Тергеуде сөйлей бастаған Самат Әбіш талай тұлғаға тықыр таятуы кәдік
АСТАНА. 30 қаңтар. Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбіштің тергеуде сөйлей бастауы талай тұлғаға тұзаққа түсуіне апарып соқтыруы мүмкін. Бұл туралы Dalanews.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
DALA INSIDE телеграм-арнасына сілтеме жасаған портал ұлттық қауіпсіздік комитетінде жүргізілген тергеудің сәтті өткенін жеткізді.
Тергеуде Нұрсұлтан Назарбаевтың туған інісінің екінші ұлы, яғни баласы өзінің тікелей бастығы Кәрім Мәсімовтың барлық қитұрқы тірліктерімен бірге, Қаңтар оқиғасына кімнің қалай араласқанын, шенеуніктер мен олигархтардың сол күндері шетелге ақшаны қалай зытырғанын айтып беріп, осы әрекеттердің толық сызбасын жайып салған.
«Енді біраз экс шенеуіктер пен олигархтардың үстінен қылмыстық іс қозғауға негіз бар. Самат Әбіш тергеуге құнды ақпарат берді», – дейді DALA INSIDE мәнбесі.
Осы маңызды ақпараттың ішінде Болат Назарбаевтың баласы Нұрбол Назарбаев пен Саматтың туған ағасы Қайрат Сатыбалдыға қатысты біраз компромат бар көрінеді. Енді Қайрат Сатыбалдының қазір абақтыда отырғанын ескерсек, енді «Жаңа Қазақстанның» Нұрбол Назарбаевпен асықпай алаңсыз айналысатынын аңғаруға болады. Материалдар мазмұнына қарағанда, Нұрбол Назарбаевқа, кем дегенде, рейдерлік шабуыл жасау, өзгенің мүлкін тартып алу, сондай-ақ салықтан жалтару баптары бойынша ауыр айыптар тағу аса қиын бола қоймайтын түрі бар.
«Келесі аптада осы мәселе бойынша жабық консультациялар басталады. Болат Назарбаев империясын күйрету марқұмның қырқынан кейін жоспарланған болатын. Белгіленген мерзім өткендіктен, заңсыз активтерді қайтару бойынша комиссия Бөкеңнің барлық балаларындағы және таныс-жұрағатындағы активтерді тексеруге көшті. Болат Назарбаевтың артында 9 заңды баласы, одан бөлек, онға жуық заңсыз бала қалды. Оның ішінде бәйбішенің ұлдары – Нұрбол мен Ербол Назарбаевтардың қолдары ұзын және барынша көп дүниеге таласы бар. Сондықтан мемлекет оларға көбірек көңіл бөлетін болады», – деп жазады портал.
Тағы бір ақпар: Нұрбол Назарбаевтың өткен аптада ғана өте көп адам қатысқан көкпар бергені, онда есепсіз көп ақша таратылғаны әлеуметтік желіде жазылып жатыр.