НИНБО. 19 қазан. Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Қытайдың Нинбо қаласында мәреге жеткен турнирде бас бәйгені жеңіп алды. Бұл туралы Prosports.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Нинбодағы WTA-500 дәрежелі турнирде чемпиондыққа қол жеткізді. Ол финалда өзінің бұрынғы отандасы, ресейлік Екатерина Александровамен кездесіп, 2:1 есебімен жеңіске жетті.
Бас-аяғы 1 сағат 59 минутқа созылған шайқастың бірінші сетінде біздің спортшы 3:6 есебімен ұтылып қалды. Бұдан кейін 6:0 және 6:2 есептерімен қарсыласынан басым түсіп, камбэк жасады. Осы аралықта Лена 11 эйсті тіркеп, үш қабаттас қателік жіберіп, мүмкін болған 10 брейк-пойнттың 5-ін жүзеге асырды. Сөйтіп, әлемнің тоғызыншы ракеткасы оныншы сатыдағы атлеттен айласын асырып, мерейіін үстем ете білді.
Бұл атақ 26 жастағы Рыбакина үшін өзінің кәсіби мансабындағы 10-шы, ал биылғы маусымдағы екінші жеңісі болды.
Осы жеңістен кейін қорына 500 ұпай қосқан Елена WTA рейтингісінде екі саты жоғары өрлеп, жетінші орынға барып жайғасты. Жалпы, ол кезінде бұдан да биік тұғырда тұрған болатын.
Нинбодағы турнир 13-19 қазан аралығында ойналды. Оның жүлде қоры 1,06 млн долларды құрады. Қазақстандық саңлақ енді бас жүлдесі үшін бұдан 164 мың доллар алады.
USD




