АСТАНА. 28 қыркүйек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін қазақстандық атақты теннисші Елена Рыбакинаны қабылдады. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметінің ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Мемлекет басшысы кездесуде Елена Рыбакинаны АҚШ ашық чемпионатындағы жарқын жеңісімен және теннистен «әлемнің бірінші ракеткасы» мәртебесіне ие болуымен құттықтады.
Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи мәні зор осынау табыс отандық спорттың дамуына өлшеусіз үлес қосқанын атап өтті.
«Сіздің жеңістеріңізден кейін балалардың тенниске қызығушылығы артып, секцияларға көптеп жазылады. Олар да чемпион болғысы келеді. Жас өрендерге өнеге көрсетіп отырсыз. Бұл – өте оң үрдіс. Өскелең ұрпақты спортқа баулу керек, өйткені бұл олардың келешегі үшін өте маңызды. Үш бірдей Үлкен дулыға турниріндегі жеңісіңіз теннис жылнамасына өшпестей болып жазылды. Мұнымен тоқтамай, алда әлі талай асуды бағындырасыз деп сенемін», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Президент өз сөзінде Елена Рыбакинаның адами қасиеттеріне ерекше тоқталып өтті.
«Сіз кортта да, жұртшылық ортасында да байыптылығыңызды байқатасыз. Ішкі мәдениетіңіз жоғары екенін үнемі айтып жүремін. Қазақстанды спортқа, әсіресе, тенниске қолдау көрсететін өркениетті әрі дамыған мемлекет ретінде таныту тұрғысынан мұның маңызы өте зор», – деді ол.
Өз кезегінде Елена Сергеевна өзін ұдайы қолдағаны, сондай-ақ Қазақстанда үлкен теннистің дамуына айрықша қамқорлық көрсеткені үшін Мемлекет басшысына шынайы алғыс сезімін жеткізді.
\
Әлемнің бірінші ракеткасы Қазақстан атынан өнер көрсетуді мақтан тұтатынын мәлімдеді. Теннисші алдағы уақытта да жоғары нәтижеге қол жеткізіп, жанкүйерлерін жаңа жеңістермен қуанта беруге ниетті екенін білдірді.
Кездесу соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев спорттағы ерен жетістіктері және Қазақстанда теннистің дамуы мен насихатталуына қосқан үлкен үлесі үшін Елена Рыбакинаның омырауына III дәрежелі «Барыс» орденін тақты.

USD




