МӘСКЕУ. 7 шілде. Ресей мемлекеттік думасының депутаты Алексей Журавлев Украинадағы «ұлтшылдықты» құрту үшін ел тұрғындарының жартысын қырып тастауға шақырды. Бұл туралы The Moscow Times ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Депутат заңгер және блогер Иван Мироновпен сұхбатында «нацизмді» түбірінен жою үшін Украина халқының жартысына дейін жоюға болатынын айтты.
Әңгіме барысында Миронов: «Қазір Украинада қанша нацист бар?» деген сауал қойды. Журавлев бұған бұрын екі пайыз ғана болған, ал қазір, бәлки, 20–30%-ға барған шығар деп жауап қайтарды. Солардың бәрін құрту керек пе, деген сұраққа депутат кідірместен: «Солай болғаны дұрыс» деген уәж айтты.
«Барлық ұлтшылдар жойылуы тиіс. Бәрі де. Түсінесіздер ме, егер елу пайыз болса, тіпті сол елудің бәрі жойылуы тиіс… Ол жақта мұндай індет қалмауы үшін, бізге ешкім қатер төндіре алмауы үшін», – деп мәлімдеді Журавлёв.
Бұған қоса, Журавлев сол екі арада украиндардың бір бөлігі «киімдерін ауыстырып киетін шығар» (көзқарастарын өзгертулері мағынасында) деген ойға да ерік бере келіп: «Егер олар киімдерін өзгертіп кимесе, түгел жойылуы тиіс, әрине», – деді сосын.
Мироновтың фашисті неофашистен қалай ажыратуға болады деген сұрағына парламентарий басты өлшемнің онда қару бар не жоқ екенінде екенін тілге иек етіп, соған қарай қимылдау қажет деп түсіндірді.
«Егер оның автоматы болса, бірден жойып жіберілуі тиіс. Оны басқа қалай ажыратасың? Көрдің бе – өлтір!», – деп нақтылай түсті ол.
Сөйтіп, Ресей мемлекеттік думасының депутаты нацизмді айыптаймын деп отырып, өзінің фашизмді қалай насихаттап кеткенін аңғармай қалды. Оны мына мәлімдемелері өзі айтып отырған нацизмнің де, фашизмнің де қазіргі ошағы рашистік Ресей екенін көрсетіп берді.
Журавлевтің бұған қоса орыстың барлық боқтық-боғауыз сөздері қосып айтылған сөздері легі әлеуметтік желі пайдаланушылар арасында өте қатқыл қабылданды.
USD




