Теннис: Арина Соболенко «US Open» турнирінің финалында жеңіске жетті
НЬЮ-ЙОРК. 8 қыркүйек. Белорус теннисшісі бүгін таң алдында АҚШ-тың ашық чемпионатында америкалық Джессика Пегуланы 2:0 етіп ұтып, турнир жеңімпазы атанды. Бұл туралы «Чемпионат.com» дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Осымен Арина Соболенко үшінші рет «Үлкен дулыға» шоғырына кіретін ірі турнирде жеңіске жетіп отыр. Соның ішінде биылғы жылы соның екеуіне бірдей қол жеткізді. Олай дейтініміз, ол 2024 жылдың қаңтар айында Аустралияның «Australian Open» ашық чемпионатында да бас жүлдегер атанған болатын.
АҚШ-тың «US Open» турнирінің финалында 26 жастағы Арина Соболенко 30 жастағы жергілікті теннисші Джессика Пегуламен күш сынасты. Осылайша WTA рейтингісі бойынша әлемнің екінші ракеткасы осы турнирге дейін алтыншы болып тұрған бәсекелесін 7:5, 7:5 етіп тізе бүктірді. Сөйтіп, «US Open»-ді бірінші рет жеңіп алды.
Белорус спортшысы бүгінгі қарсыласын осыдан екі апта ғана бұрын Американың Цинцинатти штатында өткен «WTA-1000» турнирінің финалында да 2:0 (6:3, 7:5) есебімен ұтқан еді. Сондықтан америкалық теннисші осы жолы сол жеңілісінің қарымтасын қайтаруға барын салып бақты. Бірақ қарымды қарсыласына қарсы қауқарлы ештеңе істей алмады. Осының нәтижесінде жеңімпаз өзінің қатарынан 12-ші жеңісіне жетті.
Матч аяқталғаннан кейін Арина жылап жіберді. Мұны ол осы биікке көтерілгеніне қуанғанның белгісі деп түсіндірді.
Сайыстан кейінгі баспасөз мәслихатында белорус қызы «US Open» турнирінде жеңіске жету өмірінің бір мақсаты болғанын айтты.
«Әкемнен айырылып қалғаннан кейін менің мақсатым өз тегімізді теннистің тарихына жазып қалдыру болды. Мен трофейден өзімнің аты-жөнімді көргеннен кейін өз арманымнан бас тартпағаным үшін алдымен өз отбасыма деген мақтаныш сезімі көтеріліп кетті», – деді ол.
АҚШ-тың әйелдер арасындағы ашық чемпионаты 26 тамыз – 7 қыркүйек аралығында өтті. Оның жалпы қоры $ 75 млн-ды құрады. Жеңімпаз соның 3,6 миллион долларын алады, ал финалиске 1,8 млн доллар ақша беріледі. Турнирдің іс басындағы чемпионы, америкалық Кори Гауфф өткен жылғы финалда Соболенконы ұтып кеткен еді.
Арина Сергеевна Соболенко (белорусша – Арына Сяргееўна Сабале́нка) 1998 жылы 5 мамырда Минск қаласында туған. Бұдан бұрын әлемнің бірінші ракеткасы атанып тұрған.