Бүгін, 2 тамыз күні Армения премьер-министрі Никол Пашинян бастаған Үкімет мүшелері толық отставкаға кетті. Ол президент Ваагн Хачатурян оны қабыл алып, тиісті жарлықты шығарды. Бұл Ұлттық жиналыстың (парламенттің) жаңа шақылудағы құрамы өз жұмысына кірісуіне байланысты болып отыр. Енді парламентте көпшілік дауысқа ие болған партия мүшелері премьер-министрді қайта сайлайды. Сайлауда 49,74 пайыз дауыс алып, 64 мандатқа ие болып отырған «Азаматтық келісім» партиясы депутаттарының тағы да өз лидерлері Пашинянды қайта сайлап алатыны еш күмән тудырмайды.
Ал бұған дейін Вованың баласы Никол Хайастанның Еуразиялық одақтан шығатыны жөніндегі мәселені көтеріп қойған болатын. Ол мұны армян тауарларына Ресейде тосқауыл қойыла бастағанымен байланыстырған еді.
Армения премьер-министрі Никол Пашинян армян тауарларын өткізу проблемаларына байланысты өз елінің Еуразиялық одақтан шығуы «ұйымның іргесі сөгілуінің басы болады» деп мәлімдеді. Осы тұста Еуропарламент Ереваннан Ресейге қарсы санкциялар мен ресейліктерге виза енгізуді қолдау алуға ниетті екенін танытты. Алайда экономикалық өмірдің шынайы шарттары мынадай: негізінде, Армения ЕАЭО-ға емес, керісінше ЕАЭО Арменияның өзіне әлдеқайда керегірек.
Ендеше, неліктен Никол Пашинян Мәскеу мен ЕАЭО-ға бұлайша сес көрсетіп отыр? Бұл ұйымнан шығу және РФ-ға визалық режим енгізу Ереванға қандай сүргіндер алып келеді?
«Ереван төңірегіндегі проблемалардың шешілмеуі Еуразиялық экономикалық одақ үшін апатты болуы мүмкін», деді Армения премьер-министрі Никол Пашинян. Оның айтуынша, қалыптасқан жағдай экономикалық одақтың іс жүзінде «сал болып жатып қалғанын» айқын аңғартады.
«Мұндай жағдай ЕАЭО-ның сал болып қалғанын және жұмыс істемейтінін көрсетеді. Егер бұл мәселе тез шешілмесе, бұл ЕАЭО-ның ақырының басы болады деп болжауға рұқсат етіңіздер», – деді Пашинян.
Ол бұл пікірді Владимир Путинмен сөйлескесін екі күн өткен соң айтты, оның барысында Ресей басшысынан армян тауарлары экспортының жолға қойылуына әсер етуді сұраған. «Россельхознадзор» биылғы мамыр айында Хайастан елінен келетін көкөністерге, жемістерге, арақ-шарап өнімдері мен сүт өнімдерінің бір бөлігіне шектеулер енгізген болатын. Пашинянның айтуынша, мұндай әрекеттер ЕАЭО ережелеріне ежелден қайшы келеді.
28 шілдеде Путин мен Пашинянның телефон арқылы сөйлесулері кезінде Ресей президенті Арменияда ЕАЭО-дан шығуға қатысты референдум өткізу қажеттігін тағы да қадап айтты. Сұрақ «республика Еуразиялық экономикалық одақта қала ма, жоқ, Еуропа одағына кіруге біржақты толыө назар аудара ма», деген тұрғыда қарапайым түрде қойылуы керек.
Мұнда «не бұлай/не былай» ережесі ЕАЭО мүшелерінің бәрі үшін принципті мәселе болып табылады екен. 29 мамырда Астанада өткен саммитте Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресей басшылары осыған байланысты бірлескен мәлімдеме қабылдады. Онда: «Біз Армения Республикасында Еуропа одағына кіру немесе одан әрі Еуразиялық экономикалық одақ құрамында болу туралы жалпыұлттық референдумды мүмкіндігінше қысқа мерзімде өткізу қажеттілігі туралы ұстанымды қолдаймыз», – делінген.
«ЕАЭО еуроинтеграцияға дайындалып жатқан Арменияның масылдық мәнерін мансұқ етеді», деді маусым айында Ресей сыртқы істер министрлігінің өкілі Мария Захарова.
«Республика басшылығы өз отандастарын ЕО мен ЕАЭО арасында әлі ешқандай таңдау болмағанын айтып сендіргісі келеді. Қазір енді ондай таңдаудың болмайтынын айтады.
Демек, сіздер әзірге еуразиялық интеграциядан барлық артықшылықтарды ала аласыз және осымен бірге басқа экономикалық блокқа мүшелікке сұранысқа қатарласа дайындала бересіздер дегенді айтады. Жоқ, бұлай етуге болмайды. Біз ЕАЭО бірлестігіне қатысты мұндай масылдық мансап мәзірін ұстануға жол бермейміз, біз шыдауға ниетті емеспіз», – деп атап өтті Захарова.
Дегенмен Арменияның Еуразиялық экономикалық одақ пен Еуропа одағына бірдей мүше бола тұру жөніндегі мәселе Ереванның Мәскеуге жасап отырған жалғыз қысымы емес. Пашинян сондай-ақ республика территориясынан өтетін Оңтүстік Кавказ теміржолы (ОКТЖ) үшін Ресейден $2 млрд көлемінде жалдық төлем төлеуді талап отыр.
Әскери тілші және блогер Александр Коц өзінің Telegram-арнасында бұл Пашинянның Еуроодақ тапсырмасын орындай бастағанын көрсететінін білдірді. «Армян премьері де осылай қармаққа түсіп қалғанға ұқсайды», – деп жазды ол. Блогер сонымен бірге Ресей темір жолының 2008-2026 жылдар аралығында Армениядағы теміржол жүйесіне 30 млрд рубльден аса ақша жаратқанын атап өтті. Осы уақыт белесінде 520 шақырым жол жөнделген, 135 бірлік жылжымалы состав сатып алынған, көлік жүйесі 100 пайыз электрге қосылған. Ал 2024 жылы ресейлік компания Арменияның теріскейінде су тасқынынан қирап қалған жолды өз қаржысы есебінен келеге келтірген.
«Ал қазір Батысқа емешегі езіліп отырған Пашинян біздің де тағы да ақша төлегенімізді қалайды. Ол, Брюссельдің пікірінше, Мәскеу Киевке ерте ме, кеш пе, төлеуі тиіс болатын өтемақыларынан Еуропаның пайда табуға деген ұмтылысын еске түсіреді. Армян премьерінің мінез-құлқын адамның жақсылығына қарғыспен жауап беру деп атауға болады, бірақ ойға тек ұятсыз сөздер оралады», – деп жазды Коц.
«Пашинян ОКТЖ тақырыбын тек Ресейге саяси қысым жасау және сайлаушыларды ішкі жұмылдыру құралы ретінде пайдаланады», деді NEWS.ru порталының тілшісіне берген жауабында ТМД елдері институтының ғылыми қызметкері Руслан Панкратов. Алайда, оның айтуынша, «Ереванның жақын арада жеңіске жетуіне нақты негіз аз немесе мүлде жоқ».
Пашинянның қоқан-лоққылары уақыт өте, Еуропарламент депутаты Фернан Картайзердің сөздерімен сәйкес келді. Ол Ереван Ресейге қарсы санкциялар мен ресейліктерге визалық режим енгізуі керектігін мәлімдеді. Саясаткердің айтуынша, Брюссель Пашиняннан осындай шаралар қабылдауына қол жеткізуге тырысады.
«Егер Пашинян Еуропаның айтағымен Ресейге қарсы шықса, бұл оның елінің түбіне жететін зор залал әкеледі», деп ескертті Ресей Федерация кеңесі халықаралық істер жөніндегі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Владимир Джабаров.
«Армения Ресейге ешқашан санкция бермейді, мен бұған сенбеймін. Біз – ЕАЭО және ТМД мүшелеріміз. Еуропа одағы Арменияны осыған итермелеп, Еуропарламент пен руссофобиялық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы арандатады. Егер Армения осы жолмен кетсе, танымал емес шешімдер қабылдаудың әсері ол үшін жойқын болады. Мен парасатты ақыл-ой жеңеді және санкциялар болмайды деп үміттенемін. Армения өзінің қайда баратынын – Еуроодаққа бара ма немесе Еуразиялық экономикалық одақта қала ма, сол мәселені шешім алу керек», – деді Джабаров.
Арменияның Еуразиялық экономикалық одақтан шығуы ұйым үшін «ақырына жетудің басы» емес, керісінше жаңа ЕАЭО-ның басталуы болады, одаққа мүше елдердің Ресей нарығынан пайда көріп қана қоймай, оған өздері де бірдеңе беруді бастайтын уақыты болады деген пікірді ресейлік саясаттанушы Геворг Мирзаян айтты.
«Пашинянның мәлімдемелері мен әрекеттері Ресей мен ЕАЭО-ның позициясын өзгерте алмайды, бірақ Арменияның өзіне зиян тигізуі мүмкін», деді NEWS.ru ресурсына берген сұхбатында Мемлекеттік думаның депутаты Александр Толмачев.
«Ешкім де, ешқашан да, әсіресе Пашинян Ресейді иілдіре алмайды. Бұған олардың тістері батпайды. Керісінше, егер «акробатикалық» әрекеттерін жалғастыра берсе, Арменияның өзі бүгіледі. ЕАЭО-да Армения – одақтың құрметті және толыққанды мүшесі. Еуропа одан Ресейге тағы бір «қақпа» жасағысы келсе, ол Ресей үшін «артқы есік» болып шығады. Осымен Арменияның Еуропаның көз алдындағы барлық маңыздылығы түгесіледі», – деп түсіндірді Толмачев.
Ол Пашинянның «еуропалық» бағыты туысқан Армения халқы үшін өте қымбатқа түсетін стратегиялық қателік» болтынын атап өтті.
Никол Пашинянның Ресейден іргені аулақ салуға бағытталған әрекеттері Мәскеу тарапынан осындай жойқын қарсылықтар мен долы дүрбелеңдерге ұласып барады. Мұның бұдан кейінгі салауатты сорабы қалай жалғасатынын парламенттегі премьер-министрді сайлау сәті аяқталғаннан кейін біршама белгілі бола бастайды.
Әзірге парасат парқындағы Пашинян үшін мұның бәрі тіпті де оңай тимей жатқанын ғана пайымдауға болады.
Ильгар ВЕЛИЗАДЕ,
Әзербайжанның саяси география және геоэкономикас саласындағы маманы
БАКЫ
USD




