Геннадий Головкин спорттағы барлық беделінің қатқан-құтқан қалдықтарын өзінің Ресейге деген саяси адалдығын дәлелдеп шығуға айырбастап жіберуді жөн көргенге ұқсайды.
Таяуда ол бокстан Ресей құрамасының алдағы Олимпиялық ойындарға қатысуына толық жағдай жасап берді. Дәл осы уақытта Ресей армиясы өзі басқыншылықпен басып кірген Украина жерінде күнбе-күн жергілікті бейбіт халықтың – әйелдердің, балалар мен қарттардың қанын суша төгіп жатты. Сонда Генканы жандарын салып қорғаушылардың «спорт – саясаттан тыс» дегендегі өмірлерінің шындығы осы ма еді?
Ал шын мәнінде, спорт пен олимпиялық қозғалыс – адамзаттың аса маңызды саясаты осы! Саясаттың мақсаты – бүкіл әлемде бейбіт өмір орнату. Олимпиада хартиясының «О, спорт – сен бейбітшіліксің!» деген сөздерден басталуы да әсте кездейсоқтық емес-тін.
Бүгінгі таңда әлем боксының көші тізгінін ұстап отырған адам үшін бұл жай ғана кезекті мәлімдеменің бірі болып қана қалмауы тиіс. Бұл – саясат және мораль дабылы. Қазақстан боксының көптеген әуесқойлары үшін бұл дабылдың дәргейі өте-мөте айқын болып тұр: Головкин бір кездері өзі рингте жеткен жеңістері арқылы жинаған абыройынан бірте-бірте алыстап барады.
Ондағы ұлттық спорт қаһарманының айбыны да барған сайын пәсейіп келеді.
Головкин World Boxing-ке президент болып сайланған кезінде өзінен күтілген сілкіністі өзгерістердің әлі титімдей жұрнағын да көрсете алған жоқ. Ол дайын делбесіне ие бола салған әлем әуесқойлары боксындағы ең басты мәселе – арбитрлардың көпе-көрнеу әділетсіздігі жөніндегі ащы қыжылды жанжал ешқайда жоғалып кетпеді. Халықаралық турнирлер мен әлем чемпионаттарындағы реферилер мен төрешілер шешімдері бұрынғысынша ашу-ызаға толы сұрақтарды, әділетсіздікке наразылық көрсетулер мен айыптауларды толайым тудырып келеді.
Қазір онда мынадай парадоксты көрініс бар: жұрт жаңа ұйым мен оның басшылығынан орасан зор бұрылысты өзгерістер күтіп еді, мұның орнына іс жүзінде өздері жылдар бойы тоқтаусыз сынға алып келген мәскеулік IBA секілді жүгенсіз жүзіқара жүйемен қайта жүздескен болып шықты. Кейде тіпті жағдай бұрынғының өзінен әлдеқайда нашар нұсқаға айналып кетіп жатады.
Қазір көңілтолмастық тек қазақстандықтардың ғана проблемасы болудан әлдеқашан қалған. Ашу-ыза толқыны бүкіл әлем бокс қауымдастығын шарпып кетті. Жанкүйерлер шешімнің бәрі рингтің сыртында алдын ала шешіліп қойылатын ескі жүйенің кезекті қаңқасын емес, спортшылар үшін тең жағдай ұсынатын таза спорт пен адал төрешілікті көруді аңсайды.
Бұл тұрғыда да Головкиннің позициясы айрықша арсыз болып көрінеді.
Әлем боксының жаңа дәуірінің айнасы болуға тиісті адам іс жүзінде спорт аудиториясының айтарлықтай көп бөлігін тітіркендіретін шикі шешімдер қабылдаушылармен бір қатарда тұр.
Осыдан кейін өзінен өзі мынадай заңды сұрақ туындайды: бұрынғы даңқты Головкиннің өзінен қалған не бар қазір? Күллі Қазақстан жаппай мақтан тұтқан бұрынғы спортшыдан, есімі тәртіппен, кәсібилікпен, спорттағы тазалықпен астасқан және ұлттық жетістіктің символы болған тұлғадан не қалды?
Головкин көпшілікпен өтетін іс-шараларда киіп жүргенді жақсы көретін қазақ шапаны да қазір Қазақстанмен байланысты нышан емес, оның өзіндік бір жай жапсырма әшекей секілді сезім туғызатыны да рас.
Сыртында – қазақтың шапаны. Ал ішінде – мүлде басқа дүниелер дүркіреп жатыр.
Ұлттық рәміздерді әркімнің қалағанынша әспеттей беруіне болады, бірақ адамның кескін-келбетін фотосессияларға арналған кәстөмдер мен сұлу сөздері анықтамайды. Ол әманда іс-әрекеттермен айғақталады. Бүгінгі таңда Головкиннің тірліктері қазақстандық бокс әуесқойларының барған сайын көп бөлігін «ол шынымен қазір өзін бір кездері ұлттық қаһарман етіп жасаған жұрт құндылықтарын бұрынғысынша бедерлей ала ма» деген мазмұндағы жағымсыз сұрақ қоюға мәжбүр етеді.
Оның бүгінгі таңда Ресейге бүйрегін бұрып тұрушылығы осындай пиғылдың бар екені жөніндегі күдікті күшейте түседі.
Қазақстан президенті Тоқаевтың тап Головкинге қолдау көрсетуі де шіли таңғаларлық нәрсе емес. Сол кезде-ақ әлемнің бұрынғы чемпионының Ресеймен байланысты мәселелерде барынша ымырагершілік танытатыны белгілі болып қалған.
Сол болжам бүгінде саяси өмірдің шындығына айналып үлгерді.
Тап сондықтан да оның Ресей құрамасының Олимпиадаға қатысуына қолдау білдіруі кездейсоқ айтылып қалған сөзден гөрі бұрыннан таңдалған бағыттың заңды жалғасы сияқты болып көрінеді.
Головкин өз таңдауын өзі жасады.
Және бұл таңдаудың да өз бағасы бар.
Ол бұрынғының ұлы боксшысы болып қала алады – бұл спорт тарихының қайта жазып шығуға жатпайтын бір бөлігі. Оның жеңістері, атақтары мен жетістіктері ешқайда жоғалып кетпейді.
Лекін спорттық өмірбаян мен қоғамдық абырой деген екеуі әсте бір нәрсе емес.
Абыройды жылдар бойы рингте жинап алуға да, сосын оны одан тыс жердегі бірнеше шешіммен жоқ қылып жіберуге де болады.
Қазір тап осы үдеріс жүріп жатқанға ұқсайды.
Бір кездері Қазақстан жалауын әлем боксының шыңына көтерген Головкин бүгінде өзінің жұрт жадында тек аса көрнекті боксшы болып қана емес, сонымен қатар ең бір қолайсыз кезеңде принципті іс-қимыл көрсету орнына ыңғайлы ымырагершілікті таңдап алған адам ретінде де қалып қоюға тәуекелшілік етіп жүр.
Егер бәрі осылай болып жалғасып кете берсе, иығындағы қазақ шапаны оның тұлғасындағы қазіргі басты сипаттарды бүркемелей алмайды.
Абырой бір соққымен ұшып түспейді. Оны шешімнен соңғы шешім, сөзден кейінгі сөз, үнсіздіктен кейінгі үнсіздік біртіндеп сылып тастайды.
Бүгінде Головкиннің өзі Ресей унитазының қақпағын өзі барып ашып, оған өзінің бұрынғы абыройының ең соңғы қалдығын өз қолымен төге салғандай әсер қалдырып отыр.
Асқар НӘСИЕВ
Суретте: IBA президенті, ресейлік тәжік Умар Кремлев пен Геннадий Головкин
USD




