ТЕЛЬ-АВИВ. 24 маусым. Бүгін Израиль мен Иранның бір-бірімен арадағы ұрыс қимылдарын тоқтату жөнінде шешімге келгендері белгілі болды. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Израиль Иранға қарсы әскери операцияның барлық мақсаттарына жетті және АҚШ президенті Дональд Трамптың ұсынысы бойынша екі жақты атысты тоқтатуға келісті», делінген ел үкіметінің мәлімдемесінде. Онда Израильдің ядролық және баллистикалық зымырандар саласындағы «экзистенциалды қосарлы қауіпті» жойғаны атап өтіледі. «Арыстанның ерлігімен» операциясы бізді әлемдік державалар қатарына қосқан Израиль мемлекетінің көрнекті тарихи жетістігі болды. Бұл Израиль халқы мен оның сарбаздары үшін үлкен жеңіс», – делінген хабарламада.
Өз кезегінде Иран сыртқы істер министрі Аббас Арахчи «Израильді агрессиясы үшін жазалау» әскери операциясының аяқталғанын хабарлады. «Барлық ирандықтармен бірге қастерлі елімізді қасық қаны қалғанша қорғауға дайын және жаудың кез келген шабуылына соңғы минутқа дейін жауап берген ержүрек Қарулы күштерімізге алғыс айтамын», – деп жазды Арахчи әлеуметтік желіде.
Сонымен бір мезгілде Иранның Press TV арнасы Израильмен әскери қақтығыста атысты тоқтату туралы келісімнің басталғанын атап өтті. Телеарна хабарламасында оның Израиль территориясына Иранның төрт толқыны шабуылынан кейін күшіне енгені баяндалады.
АҚШ президенті Дональд Трамп сол күннен бастап Израиль мен Иран арасында бітімге қол қойылғанын растады. «Өтінемін келісімді бұзбаңыздар!» деп жазды Ақ үй басшысы Truth Social әлеуметтік желісінде. Бұған дейін ол Израиль мен Иранның «бір уақытта дерлік» өзіне шығып, бітім сұрағаны туралы бірнеше хабарлама жариялаған еді. Ол сондай-ақ бітімге бірінші болып Иранның бағынатынын, Израильдің 12 сағаттан кейін атысты тоқтату келісіміне қосылатынын айтты.
Axios мәліметінше, Трамп америкалық бомбалаушы ұшақтар Иранның ядролық нысандарына соққы бергеннен кейін көп ұзамай қақтығысты шешу мәселесін байыпты қолға алған. Ол өзінің арнайы өкілі Стив Уиткоффқа ирандықтарға соғысты тоқтату туралы келіссөздер жүргізгісі келетінін жеткізуді тапсырған.
USD




