Қызылорда жаңа жылу-электр орталығы электр қуатын бере бастады

ҚЫЗЫЛОРДА. 16 сәуір. Қызылорда қаласындағы жаңа жылу-электр орталығы электр энергиясын өндіруге кірісті. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Қызылордадағы қолданыстағы ескі жылу-электр орталығы 1964 жылы пайдалануға берілген. Онда небәрі екі қазандық пен бір турбогенераторы болған. Орталық 67 мегаватт электр энергиясын өндіріп,облыстың тұтыну көлемінің тек 30 пайызын ғана қамтып келді.
Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығын болдырмау мақсатында Қызылорда қаласында 240 мегаватт электр энергиясы мен 277 гигакалория жылу энергиясын өндіретін жаңа жылу-электр орталығы құрылысы салынып бітіп, енді іске қосылды.
Түріктің «Aksa Energy» компаниясы қолға алған жобаға 215 млрд теңге инвестиция салынған. Жаңа нысанға жоба бойынша қуатылығы 176 МВт 2 газ турбиналық қондырғы (General Electric, АҚШ), 95 МВт бу турбинасы (Doosan Skoda, Чехия), қуаттылығы 120 тн/сағ 2 бу қазандығы (ACBOILERS, Италия), 150 Гкал/сағ 4 жылу қазандығы (Mimsan, Түркия) орнатылды.
Бүгінде жылу орталығында 176 мегаватт электр энергиясы өндірілуде және 150 МВттық 4 су жылыту қазандығы қосылды. Қосымша 95 МВттық бу турбинасы да дайын.
Станция құрылысы 2024 жылы басталып, екі жыл ішінде аяқталды.
Инвестициялық шартқа сәйкес 2026 жылдың тамыз айында іске қосу жоспарланған болатын. Облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен құрылыс мерзімінен бұрын бітті. Орындалған жұмыстардың сапасы да тиісті деңгейде әрі бекітілген кестеден ерте. Орталық облысты электр энергиясымен толық қамтамасыз етіп, өндірісті дамытуға серпін беруде. Жаңа станцияның қуаты 240 мегаватт,облыстың электр энергиясын тұтыну көрсеткіші 220 мегаватт, яғни ауысқанын өзге өңірлерге сатуға мүмкіндік бар.
Станция жұмысына заманауи технологиялар енгізілген. Ескі жылу-электр орталығынан артықшылықтары қатарында мыналар аталады:
– газ тұтыну көрсеткіші 50 пайызға үнемді;
– станция 20 минут ішінде 50 мегаваттан 240 мегаватқа дейін жүктеме өзгерістеріне тез бейімделіп, қуатты жылдам арттырып немесе азайта алады. Бұл жалпы оңтүстік өңірлердің энергетика жүйенің тұрақтылығын сақтау үшін қажет.
– ескі жылу-электр орталығының ең жоғарғы желілік температурасы тек 950С болса, жаңа станция оны1300С дейін ұлғайта алады.
– су қыздыру қазандықтарының пайдалы әсер коэффициенті (КПД) 30 пайызға жоғары, себебі жылу жоғалтуы аз.
– жаңа станция автономды жағдайда жұмыс істей алады, яғни жоғары қуатты (магистралдық) желілерде ақау шықса немесе кернеу күрт өзгерсе, өшіп қалмайды.







