Беларусь шетелдіктерді келтірмеу үшін шекараны жапты
МИНСК. 1 қараша. Беларусь билігі бүгін шетелдік азаматтар мен азаматтықтары белгісіз кісілердің елге келуіне тыйым салды. Бұл туралы «Вестник Кавказа» хабарлады.
Елдің мемлекеттік шекара қызметі кеше осындай мәлімдеме таратты.
Хабарламада жаңа шектеудің Беларусь арқылы Ресейге өтіп бара жатқан, сондай-ақ Минск аэропорты арқылы Беларуське келіп жатқан РФ азаматтарына жүрмейтіні атап көрсетілген.
Ал елдің ішінде наразылық толқыны бір күн де басылмай тұр. Минск тұрғындары бүгін де шеруге шықты. «БелаПАН» агенттігінің хабарлауынша, шерушілер Куропатқа дейін барған. Соңынан милиция оларды қуып, таратуға көшті. Қазірге дейін наразылық акциясына қатысушылар арасынан 100-ге жуық адамның ұсталғаны белгілі болып отыр. Олардың арасында журналистер де бар.
Соңғы күндері шерушілердің негізгі толқынын студенттер мен оқытушылар құрап жүр. Оларды қолдаушылар күн санап көбейіп келеді. Жұмыстан өз еріктерімен шығып жатқан оқытушылар саны да арта түсуде.
Еске сала кетейік, 29 қазан күні Александр Лукашенко ішкі істер министрі Юрий Караев пен оның орынбасары Андрей Барсуковты қызметтерінен босатып, біріншісін өзінің Гродно облысы, екіншісі Минск қаласы бойынша инспекторы етіп жіберді. Ал қыркүйек айында өзі орнынан алған қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Валерий Вакульчикті Брест облысына сондай қызметке жіберді. Ішкі істер министрі болып бұған дейін бір жылдай Минск милициясын басқарған Иван Кубраков тағайындалды.
Бұл ауыс-түйістердің не үшін керек болғанын Лукашенконың өзі ғана біледі.
Суретте: бүгінгі шеруден көрініс.