Уашингтон үшін Әзербайжанның маңызы бірден бірнеше факторлар бойынша айқындалады. Олардың ішінде оның тиімді географиялық ортаға орналасуы, дамыған энергетикалық және көлік инфрақұрылымының болуы, сондай-ақ Бакының әртүрлі күш орталықтарымен жұмыс қарым-қатынасын сақтауға мүмкіндік беретін тәуелсіз сыртқы саясаты екшеленіп тұрады.
Тап сондықтан АҚШ-тың Әзербайжанға деген қызығушылығы алдағы жақын жылдарда тек арта беруі кәдік. Америкалық сарапшы Ирина Цукерман Республикалық конгрессмен Абрахам Хамаданың таяуда Бакыге жасаған сапары жөнінде Minval Politika порталына түсіндірме бергенінде осындай тұжырым айтты.
«Ресейдің, Иранның, Хазар теңізінің, Орталық Азия мен Түркияның тура ортасында тұрған Әзербайжан енді жерде Еуропа мен Азия арасындағы энергетикалық, сауда, көлік және цифрлық байланыстар өтетін негізгі тораптардың біріне айналды. Сол себепті де Америка саясаты Бакуді басқа мемлекеттерді тежеп ұстап тұрудың шебі деп емес, өзіндік тұлғасы бар әріптес ретінде мойындауға негізделуі тиіс», – деп атап өтті Ирина Цукерман.
Оның айтуынша, Әзербайжанды Сакартвеломен, Түркиямен және Еуропа нарығымен байланыстыратын энергетикалық инфрақұрылым маңызды рөл ойнайды. Әзербайжан жеткізілімдері Ресейдің энергиялық ресурстарын толық алмастыра алмаса да, олар Еуропаға мұнай мен газ көздерін әртараптандыруға мүмкіндік береді, бұл Мәскеуге тәуелділікті төмендетеді.
Сарапшы қазіргі заманғы өнеркәсіп пен қорғаныс секторына қажетті мұнай, газ, уран және сирек жерасты элементтерінің ірі қорлары шоғырланған Орталық Азияға қол жеткізуді маңызды фактор деп атайды.
«Америка және Еуропа компанияларына Хазар арқылы өтетін сенімді бағыт жолдарынсыз Қазақстанмен, Өзбекстанмен және өңірдің басқа да мемлекеттерімен тұрақты экономикалық байланыс орнату қиынға соғады. Тек Әзербайжан порттары, теміржолдары мен логистикалық орталықтары ғана осының мүмкіндігін жасаудың негізі болып табылады», – деп атап өтті аналитик.
Цукерманның айтуынша, Әзербайжанның Иранмен көршілігі ерекше маңызы бар.
«Иранмен ұзаққа созылған шекара, Хазар бассейніндегі аухал және Бакының Израильмен тығыз байланысы Әзербайжанды аймақтық қауіпсіздік мәселелерінде маңызды әріптес етеді. Сонымен қатар, Бакы өз аумағын Уашингтон мен Тегеран арасындағы тікелей қарама-қайшылық алаңына айналдырмауға ұмтылады, өйткені бұл елдің өзіне тікелей қауіп төндіреді», – дейді сарапшы.
Цукерман осы ретте Абрахам Хамаданың «АҚШ қатыспағаннан пайда болған кеңістікті Мәскеу мен Теһран толтыруға әрекет жасайды» деген мәлімдемесіне түсіндірме бере отырып, мұндай бағалаудың тұтастай алғанда шындыққа сәйкес келетінін атап өтті.
«Бірақ Оңтүстік Кавказ толық саяси бос кеңістікте тұр деп айту дұрыс болмас еді. Мұнда Ресей, Иран, Түркия, Қытай, Еуропа одағы және аймақтық мемлекеттердің өздері қазір белсене жұмыс істеп жатыр. Егер Құрама Штаттар жаңа көлік маршруттары, қауіпсіздік тетіктері мен сауда ережелері қалыптасқан сәтте белсенділігін төмендетсе, басқа ойыншылар өздерінің стандарттарын, коммерциялық мүдделерін және саяси жағдайларын сөзсіз күшейтіп алады», – деп санайды ол.
Сарапшының айтуынша, Украинадағы соғысқа және Қарабақ төңірегіндегі жағдайдың өзгеруіне байланысты Ресейдің ықпалы әлсірегеніне қарамастан, Мәскеу әсер ету құралдарының кең құрамын сақтап қалады. Ал Иран өзінің солтүстік шекарасынла Америка әскерлерінің тұруын өзінің қауіпсіздігіне төнген тікелей қатер ретінде қабылдайды.
«Теһран сонымен бірге Әзербайжан, Түркия және Орталық Азия арасындағы өзара көлік байланыстарының нығаюына, мұнда Америка компаниялары келуіне және Бакының Израильмен ынтымақтастығының дами түсуіне нариза болып, алаңдаушылық білдіреді. Бұл процестерге қарсы тұру үшін ол әскери жаттығуларды, кибероперацияларды, барлау жұмыстарын, экономикалық қысымды және аймақ ішіндегі саяси байланыстарды қолдана алады», – дейді сарапшы.
Цукерманның пікірінше, Уашингтон үшін мейлінше қатерлі қауіп Оңтүстік Кавказдың жаңа стратегиялық инфрақұрылымының оның геосаяси бәсекелестері ережелеріне сәйкес құрылуы болуы мүмкін.
«Бүгінде көлік дәлізі – тек теміржол немесе порт қана емес. Бұл – цифрлық платформалар, кедендік жүйелер, қаржылық тетіктер, телекоммуникациялар, деректерді қорғау және бірыңғай техникалық стандарттары. Мұндай жүйені қалыптастыруға қатысатын мемлекет сауда ағындарына, коммерциялық ақпаратқа және саяси шешімдерге ұзақ мерзімдік қол жеткізуге ие бола алады. Егер АҚШ ерте кезеңдерінде қатыспаса, оның күрт дамып келе жатқан Еуразиялық инфрақұрылымнан тысқары қалу қаупі бар», – дейді сарапшы.
«Сол себепті де, – деп Цукерман жалғастырады, – Америка стратегиясында Орта дәліз және TRIPP жобасы ерекше орын алады».
«Бұл маршруттар Уашингтон үшін жүк тасымалынан әлдеқайда жоғары мәнге ие. Олар Оңтүстік Кавказды Еуропа мен Орталық Азия арасындағы экономикалық қатынастардың жаңа жүйесімен байланыстырады, батыс компанияларына аймақтың стратегиялық ресурстарына қол жеткізуге мүмкіндік береді және жаһандық жеткізілім тізбегінің тұрақтылығын арттырады», – дейді сарапшы.
«TRIPP Әзербайжан мен Армения арасындағы қатынастарды қалыпқа келтіруге тікелей қатысады. Егер маршрут жұмысының ашық ережелері келісілсе, жоба транзиттік кірістер әкелуі, жұмыс орындарын ашу, инвестициялар тарту және бейбітшілікті сақтау экономикалық қызығушылықты қалыптастыруы мүмкін. Экономикалық өзара тәуелділік саяси қайшылықтарды автоматты түрде жоймайды ,алайда жаңа шиеленістің бағасын айтарлықтай арттырады», – деп сендірді саясаттанушы.
Сарапшының пікірінше, Әзербайжан мен Армения арасындағы толыққанды бейбіт келісімге қол қою Оңтүстік Кавказдың саяси және экономикалық конфигурациясын айтарлықтай өзгерте алады.
«Армения көрші нарықтарға қосымша қол жеткізе алады, ресейлік коммуникацияларға шамадан тыс тәуелділікті азайтады және аймақтық инфрақұрылымдық жобаларға қосылады. Әзербайжан өз кезегінде Нахчыван мен Түркия арасында болжамды байланыс орнатып, негізгі транзиттік мемлекет ретіндегі позициясын одан әрі нығайтады», – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, көлік коммуникацияларының ашылуы ондаған жылдар бойы жанжалдың кепілінде қалған сауда, туризм, өнеркәсіптік кооперация салаларын және шекара маңындағы аумақтарды дамытуға жағдай жасайды. Сонымен бірге, сарапшы бейбіт келісімге қол қою фактісі оның ұзақ мерзімділігіне әлі кепілдік бермейтінін атап өтті.
«Шекараны белгілеу, көлік бағыттарының құқықтық режимі, мәдени мұраны қорғау және ішкі саяси қарсылықты еңсеру мәселелерін шешу қажет. Егер келісім іске асырудың жұмыс механизмдерімен қамтамасыз етілмесе, кез келген кідірістер немесе дағдарыстар шиеленістің өсуіне әкелуі мүмкін». – деп ескертеді Цукерман.
Оның пікірінше, Құрама Штаттардың рөлі құжатқа қол қою кезінде медиациямен шектелмеуі тиіс. «Уашингтон үшін әлем мерзімді дағдарыстық медиациядан ұзақ мерзімді инвестициялық саясатқа, инфрақұрылымды дамытуға және аймақтық интеграцияға көшу мүмкіндігін ашады. Америка қолдауы ең алдымен келісімді іске асыру тетіктерін құруға және бірлескен экономикалық жобаларды дамытуға бағытталуы керек», – дейді сарапшы.
«Көлік маршруттары кибершабуылдар, диверсиялар, ұйымдасқан қылмыс және шетелдік барлау қызметтерінің қызметі үшін әлеуетті мақсат болып қала береді. Сондықтан ынтымақтастық кадрларды бірлесіп даярлау, барлау ақпаратымен алмасу, порттарды, құбырларды, теміржол инфрақұрылымын қорғау және пилотсыз жүйелерге қарсы іс-қимыл арқылы дами алады», – деп атап өтеді талдаушы.
Сонымен қатар, Цукерман екі ел арасында толыққанды әскери одақ құру ықтималдылығын екіталай нәрсе деп еесептейді.
Сонымен бірге, сарапшы ынтымақтастықтың дамуына Құрама Штаттардағы ішкі саяси пікірталастар кедергі келтіруі мүмкін екенін еске салады.
«Конгрессте армян мәселесі мен Әзербайжанға көмек көрсету шарттарына қатысты пікірталастар мен даулар жалғасады. Бұл келіспеушіліктер екіжақты қатынастарды мезгіл-мезгіл қиындата алады, сондықтан тұрақты серіктестік саяси келіспеушіліктер болған кезде де жұмыс диалогын сақтауды талап етеді», – деп тұжырымдайды Цукерман.
АҚШ – Әзербайжан ынтымақтастығын нығайтудың ықтимал халықаралық салдарын бағалай отырып, сарапшы бұл ең алдымен Уашингтон мен Анкара арасындағы үйлесімділікті күшейтетінін атап өтті.
«Түркия Әзербайжанды өзінің ең жақын стратегиялық серіктесі ретінде қарастырады және Оңтүстік Кавказ арқылы көлік байланыстарын дамытуды белсенді қолдайды. Американың Орта дәлізі мен TRIPP жобасын қолдауы негізінен Орталық Азиядағы экономикалық және инфрақұрылымдық қатысуды кеңейту бойынша түрік мүдделерімен сәйкес келеді. Еуропа одағы сондай-ақ ЕО ішінде Бакымен әртүрлі қарым-қатынастар сақталып қалғанына қарамастан, Әзербайжан арқылы энергетика және көлік жобаларын дамытуға мүдделі болып отыр», – деп қорытындылайды Цукерман.
Алла ЗЕЙДУЛЛАЕВА,
саясаттанушы
БАКЫ
USD




