НЬЮ-ЙОРК. 15 қыркүйек. Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина АҚШ-тың ашық чемпионатындағы тарихи жеңісінен кейін елге оралып, өзінің шынайы жанкүйерлерімен бірге жеңісін тойлауды асыға күтіп жүргенін мәлімдеді. Бұл туралы Inform.kz ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Біздің 27 жастағы отандасымыз биыл алғаш рет US Open турнирінің чемпионы атанып, жарыс қорытындысында WTA әлемдік рейтингісінің бірінші сатысына көтерілді. Осылайша Рыбакина «Уимблдон-2022» және Australian Open-2026 жеңістеріне тағы бір «Үлкен дулыға» турнирінің жеңімпазы атағын қосты.
CBS Mornings бағдарламасына қонақ болған Елена Рыбакинадан жүргізуші Владимир Дутьес US Open титулы мен әлемнің бірінші ракеткасы атануы Қазақстан үшін нені білдіретінін сұрады.
«Бұл – тарих! Мен мұны мақтан тұтамын. Бұл – Қазақстан үшін үлкен оқиға. Қазірдің өзінде көптеген қолдау мен жылы лебіз алдым. Соңғы бірнеше жылда қаншама баланың тенниске келгенін білемін. Олардың барлығы теннис ойнағысы келеді, бұл – керемет! Мен өте қуаныштымын және Қазақстанға оралуымды асыға күтіп жүрмін», – деді теннисші қыз.
Ол WTA баспасөз қызметіне берген сұхбатында да кәсіби мансабында Қазақстанның орны ерекше екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан теннис федерациясының қолдауы кәсіби турда өзін сынап көруіне мүмкіндік берген.
«Қазақстан маған өте көп нәрсе берді. Кәсіби турда бағымды сынап көру мүмкіндігі мен үшін де, отбасым үшін де өте маңызды шешім болды. Ол кезде мектепті аяқтап жатқан едім және АҚШ университеттеріне түсу туралы көптеген ұсыныс болды. Қазақстан теннис федерациясы мені турнирлердің бірінде байқап, нәтижелеріме назар аударды», – деді Рыбакина.
Спортшы Қазақстанда өзіне сенген адамдардың көмегін ұмытпайтынын жеткізді.
«Олар маған сенім білдірді. Қазақстандағы басқа да көптеген адам маған сеніп, осы жолда қолдау көрсетті. Мен оларға өте ризамын. Бұл – бүкіл ел үшін тарихи оқиға», – деді әлемнің бірінші ракеткасы.
Рыбакина енді тарихи жетістігін қазақстандықтармен бірге атап өткісі келетінін айтты.
«Қазақстанға барып, мені қолдаған, жақсы көретін және ең бастысы, маған әу бастан сенген адамдармен бірге осы жеңісті атап өтетін сәтті асыға күтіп жүрмін», – деді теннисші.
Елена Рыбакина кәсіби мансабын 2016 жылы бастаған. Он жыл ішінде ол 14 WTA титулын жеңіп алды. Оның ең ірі жетістіктерінің қатарында «Уимблдон-2022», WTA қорытынды турнирі-2025, Australian Open-2026 және US Open-2026 чемпиондықтары бар.
Енді қазақстандық теннисшіге карьералық «Үлкен дулығаны» толық жинау үшін Франция ашық чемпионатында – «Ролан Гарроста» жеңіске жету ғана қалды.
USD




