Қазақстан Орталық сайлау комиссиясының басшысы алмасты
АСТАНА. 25 қаңтар. Мемлекет басшысының Жарлығымен Берік Мәжитұлы Имашев Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы лауазымынан кетіп, орнына Нұрлан Әбдіров тағайындалды. Бұл туралы Ақорда дерегіне сүйенген rast.kz хабарлады.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұрлан Мәжитұлы Әбдіров Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы лауазымына тағайындалды», – деп жазды әлеуметтік желіде Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли.
Сөйтіп, 2016 жылдан бері Орталық сайлау комиссиясын басқарып келе жатқан Берік Имашев қызметінен кетті.
Бұған дейін Парламент Сенатының депутаты болған Нұрлан Әбдіров өкілеттігін тоқтатты.
Нұрлан Мәжитұлы Әбдіров 1961 жылы 12 қаңтарда Қарағанды облысы Шет ауданы «Ақсу-Аюлы» ауылында туған. Заң ғылымының докторы. 1982 жылы Қарағанды жоғары милиция мектебін бітірген. 1982 жылдың қыркүйегінен 1997 жылдың маусымына дейін ІІМ Қарағанды жоғары мектебінде оқытушылық қызмет атқарды.
1997 жылғы маусымнан 2000 жылғы мамырға дейін – Есірткіні бақылау жөніндегі мемлекеттік комиссияның хатшысы.
2000 жылғы мамырдан 2002 жылғы қыркүйекке дейін – Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары, Әділет министрлігінің нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес комитеті төрағасының орынбасары.
2002 жылғы қыркүйектен 2005 жылғы маусымға дейін – Қауіпсіздік кеңесі хатшылығының мемлекеттік инспекторы, Қауіпсіздік кеңесі хатшылығы қоғамдық және экологиялық қауіпсіздік бөлімінің меңгерушісі, Қауіпсіздік Кеңесі хатшылығы меңгерушісінің орынбасары.
2005 жылғы маусымнан 2009 жылғы қыркүйекке дейін – Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары – Қауіпсіздік кеңесі хатшылығының меңгерушісі.
2009 жылғы қыркүйектен 2020 жылғы тамызға дейін – Парламент Мәжілісінің IV, V, VI сайланымдарының депутаты, заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы.
2020 жылғы тамызда Президент Жарлығымен Парламент Сенатының депутаты болып тағайындалды.
2020 жылғы қыркүйекте Парламент Сенаты төрағасының орынбасары болып сайланды.