Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Украина құрамасы Армения командасын 3:0 етіп ірі есеппен ұтты

ЛОДЗЬ. 11 маусым. Бүгін кешке Польша елінде Украина құрамасы Ұлттар лигасының 3-турында Арменияны қабылдап, 3:0 есебімен басым түсті. Бұл туралы rast.kz хабарлады.

Бұған дейін украиндар сырт алаңда Ирландияны 1:0 етіп жеңіп қайтқан еді. Осылайша 2 ойыннан 6 ұпай жинаған олар В лигасының 1-тобында көш бастады.

11 маусым, сенбі. Ұлттар лигасы. В лигасы, 1-топ. 3-тур

Лодзь (Польша). ЛДС стадионы. 5 700 жанкүйер.

Төреші: Даниэль Стефански (Польша).

Украина: Андрей Пятов, Николай Матвиенко, Александр Караваев, Илья Забарный, Александр Зинченко (Александр Зубков, 78), Сергей Сидорчук (Данил Игнатенко, 85), Михаил Мудрик (Виталий Миколенко, 78), Николай Шпаренко (Александр Пихаленок, 70), Руслан Малиновский, Виктор Цыганков, Роман Яремчук (Артём Довбик, 70).

Армения: Давид Юрченко, Стёпа Мкртчян, Грайр Мкоян, Тарон Восканян, Хорди Арарат, Камо Оганесян, Хорен Байрамян (Ваган Бичахчян, 55), Соломон Удо, Артак Дашян (Эдгар Малакян, 81), Эдгар Бабаян (Саркис Адамян, 55), Тигран Барсегян (Ованес Арутюнян, 66)..

Голдар: Руслан Малиновский (61), Александр Караваев (77), Виталий Миколенко (84).

Ескертулер: Илья Забарный (45+2), Александр Зинченко (66), Николай Матвиенко (87) – Эдгар Бабаян (45+2), Хорен Байрамян (52), Саркис Адамян (89), Тарон Восканян (89).

Бұдан кейін де ойынның тізгіні негізінен украиндар қолдарынан шығармады. Армяндар ара-тұра қарсы шабуылға шығып тұрды. Олар көбіне қақпаны алыстан көздеумен болды.

Қонақтар қақпашысы бірнеше рет қауіпті доптардың бетін қайтарып үлгерді. Осымен бірінші тайм аяқталды.

Үзілістен кейін де ойынның осындай реңкі сақталып қалды. Дегенмен, украиндар бірте-бірте қатерді күшейте түсті. Сондай бір сәтте қапталдағы Караваевтан пас алған Малиновский қақпаның оң жақ бұрышын дәл көздеді. Гол!

Осыдан кейін ойын біршама тынышталды. Ал 68-минутта алаң иелері ойламаға жерден өз қақпаларына доп кіргізіп ала жаздады. Забарныйдың аяғынан қисайып ұшқан допты Пятов қақпа сызығында әзер қайтарды.

Украиндар екінші голды 77-минутта салды. Бұл да өте әдемі салынды. Айып алаңы ішінде Мудриктен доп алған Караваев қақпаның алыс бұрышын солқ еткізді. Ал соңғы голды Миколенко 84-минутта соқты. Ол қарсыластың қақпашысы мен қорғаушысы өзіне қатар ұмтылған сәтте допты олардан асырып, торға қарай теуіп үлгерді.

Бұл Украина голкипері Андрей Пятовтың құрама командадағы ең соңғы кездесуі болды. Матч алдында сондай хабар таратылды. Ол осы ақырғы кездесуін өте жақсы өткізді.

Елінде қырғын соғыс болып жатқанда, Украина футболшыларының халықаралық аренада бұлайша жеңіс тойын тойлауы қуанышты оқиғалардың бірі болды.

Бүгін топтағы екінші жұпта Шотландия мен Ирландия кездеседі.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button