Ресейде бұрын шыққан кітаптардың жартысынан көбі пышаққа түседі

МӘСКЕУ. 15 сәуір. Ресейде соңғы жылдары қабылданған репрессиялық мазмұндағы заңдарға сәйкес, бұған дейін шығып қойған кітаптардың 50%-дан астамы «репрессияға» ұшырауы кәдік. Бұл туралы The Moscow Times ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ресейдің кітапхана қорларының 50%-дан астамы «иноагенттер» және «қалаусыз» ұйымдар туралы заңдар сөзбе-сөз орындалған жағдайда сөреден алынып қалу науқанының құрбанына айналады. Ресей Федерациясының әдебиетті, кітап шығаруды және оқуды қолдау жөніндегі ұйымдастыру комитетінің отырысында «Эксмо-АСТ» баспа тобының президенті Олег Новиков осылай деді.
«Ведомости» газетінің жазуынша, Новиков сондай-ақ «шетел агенттері» деп танылған жеке немесе заңды тұлғалардың қолынан шыққан кітаптар ғана емес, сонымен қатар олардың түсіндірмелері мен аннотациялары бар фолианттар да тәркіленуі мүмкін. Бұған қоса, билік «қалаусыз» деп анықтаған ұйымдардың көмегімен шығарылған кітаптарға да зобалаң туғалы тұр.
«Олардың арасында 1990-2000 жылдары шыққан көптеген классикалық туындылары, өлкетану және ғылыми әдебиеттері бар», – деп атап өтті Новиков.
Заңға сәйкес, диссертациялар мен ғылыми еңбектер, соның ішінде осы ұйымдар басылымдарынан дәйексөз қолданатын орыс авторлары да алынуы керек. Мұндай жағдай, «Эксмо-АСТ» басшысының айтуынша, «білім беру және ағарту қызметін дамытуда елеулі проблемалар туғызады».
Новиков заңның кері күшінің жоқтығы қағидатын негізге ала отырып, оларға тиісті мәртебе берілгенге дейін шығарылған «иноагенттер» мен «қалаусыз» ұйымдар кітаптарын мұндай қауіп шеңгелінен шығарып тастауды ұсынды. Сондай-ақ, «Эксмо-АСТ» басшысы Қаржы министрлігіне Ресей кітап одағы жанындағы сараптама орталығына кітаптарды құқықтық талдау үшін оған «бірыңғай терезе» мәртебесін тағайындайтын мемлекеттік аккредитация беруді ұсынды. Орталық 2024 жылы құрылған. Оның құрамына Роскомнадзор, Ресей тарих қоғамы, Ресей әскери-тарих қоғамы, Орыс православие шіркеуі, Ресей мұсылмандары діни басқармасы және тағы басқа ұйымдар өкілдері кіреді. Қазіргі уақытта сараптамалық орталықтың қорытындысы ұсынымдық сипатқа ие, оны алғаннан кейін кітап туралы түпкілікті шешімді баспагер қабылдайды.






