеусіз үлес қосты. Бұл тұста «Жас алашта» қызмет істейтін Сәкең әріптесі Бақыт Қайрақбаев екеуі Сыр бойына қала басшыларының шақыруымен арнайы келіп, газет макетінің үздік үлгісін жасап берді. Бірнеше күн осында болып, жаңа басылымның жас қызметкерлеріне шеберлік сабақтарын жүргізді. Газет шығару ісінің қыр-сырын жалықпай үйретті. Оның осы еңбегін ақмешіттік «ақшамдықтар» әлі күнге дейін ілтипатпен еске алады.

Секретариаттың серкесі

Сексенінші-тоқсаныншы жылдардағы «Лениншіл жастың» журналистерін шартты түрде әр қырынан екі топқа бөліп қарастыруға болар еді. Бөлім меңгерушілері мен тілшілер. Лифтінің бер жағында орналасқандар мен ар жағындағылар. Журфак бітіргендер мен журфак бітірмегендер. Журфакты күндіз оқығандар мен сырттай оқығандар. Ақындар мен ақын еместер. Тағы бір жіктелісті ерекше атар едік. Секретариатта қызмет істегендер және макет дегеннің не екенін білмей бөлімге бірден аттап кеткендер…

О, бұл енді өте елеулі айырмашылық. Өйткені секретариатта қызмет істегендердің басқалардан бір бағы артықтау болады. Ол өз мақаласын газетке әрлеп-әспеттеп ұсына алады. Сол күнгі нөмірдің макетін ықыластанып отырып өзі сызады. Өз дүниесін айшықтап, бар өнерін салып, өзгеше көрінетіндей етіп орналастырады. «Өзімдікі дегенде өгіз қара күшім бар» деп, бояу-сояуды қалыңырақ жағады. Газетшілер ғана түсінетін «шмуцы» мен «воздухты» молынан пайдаланады. Яғни, «қазаншының еркі бар қайдан құлақ шығарса…». Бұл кезде макет сыза білмейтіндер оған тек қызыға қарап отырады. Олар мақаласы жарияланатын күні макетшілерге жалынады.

Секретариаттың мектебінен өткендер редакцияда сондай қадірлі. Ал өмірі секретариат көрмегендер олардың қасында әскерге бармаған бозбаладай қымсынып тұрады. Сөйте тұра шеберлік мектебі, көркемдік көрігі – секретариатқа өз еркімен баратындар аса сирек. Әдетте ол бөлімге еркіңнен тыс жібереді. Қынжыла-қынжыла кетесің. Себебі, оның жұмысы қиын. Басқа бөлімдегілер кешке әндетіп үйіне қайтып бара жатқанда сенің жұмысың енді қызады. Түн ұйқыңды төрт бөліп, үнемі кезекшілікке жүресің. Бірақ кейін соның рахатын көресің.

«Ленишіл жастың» секретариатында әбден шыңдалған Ерғали Сағат, Жарылқап Бейсенбайұлы, Қуаныш Жиенбай, Қасым Әзімхан, Ертай Айғалиұлы, Қали Сәрсенбай, Әнуар Тарақ сынды ағаларымыз таңертең қолға тиген жаңа газеттің түр-түсіне өзгеше көзбен зер салар еді. Осы берекелі буынның ішінде Сапарбай Парманқұловтың болмысы бөлек-ті. Оның макет сызуының өзі табиғи қабілетін танытады. Қолы тиген жер құлпырып сала береді. Ертеңіне газет бетіне шыққанда одан әрі жасанып тұрады. Сәкеңнің сызбалары мақаланың мазмұнымен үйлесе кетеді.

Жоғарыда аты аталған ағаларымыз секілді Сапарбай баспасөз қызметінде секретариаттан алыстаған жоқ. Талай жыл «Жас Алаштың» жауапты хатшысы болды. Осы басылым бас редакторының бірінші орынбасары, «Дала мен қала» газетінің бас редакторы болған кезде секретариаттағы талай жылғы тәжірибесі пайдаға асты. Газетінің әр нөмірін ұзатылатын қыздай әспеттеді.

Біраз уақыт Алматы жарнама қызметінің бағын жандырды. Қаламгерлердің кітаптарын әрлеп-әсемдеді. Қысқасы, ол баспасөз дизайнының теңдессіз шеберіне айналды. Мұны мойындамайтындар табыла қоймас.

Табиғаттың тамыршысы

Қазақта журналист жеткілікті болғанымен, белгілі бір салаға маманданған баспасөз өкілдері көп емес. Әр тақырыпты бір жазатын әмбебаптық қаламгердің қабілетін қожыратады. Сапарбай Парманқұлов – өз тақырыбын тапқан журналист. Ол табиғатпен тілдесе алады. Табиғаттың тынысын тыңдайды. Тамырын басады. Табиғат құбылыстарын зерлеп-зерделеп, ой толғау үшін бармаған жері, баспаған тауы жоқ.

Дүниенің түкпір-түкпірін шарлап шыққан Сапарбайдың сиқырлы саяхаттары әдемі эссе, әсерлі жолжазба, ойлы очерк болып өріліп, оқырмандарына жол тартты. Жазған дүниелерінің тосын тақырыптарының өзі тылсымның тереңіне иіріп әкетеді. «Айқайқұм», «Айға шағылған мұздықтар», «Аспанға шаншылған құйындар», «Ата тас пен Ана тас», «Мыңжылдық темір діңгек», «Көккөлдегі аждаһа», «Айдың қозғалыс белдеуі», «Сақиналы таудың сыры», «Құпия құдықтың қасиеті», «Қар адамының» жұмбақ іздері», «Қарақиядағы қазаншұңқыр», «Кайназойдан үріккен динозаврлар»… Ал енді оқымай көріңіз. Бұл дүниелердің бәрі кәсіби шеберлікпен жазылған. Дерегі мол, жаңалығы жеткілікті. Автор көбісін өз көзімен көрген, тынысын өз түйсігімен сезген тылсым құбылыстар. Сапарбайдың осы жазбаларының бәрі жинақталған «Жыландар көші» және «Жұмбақ сарқырама» атты кітаптары талай құпияның сырын ашады. Бүгінде аға жасына жеткен журналист бір сәтке де қаламын қаңтарып қоймайды. Тәжірибесі артқан сайын ізденеді, жаңаша үрдіспен жазуға тырысады.

Осыдан қырық жыл бұрын «Жас Алашқа» келген мен көп ұзамай газеттің алғашқы кезекшілігіне бардым. Ол кездегі дәстүр бойынша сені мұндай жауапты істі атқаруға тәжірибелі бір журналист ертіп апарады. Мені ертіп бару Сапарбай Парманқұловтың үлесіне тиіпті. Алғашқы кезекшілігім болған соң бұл күннің әрбір сәті зердемде жатталып қалды. Ол баспахананың әр мүйісін аралатып көрсетті. Газеттің корректорлар бюросының қызметкерлерімен таныстырды. Нөмірдің қатесін қалай оқу керектігін асықпай үйретті. Түрі түксиіп тұрған соң бірдеңе бүлдірсем, ұрса жөнелетін шығар деп ойлағам. Жоқ, олай емес, аса мейірбан екен. Осының бәрі маған қатты әсер етті. Кейін талай бірге жүрсек те, сан рет дәмдес болсақ та, оның бай тәжірибесі мысымды басып тұрады.

Осы күні ойлап қарасам, Сәкең сол кезде отыздағы жас жігіт екен. Қазір аға буынның айтулы өкіліне айналды! Сырлы сапарларыңыз ұзақ болсын!

* * *

Бүгін Сапарбай ағам 70-ке толды! Аман жүріңіз, Егор Гайдардың құрдасы!

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

 

 

Суретті түсірген Шүкір Шахай

 

Таңбалар: жетпіс жасжурналистСапарбай Пармарқұлов

Ұқсас мақалалар

«Бернли» журналисі Англияда Сәтбаевтың алғашқы қадамына баға берді
Жаңалықтар

«Бернли» журналисі Англияда Сәтбаевтың алғашқы қадамына баға берді

01.09.2026
БАҚТИЯР БАҺАДҮР
Жаңалықтар

БАҚТИЯР БАҺАДҮР

13.08.2026
ЖЕТПІС ҮШІНШІ БАПКЕР
Жаңалықтар

ЖЕТПІС ҮШІНШІ БАПКЕР

14.07.2026

КӨП ҚАРАЛҒАНЫ

  • Сыр бойының белгілі перзенті Шахизат Төребаев өмірден өтті

    Сыр бойының белгілі перзенті Шахизат Төребаев өмірден өтті

  • «Өз еліме керек емеспін»: Тәжірибелі төрешіге қысым жасаған кім?

  • Мерекелік іс-шарада Сыр өңірінің үздік ұстаздарына құрмет көрсетілді

  • Қызылордада Қала күніне арналған үлкен мерекелік концерт қойылды

  • Қазақстан Ресейдің Иркутск облысындағы ахуалды бақылауында ұстайды

  • Қызылордада «Анаға тағзым» ІІІ республикалық форумы өтті

  • Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің экс-бас қолбасшысы Қанат Ниязбеков ұсталды

RAST.kz

Ақпараттық-танымдық, қоғамдық-саяси, ғылыми-көпшілік порталы

Сайт Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат комитетінде 23.01.2020 ж. тіркеліп, №KZ56VPY00019585 куәлігін алған.

Құрылтайшы:
«Даларус» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Яндекс.Метрика

© 2026, Барлық құқықтар сақталған.

  • Кіру
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
  • Жаңалықтар
  • Қоғам
  • Жаһан
  • Әлеумет
  • Дәулет
  • Аймақ
  • Сайыс
  • Таным
  • Қайнар
HTML Weather widget for website by meteolabs.kz

USD USD 453.93 ₸
EUR EUR 508.72 ₸
RUB RUB 5.35 ₸

© 2026, Барлық құқықтар сақталған.

Қош келдіңіз!

Төмендегі тіркелгіңізге кіру

Құпиясөзді ұмыттыңыз ба?

Құпия сөзді қалпына келтіру

Құпия сөзді қалпына келтіру үшін пайдаланушы атыңызды немесе электрондық пошта мекенжайыңызды енгізіңіз.

Кіру

Add New Playlist